Accessibility links

Ұшақ апаты айғақтарының ұшы Мәскеуге тіреледі


Малайзия жолаушылар ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Украина, Донецк облысы, 8 шілде 2014 жыл.

Малайзия жолаушылар ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Украина, Донецк облысы, 8 шілде 2014 жыл.

Украинада құлаған Malaysian Airlines компаниясының жолаушылар ұшағын ресейшіл сепаратистер атып түсіргенін дәлелдейтін айғақтар көбейді. Ал Мәскеу халықаралық тергеу жүргізуге кедергі келтіріп отыр.

Украинаның үкімет әскері мен сепаратистер соғысып жатқан шығыс аймағында 17 шілде күні бортында 298 адамы бар ұшақ құлады. Ұшақтағы адамдар түгел қаза тапты. Лайнерді «Бук» зымыран кешенінен атып құлатты деген болжамға сенетіндер көбейіп келеді.

«БУК»

Совет дәуірінде жасалған бұл қару Ресей әскерінің де, Украина армиясының да қару-жарақ арсеналында тұр. Мәскеу осыны пайдаланып, апатқа қатысы жоқ екенін дәлелдеуге барын салып жатыр.

Ұшақ құлардан біраз уақыт бұрын сепаратистер 22 километр биіктіктегі нысананы атып түсіре алатын «Бук» зымыран жүйесін қолға түсіргендерін масаттана мәлімдеген еді. Зымыран кешенінің фотосуреті маусымның 29-ы күні өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» Тwitter-дегі аккаунтына да шыққан.

Malaysian Airlines компаниясының ұшағы құлаған соң ресейшілдер ол жазбаларын алып тастып, «жолаушылар лайнері ұшып бара жатқан 10 мың метр биіктіктегі нысанды атып түсіретіндей техникамыз жоқ» деп шықты.

Дегенмен Ресейдің бірнеше ақпарат құралы, соның ішінде мемлекеттік «ИТАР-ТАСС» агенттігі қарудың сепаратистер қолына түскенін хабарлап үлгерген еді. Ал Associated Press агенттігінің тілшісі ұшақ құлардан сәл бұрын сол маңайдан зымыран кешенін байқағанын жазған.

Украина қауіпсіздік қызметі таратқан видеода сепаратистер ұшақ құлаған күннің ертеңінде бір зымыраны жоқ «Бук» кешенін Ресейге қарай әкетіп бара жатады.

The Interpreter басылымының хабарлауынша, видеоның түсірілген жері әлі анықталмаған.

Украина қауіпсіздік қызметі сепаратистердің ұшақ құлағаннан кейінгі телефон әңгімелері жазылды деген аудиотаспаны жариялады.

Онда Горловкадағы сепаратистердің басшысы Игорь Безлер Ресей әскери барлау офицеріне телефон шалып, әскерилердің ұшақ атып құлатқанын баяндайды. Одан кейін телефон соққан сепаратистер құлаған ұшақтың әскери емес, жолаушылар ұшағы болып шыққанын айтады. Осы шабуылға қатысы бар деген жергілікті казактардың көсемі Николай Козицын есі шығып, «Олай болса, олар шпиондар әкеле жатқан. Олар мұнда не істеп жүр? Мұнда соғыс жүріп жатыр ғой!» деп айқайлайды.

Безлер таспадағы дауыс өзінікі екенін мойындағанымен, «мүлде басқа ұшақ туралы айтқанмын» деп ақталды.

Шілденің 19-ы күні Киевтегі АҚШ елшілігі америкалық мамандардың дауыстарды зерттеп, олардың кімге тиесілі екенін нақты айтып бере алатынын мәлімдеді.

ТЕРГЕУГЕ КЕДЕРГІ ЖАСАУ

Ұшақ ресейшіл сепаратистер шоғырланған Донецк аймағында құлады. Осының кесірінен оқиғаның жай-жапсарын зерттеу қиынға түсіп отыр. Ұшақ апатынан төрт күн өтсе де қаза болған кісілердің денелері әлі сепаратистер шоғырланған Торез қаласында, мұздатқыш вагондарда тұр.

Ақпарат құралдары Украинаның төтенше жағдай қызметкерлері мен ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) сарапшыларының ұшақ құлаған жерде жұмыс істеуіне қарулы жасақтардың мүмкіндік бермей жатқанын хабарлады.

Украина қауіпсіздік қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, Ресей жағы апатқа қатысты маңызды ақпараттың таралып кетпеуі үшін жанталасып жатқан тәрізді.

Төмендегі жазбада Украинаның шығысында сепаратистер жағында соғысып жатқан "Восток" жасағының командирі Алескандр Ходаковский құлаған ұшақтың "қара жәшіктерін" ешкімге бермеу туралы бір сепаратиске тапсырма береді. Ол "Біздің жоғарыдағы достарымыз "қара жәшіктерді" қатты тапсырып отыр. Мәскеудегі адамдарды айтамын" дейді.

Дегенмен кешелі-бүгін ақпарат құралдары сепаратистер өкілдерінің «қара жәшіктерді» Малайзия өкілдерінің қолына тапсырғанын хабарлады.

РЕСЕЙДІҢ ҚАТЫСЫ

Ресей тергеудің ашық жүруіне неге кедергі келтіреді? Егер ұшақты сепаратистер «Бук» зымыранымен атып түсірген болса, онда оларға қаруды Ресей берген болып шығады. Оның үстіне мұндай күрделі қаруды пайдаланып, 10 мың метр биіктіктегі нысанды дәл көздеу тәжірибелі сарбаздың ғана қолынан келеді. Демек, бұл қаруды қолдану үшін бүлікші жасақтар арнайы жаттығудан өтуі керек немесе оларға Мәскеу тікелей көмектесуі керек.

Қазір Украина осының ақ-қарасын анықтауға күш салып жатыр. Кейбір сарапшылар тіпті «Бук» жүйесін ресейліктердің өздері басқарған болар» деген күдік айтады. Украина премьер-министрі Арсений Яценюк twitter желісінде «Шүріппені басқан - ресейшіл мас террорист емес, арнайы жаттығудан өткен адам» деп жазды.

Апат болған күннің ертеңінде Украина қауіпсіздік қызметі тағы бір аудиотаспа жариялады. Онда Ресей барлау басқармасының (ГРУ) шығыс Украинадағы сепаратистермен жұмыс істейтін қызметкері деген адамға сепаратистердің бір өкілі «Ресейдің әскери мамандармен қоса, «Бук» зымыран атқышы жеткізілгенін» хабарлайды.

ВАШИНГТОН ТЕРГЕУІ

Шілденің 20-сы күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри жергілікті телеарнадан сөйлеп, «барлаушылар дерегі бойынша, Boeing ұшағын ресейшіл сепаратистер атып түсірді» деп мәлімдеді.

Джон Керри «Біз зымыранның траекториясын, қай жерден атылғанын білеміз. Зымыран атылған уақыт пен ұшақтың радардан жоғалып кеткен сәті сәйкес келеді. Дауысты идентификациялау арқылы сепаратистердің оны атып құлатқанын айтып, қуанып жатқанын да анықтадық» дейді.

РЕСЕЙДІҢ САУАЛЫ

Маусымның 21-і күні Мәскеу ресейшіл сепаратистерге шаң жуытпайтын болжамдарын жариялай бастады. Ресей бас штабының өкілі Андрей Картополов баспасөз мәслихатын өткізіп, "Ұшақ апаты болған сәтте оның қасында, үш-бес километр қашықтықта, Украинаның СУ-25 реактивтік жойғыш ұшағы жүрген" деп мәлімдеді.

Картополов жойғыш ұшақтың не істеп жүргенін сұрайды. Одан бөлек, ол апат аймағында Украинаның да "Бук" кешендері тұрғанын айтқан.

(Глэн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG