Accessibility links

Киев коммунистік партияны таратқысы келеді


Коммунистік партия жақтастарының шеруі. Киев, 1 мамыр 2012 жыл.

Коммунистік партия жақтастарының шеруі. Киев, 1 мамыр 2012 жыл.

Украинаның уақытша президенті Александр Турчинов үкіметтен коммунистік партияның жұмысын тоқтатуды талап етті. Сарапшылар «бұдан елдегі жағдай одан бетер ушығады» дейді.

Александр Турчинов әділет министрлігінен Украина коммунистік партиясының заңға қайшы іс-әрекеттерін сараптап, партия жұмысына тыйым салу мәселесін қарастыруды сұрады.

«КОММУНИСТІК ПАРТИЯ ЖАБЫЛСЫН»

Мамырдың 18-і күні Турчинов Украинаның әділет министрлігіне сауал жіберіп, «Украина соты осы мәселені біржола шешеді» деген үмітін білдірді.

Президенттің вебсайтында жарияланған дерек бойынша, «елдің қауіпсіздік қызметі елдің шығысында бұл партияның сепаратистік әрекеттерін байқаған, кейбір мүшелерінің Украинаның мүддесіне қайшы қызмет ететінін анықтаған».

Бірақ сарапшылар «Украинаның шығыс аймақтарында аласапыран болып жатқан кезеңде, ал жаңа билік ел арасындағы беделін көтеруге тырысып отырған тұста осы мәселені көтеру қаншалықты дұрыс?» деген сауал қояды.
Украина коммунистік партиясының жетекшісі Петр Симоненко Радада (Украина парламенті) сөйлеп тұр. Киев, 16 сәуір 2013 жыл.

Украина коммунистік партиясының жетекшісі Петр Симоненко Радада (Украина парламенті) сөйлеп тұр. Киев, 16 сәуір 2013 жыл.

Парламент спикері міндетін қоса атқаратын Турчинов өткен аптада Украина коммунистік партиясының жетекшісі Петр Симоненкомен сөзге келіп қалды. Симоненко парламентте «Украинаның қауіпсіздік күштері Мариуопольдегі полиция бөлімшесін атқылады» деп мәлімдеген еді.

Бұны естіген Турчинов Симоненконы «өтірік айтты» деп айыптап, оның микрофонын өшіріп тастады. Симоненко бұл оқиғадан кейін «Енді ұлтшыл-фашистік режим өкілдері коммунистік партияның үнін өшірмек. Себебі билік елдің аумақтық тұтастығына нұқсан келгенін ұқты және соны істеп отырған да - өздері» деп мәлімдеді.

«РАДИКАЛДЫ ҚАДАМҒА ИТЕРМЕЛЕУ»

Украина коммунистік партиясы Рададағы (парламент) 450 орынның 32-сін иеленіп отыр. 2012 жылғы парламенттік сайлау кезінде ол 13,2 пайыз дауыс жинады, ал оның алдында - 2007 жылы сайлаушылардың 5,4 пайызының ғана даусын алған еді. Оларды негізінен елдің шығысы мен оңтүстік аймақтары тұрғындары қолдайды, қазір бұл аймақтарда үкімет ресейшіл, сепаратист топтармен шайқасып жатыр.

Бұрынғы президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясы тарағалы Украина коммунистік партиясы елдегі шығыс аймақтың атынан сөйлейтін негізгі ұйымға айналды.

Киевтегі саясатты талдау орталығының директоры Руслан Бортник «Оңтүстік пен шығыс өздерінің жалғыз саяси өкілдерінен айрылмақ» дейді. Оның айтуынша, «Аймақтар партиясы енді бұл өңірлердің мүддесін қорғай алмайды, бірақ коммунистер белгілі бір деңгейде аймақтың мұқтаждықтарын көтеріп келген. Енді биліктің қысымы коммунистерді радикалды қадамдар жасауға итермелейді. Ондай әрекетке олардың қаржылық ресурсы мен адамдары да жетеді».
Коммунистік партия мүшелері СССР туын көтеріп, Ленин ескерткіші алдында акция өткізіп тұр. Қырым, Симферополь, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Коммунистік партия мүшелері СССР туын көтеріп, Ленин ескерткіші алдында акция өткізіп тұр. Қырым, Симферополь, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бортниктің пікірінше, «коммунистік партияның тағдырын Украина халқы сайлау арқылы шешкені жөн».

Саясаттанушы Игорь Рейтерович «жеке адамның пікірі үшін Радаға заңды түрде сайланған тұтас партияны жауып тастаудың әділетсіздік» екенін айтады. Ол: «Егер қауіпсіздік органдары партия мүшелерінің заң бұзғанын байқаса, онда сол өңірге жауапты депутаттарды мандатынан айырып, заң бұзған адамдарды сотқа беру керек» дейді.

(Елена Ремовскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG