Accessibility links

Киевте соғыс болса не істеу керегі хабарланды


Киев көшесіне ілінген хабарландыру. 16 сәуір 2014 жыл.

Киев көшесіне ілінген хабарландыру. 16 сәуір 2014 жыл.

Украина астанасында тұрғындарға соғыс басталса, не істеу керегін түсіндіретін хабарландырулар пайда болып, бір тәулікке жетпей қайтадан алынып тасталды.

Хабарландыруларда соғыс дабылын естігенде қандай әрекет жасау қажет екені туралы, бомба шабуылы кезінде паналайтын орындарды қалай пайдалану жөнінде кеңестер берілген.

«ЕҢ ҚАЖЕТТІ ЗАТТАРДЫ АЛЫП, ЖЕРТӨЛЕГЕ ТҮСУ»

Бірақ бұл хабарландырулар Киев көшелерінде бір тәулікке жетер-жетпес уақыт қана ілініп тұрды.

Құлақтандыруда: «Ұзақ сигналдарды естіген бетте азаматтар радио, не телевизор қосады, әр адам бомбадан паналайтын орындардың қайда екенін білуі және оны көршілеріне айтуы тиіс. Дабылды естіген адам терезелерді, газ және су құбырларын жабады. Ең қажетті заттарын (құжаттар, дәрі-дәрмек, су, азық, киім-кешек) алып, бомба шабуылы кезінде паналайтын орындарға жиналады. Үйінен алыста жүрген адамдар метроның жер асты бекеттеріне түседі» деп жазылған. Құлақтандыру ілінген Киев үйлерінің біріндегі подъезд.

Құлақтандыру ілінген Киев үйлерінің біріндегі подъезд.



Хабарландырулар Киев көшелеріне сәуірдің 16-сына ауған түні ілінген. Мұндай хабардың пайда болуы тұрғындар арасында "Ресей шабуыл жасауы мүмкін" деген қауіпті күшейте түсті.

Онда «Назар аударыңыз! Дабыл - азаматтық қорғаныс жүйесінің ескертуі» деп жазылған.

Бірақ хабарландырулар бір тәулікке жетпей қайтадан жоғалып кеткен. Киевтегі аула сыпырушы Азаттық тілшісіне «бәрін алып тастаңдар» деген нұсқаудың болғанын айтты. Хабарландыруларды не үшін алып тастағаны белгісіз. Тұрғындар «ел ішінде үрей тудырмау үшін алып тастаған шығар» деп болжайды.

Мұндай хабарландырулардың ілініп, қайта жоғалып кетуі Киевтегі жаңа биліктің Ресей шабуылынан қауіптеніп, бірақ не істерін білмей отырғанын көрсетеді.

«ЖҰРТТЫҢ БІЛГЕНІ ЖӨН»

Киевтің Ресей шабуылынан қауіптеніп отырғанына бірнеше ай болды. Биліктің соғысқа дайындық шараларын жасауға тырысып жатқаны да байқалады.

Наурыздың соңында Киев билігі қаладағы бомба шабуылы кезінде паналайтын 526 жертөлені тексеріп, жаңа дабыл жүйесі жасалғанын хабарлады.

Наурыздың 27-сі күні Киев әкімдігінің төрағасы Владимир Бондаренко «бомбадан паналау орындарына 1 миллион 500 мың адам сыятынын» мәлімдеді.

Бомба шабуылы кезінде паналайтын орындарды тексеру шарасы:

Екі баланың анасы Вика Либаш Киевте ілінген хабарландырулар туралы:

"Меніңше, ондай хабарландыруларды ілу керек. Адамдар дабыл қағылғаннан кейін не істеу керегін білуі тиіс. Оларды жастарды үрейлендірмеу үшін алып тастаған шығар" деп тұспалдайды.

Ол өзінің балалық шағын еске алып, «бізге үнемі соғыс болуы мүмкін екенін айтып отыратын» дейді.

Бала кезіндегі соғыстан сақтандыру туралы ескертулер енді оған күлкілі болып көрінеді, өйткені 1970 жылдары жау ретінде АҚШ аталатын.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Рахат Мамырбек)
XS
SM
MD
LG