Accessibility links

Қырым үкіметі мен парламентін басып алды


Қырым парламенті ғимаратына тігілген Ресей туы. Симферополь, 26 ақпан 2014 жыл.
Қырым парламенті ғимаратына тігілген Ресей туы. Симферополь, 26 ақпан 2014 жыл.

Украинаның Қырым автономиялық республикасында белгісіз қарулы топтың аймақ парламенті мен министрлер үйін басып алғаны хабарланды. Ғимараттар төбесіне Ресей туы ілінгені мәлім болды.

"Симферопольда ақпанның 27-сі күні таңға жуық Украина құрамындағы Қырым автономиялық республикасының үкіметі мен парламенті ғимараттарын белгісіз қарулы адамдар басып алды" деп хабарлайды "Интерфакс-Украина" агенттігі.

Басып алғандар екі ғимараттың төбесіне де Ресей туын ілген.

​Қырым парламенті баспасөз орталығы қызметкерінің айтуынша, белгісіз адамдар ғимарат күзетшілерін ысырып тастап, ішке басып кірген. Қырым Жоғарғы радасының барлық қызметкеріне бүгін демалыс жарияланып, парламент пен министрлік үйін милиция қоршауға алған.

Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы Рефат Чубаров.
Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы Рефат Чубаров.
Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы Рефат Чубаров Facebook-тағы парақшасында "Қырым Жоғарғы Радасы мен үкімет үйін униформа киген, кім екендері белгісіз қарулы адамдар басып алғанын" хабарлады. Ол "Басып алғандар әзірге ешқандай талап қоймады" деп жазды.

Чубаров Азаттықтың Украин қызметіне Қырым татарлары мәжілісінің қырымдықтарды үкімет үйлеріне жақын бармауға шақырғанын айтты. Қазір Қырымда жүрген Украина Жоғарғы Радасына "Батькивщина" партиясынан сайланған депутат Андрей Сенченко да бұл хабарды растап, "құқық қорғау орындары қазір ол адамдардың кім екенін анықтап жатқанын" айтқан.

Interfax агенттігі Украинаның үш экс-президенті – Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенконың "Ресей Қырымның саяси өміріне тікелей араласып отырғаны" туралы мәлімдегенін хабарлады.

Ақпанның 26-сы күні Қырым парламенті алдында Украинаның жаңа билігін қолдаушылар мен оған қарсылардың митингісі өтіп, екі жақ арасында кішігірім жанжал болған еді. Жаңа үкіметті қолдап мыңдаған қырым татарлары мен "Еуромайдан-Қырым" қозғалысының белсенділері шыққан. Оларға "Орыс бірлігі" қозғалысы мен ресейшіл ұйымдардың белсенділері қарсы келген. Екі жақ арасындағы қақтығыстан 30 шақты адам зардап шеккені хабарланған еді.

Қырым үкіметі ғимаратының төбесіне ілінген Ресей туы. Украина, Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.
Қырым үкіметі ғимаратының төбесіне ілінген Ресей туы. Украина, Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.
Қырым парламенті алдында қақтығыс болған күні Ресей президенті Владимир Путин елдің батысында кең ауқымды әскери-теңіз күштерінің маневрін (Ресей мұны "әскери жаттығу" деп мәлімдеді - ред.) өткізуге бұйрық берді. Оған 150 мың жауынгер, 880 танк, 90 ұшақ және 80 әскери кеме қатысатыны хабарланды. Мәскеу бұған қоса Қырымдағы Ресейдің Қара теңіз флотын қорғау шараларын жасайтынын да мәлімдеді.

Ақпанның 26-сы күні АҚШ Ресейге Украинаның егемендігін құрметтеу қажет екенін және бұл елдегі саяси дағдарысқа араласпауды ескертті.

Украинада былтырғы қарашадан басталып үш айға созылған үкіметке қарсы халық толқуынан соң парламент президент Виктор Янукович биліктен шеттетіліп, парламент 2004 жылғы конституцияны қайта қалпына келтірді. Ақпан айының ағында полиция шерушілерге қарсы әскери қару қолданып, ондаған шеруші оқ тиіп қаза тапты.

Украинадағы президент және мэр сайлауы мерзімінен бұрын, мамырдың 25-і күні өтетіні хабарланды.
XS
SM
MD
LG