Accessibility links

"Бүркемеленген" ашаршылық жайлы кітап


Голодомор құрбаны. Харьков. 1933 жыл. Суретті австриялық әскери тұтқын Александр Винербергер түсірген.
Голодомор құрбаны. Харьков. 1933 жыл. Суретті австриялық әскери тұтқын Александр Винербергер түсірген.

Сталин кезінде Украинаны күйреткен ашаршылық жайлы жаңа кітап жазылмақ. Онда ашаршылықтың әдейі ұйымдастырылғаны айтылады.

Украинадағы Голодомор жайлы бұрын да бірнеше кітап жазылған. Әсіресе, ағылшын-американ ғалымы Роберт Конкуесттің 1986 жылы жазған «Қасірет жауған күн» деп аталатын кітабының орны бөлек.

Дегенмен Украина Голодомордың 80 жылдығын еске алғалы отырғанда батыста бұл жайлы білетіндер аз деп есептейді америкалық журналист және жазушы Энн Эпплбаум. Ол бұрын "ГУЛАГ" аталатын кітабын жазып, "Пулицер" сыйлығын иеленген.

"ТАҚЫРЫП ҚОРЫТУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ"

Эпплбаумның айтуынша, Украинадағы ашаршылық тақырыбы қортындылауды қажет етеді.

- Меніңше, бұл тақырыпты әлі де қорыта түсу керек. Қортынды материал біздің осы мәселе жайында не білетінімізді байқатып тұрады. Бұл туралы ештеңе білмейтін аудиторияға жаңа мәліметтер керек. Аудитория дегенде, батыс аудиториясы, тіпті осындай тарихи сәтте орыс және украин аудиториясы да осыны қажет етуі мүмкін, - дейді автор.

1932-1933 жылдары Сталин ауыл шаруашылығын жаппай күштеп коллективтендірген соң Совет Одағын ашаршылық кеуледі. Совет Одағын нанмен қамтамасыз еткен Украина басқалардан көбірек зардап шекті.

Голодомордың 80 жылдығын еске алуға арналған жазу. Киев. 23 қараша 2013 жыл.
Голодомордың 80 жылдығын еске алуға арналған жазу. Киев. 23 қараша 2013 жыл.
1932 жылы Украина Кремльдің талап еткен астығын бере алмайтын жағдайға жеткенде билік өкілдері мен белсенділері халықтың астығы мен азығын тәркілеу үшін аттанды.

Астық тәркілеу науқаны 1933 жылға дейін жалғасты. Осының кесірінен тұтас отбасылар қырылып қалды.

Кейбір ғалымдар Совет Одағының тұтастығына қатерлі деп қарастырылған украин ұлтшылдығын жою үшін Мәскеу бұл ашаршылықты қасақана ұйымдастырды дейді.

"ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ЖАППАЙ АШАРШЫЛЫҚ"

Тарихшылар бір жылға жетпейтін уақыт ішінде кем дегенде 3 миллион адам аштан өлді десе, кейбір деректер аштан өлгендердің санын 10 миллионға жетті деп көрсетеді.

- Сол жылы көктемде коллективтендіру салдарынан болған қателік пен саяси апат тәрізді көрінген жағдайдың соңы қолдан жасалған ашаршылыққа ұласты. Нақтырақ айтқанда, үкімет органдары жолдарды жауып тастады. Сырттан ішке азық-түлік кіргізбей, жұрттың үйлерін тінтіп, елдің қолындағы астық пен ас-ауқатты тартып алды. Бұл әдейі ұйымдастырылған жаппай ашаршылық болатын, - дейді Энн Эпплбаум.

Голодомор құрбандарын еске алу рәсінде кінәлілерді айыптаған ұран ұстаған адамдар. Киев. 23 қараша 2013 жыл.
Голодомор құрбандарын еске алу рәсінде кінәлілерді айыптаған ұран ұстаған адамдар. Киев. 23 қараша 2013 жыл.
Совет басшылары ашаршылық туралы ақпаратты бұркемелеп, жасырып ұстаудың барлық амалдарын жасап бақты. Тіпті Украинаның өзінде ел 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін бұл апат жайлы көпшілік ештеңе білген жоқ. Білгендердің өзінде ақпарат тапшы болған.

- Совет басшылары мұны барынша жасырын ұстаған. Бұл жайында әлемді бейхабар ұстау талпынысы сәтімен іске асты, - дейді ол.

2006 жылы Украина парламенті Голодоморды «геноцид» деп тану туралы заң қабылдады. Бірақ, 2010 жылы сайланған президент Виктор Янукович Еуропа парламентінің ассамблеясында: «Бұл апатты бір халыққа қарсы жасалған геноцид деп тану дұрыс емес және әділетсіз болады» деді.

Ресей болса, ашаршылықты СССР-дің басқа да аймақтары зардап шеккен қуаңшылықтан болды дегенге әуес. Және оны тізеге салып мойындатқысы да келеді. Мәскеу Киев бұл трагедияны саяси мақсатқа пайдаланып отыр деп Украина үкіметін айыптайды.
XS
SM
MD
LG