Accessibility links

Украинада «Колорадо қоңызы» қайдан жүр?


Көптеген украиналық ұлтшылдар Георгий лентасын жағымсыз Колорадо қоңызына теңейді.
Көптеген украиналық ұлтшылдар Георгий лентасын жағымсыз Колорадо қоңызына теңейді.

Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистер Георгий лентасын тағып жүр. Бұл белгілеріне бола оларды келеке етіп, қоңызға теңейтіндер де бар.

Шығыс Украинаны қыспаққа алып жатқан ресейшіл сепаратистерді ашулы украиналықтар Колорадо қоңыздарына теңей бастады. Қазір олар «Колорадо қоңызы» дегенді қысқартып «Колорадо» дейтін болған.

БАСҚЫНШЫЛЫҚ БЕЛГІСІ

Колорадо қоңызын бүкіл әлемдегі бағбандар мен дихандар қауіпті зиянкес деп жек көреді.

Алты аяқты, торсиған Колорадо қоңыздарының түсі сарғыш, қара жолақтары бар. Олар ресейлік әскерилердің ерлік символына айналған Георгий лентасына ұқсайды.

Украинада Донецк пен Славянск сияқты қалаларда әкімшілік ғимараттарды басып алған сепаратистер осы лентаны тағып жүрді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің атрибуты саналатын лента Ресей Қырымды аннексиялағаннан бері жаңа сипатқа ие болды.

«РИА-Новости» агенттігі осы аптада «9 мамырда жеңіске 69 жыл толатын күн қарсаңында орай бүкіл әлемде 100 миллион Георгий лентасы таратылғанын» мәлімдеді.

Украинадағы ресейшіл сепаратистер айырым белгісі жоқ әскери киім киіп, «Ресей үкіметіне қатысымыз жоқ» дейді. Бірақ олар Кремльге адалдықтарын айшықтағандай сарғыш-қара таспаны - Георгий лентасын тағып жүр.

Осы айдың басында басқыншы күштер алғаш рет Шығыс Украинаға енгенде көбі қолына Георгий лентасын байлап, оны сырт киімдеріне де тағып алды. Осылайша бұл ленталар Украинадағы бүлікті екінші дүниежүзілік соғыстағыдай «фашистерге қарсы күрес» деп сипаттаған Кремльдің белгісіне айналды.

«ОЛАР ҚАНДАЛА БОЛСЫН»

Украиналықтар үшін Колорадо қоңыздары бұл ленталарға ғана ұқсап қоймайды. Постсоветтік елдері азаматтары үшін бұл зиянкес жәндіктер - импералистік қаскүнемдік пен шетел басқыншылығының белгісі.
Қырғиқабақ соғыс кезіндегі Шығыс Германиядағы пропаганда плакаты.
Қырғиқабақ соғыс кезіндегі Шығыс Германиядағы пропаганда плакаты.
Шын мәнінде, Колорадо штатынан емес, АҚШ-тың Невада штатынан шыққан бұл қоңыздар советтік аумаққа екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, алдымен Еуропаға америкалық жауынгерлермен бірге келген.

Варшава келісім-шартына кіретін елдер азық-түлік тапшылығынан қауіптеніп, «тойымсыз қоңыздарды Американың барлау басқармасы СССР-дің ауыл шаруашылығын құрту үшін әдейі жіберді» деген лақап та тараған. Шенеуніктер қоңызды құртуға қарсы кампаниялар бастап, плакаттар іліп, әр аймақтағы мектеп оқушылары қоңыз жинап, оларды жанармай құйып өртейтін еді.

Қазір «Колорадо қоңыздарының жаңа шабуылы» басталған кезде көптеген украиналықтар оған қарсы кампания ұйымдастырды. Олар интернет бетінде «Колорадо қоңыздарының» Қырым, Харьков пен Донецкіде көбейіп бара жатқанын ескертеді, өздерін осы індетке қарсы күресетін күш ретінде бейнелейді. Тіпті президент сайлауына түсіп жатқан Петр Порошенкоға тиесілі 5-арнаның «Колорадо қоңыздарын сеспей қатырамыз» деген жарнамасы шын қоңыздарға арналса да, көпшілік арасында әзілге айналды.

Ал ресейлік бақылаушылар «Колорадо қоңызы» деген келеке атауға қарсы балама табуды ұсынады. Мәскеулік сарапшы Григорий Трофимчуктің айтуынша, «мұндай мұқатуға қарсы «фашист» тәрізді ауыр сөздер айтқанша, жеңіл кекесінмен жауап қайтарып, Украина белсенділерін «қандала» деп атаған жөн».

Ол осылайша Украинадағы «Оңшыл сектор» ұйымының қызыл-қара белгісі қандалаға ұқсайтынын айтып, «оның каннибалистік әдеті де бар екенін» кекетеді.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG