Accessibility links

Ресей тұтқынындағы украин ұшқышы «шағымы жоғын» айтқан


Украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко

Украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко

Ресей екі журналистің өліміне қатысы бар деген күдікпен тұтқында ұстап отырған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченконың халі жақсы деп хабарлады. Бірақ Ресей оған жақындарымен және Украинаның ресми өкілдерінің жүздесуіне рұқсат бермей отыр.

Сепартистер ұрлап әкетіп, Ресей түрмесіне тапсырған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченконың жағдайы жақсы делінеді. Мәскеу 33 жастағы тікұшақ штурман-операторын шығыс Украинада Ресейдің екі журналисін өлтіруге қатысы бар деп айыптап, бір айдан бері Воронеж қаласында қамауда ұстап отыр.

Кезіккен адамдардың айтуынша, Савченко төрт адамдық камерада жалғыз жатыр. Камерада жеке дәретхана, ыстық су, сабын, азық-түлік және оқитын материалдар бар.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының бақылау миссиясын басқаратын Анатолий Малаховтың айтуынша, Надежда Савченко тек кофе, темекі және өзіне шақ аяқ киім мен киім-кешек қана сұратқан.

– Оған нашар қарап жатқан болса, кібіртіктеп, күмілжіп отырған болар еді. Мен кездескенде ол жақсы көрінді. Бізбен орысша сөйлесті. «Ешкім физикалық тұрғыдан әлімжеттік жасап, қысым көрсетіп жатқан жоқ па?» деп сұрағанымызда, «Жоқ» деп жауап берді. Оның ешқандай шағымы жоқ, – деді Малахов.

Бұл рас болса, Малаховтың айтқан сипаты Савченконың соңғы түсірілген бейнетаспада қолы кісендеулі күйі сепаратист әскерлердің сұрақтарына жауап бермей қасқайып отырған бейнесіне келеді.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҢДЫ БҰЗУ»

Алайда Украинадағы санаулы әйел ұшқыштардың бірі саналатын Савченконың өзі шағым айтпағанымен, Киевте оның тағдырына алаңдайтындар көп.

Савченконың 18 маусымда қолды болып, 8 шілдеде Ресей жерінен «табылуы» Киевтегі үкіметтің наразылығын тудырды. Украина ел

Надежда Савченко.

Надежда Савченко.

азаматын түрмеге қамау үшін шекарадан заңсыз алып өткен Ресейді халықаралық нормаларды өрескел түрде бұзды деп айыптады.

Ал Мәскеу Савченко Ресейге босқын кейпінде өтіп кетпек болып шекара бекетінде тұрған жерінде тұтқынға алынды дейді. Ұшқыштың адвокаты Марк Фейгин бұл пікірді «ойдан шығарылған сандырақ» деп атады.

– Қисынға салып қарайтын болсақ, Луганск қаласында «Луганск халық республикасы» адамдарының қолына түскен оны әлдекімдер Ресейдің құқық қорғау органдарына өз қолымен тапсырған, – дейді Фейгин.

Оның айтуынша, Ресей қылмыстық кодексінің 126-бабына сәйкес бұл «кісі ұрлауға» деп бағаланып, ауыр қылмыс қатарына саналады.

Қорғаушылары Савченкомен кездесе алмай отыр, сондықтан олар ұшқыштың Ресей шекарасынан қалай өткенін нақты білмейді.

Украинаның Мәскеудегі консулы Геннадий Брескаленко да Воронежде бір апта бойы болып, қанша рет талпыныс жасаса да Савченкомен кездесуге мүмкіндік ала алмады.

Кремльдің іс басқарушысы Сергей Иванов Украина президенті Петр Порошенко және Франция мен Германияның сыртқы істер министрлері қатысқан төртжақты келіссөздерден соң, 14 шілдеде консулдың Савченкомен кездесуіне рұқсат беріледі деген еді. Бірақ одан бері еш өзгеріс болған жоқ.

«БЕДЕЛ ТҮСІРУ НАУҚАНЫ»

Надежда Савченконың сіңлісі Вера да «Ресейге барсаң тұтқындалуың мүмкін» деген ескертулерден кейін Воронежге барудан бас тартты. Украина консулы Брескаленко да Вераға Ресейге келмеуге кеңес берген, себебі ол «Ресейлік тергеушілер Вера Савченконы да тұтқынға алып, тергемек ойы бар» деген ақпарат алған.

Open Dialogue қорының қызметкері Андрей Вальчишиннің айтуынша, «Надяның (Надежда Савченконың – ред.) Ресейдегі қорғанысын әлсіретудің алғашқы қадамы Вера Савченконы қорқытудан басталды».

«Енді олар Надяның жақындары мен адвокаттарының, соның ішінде Марк Фейгиннің, біздің қордың және басқа да адам құқықтарын қорғау ұйымдарының беделін түсіруге талпыныс жасайды» деп жазды Вальчишин Facebook- парақшасында.

Бұрын депутат болып қызмет еткен, кейін Pussy Riot тобының әншілері Мария Алехина мен Надежда Толоконниковаға қорғаушы болған Фейгин іскерлік беделін төмендетуге тырысқан әрекеттердің болғанын айтты.

Фейгин Twitter-дегі парақшасында Савченкоға адвокат болуға келісім бергенін жаза салысымен: «Онда ол он жылға сотталды дей бер» деген пікір жазылды. Бұл пікірді жазған адам Фейгиннің әншілерді түрмеден құтқара алмағанын меңзеп тұр. Ал басқалар оны батыл, халыққа жағымды адвокат ретінде сипаттап, талай айға созылуы мүмкін бұл істе үміт отын оятатынын айтады.

«ҚЫСЫМ ЖАСАУ ҚҰРАЛЫ»

Савченко тергеу аяқталып, ісі сотқа жіберілетін 30 тамызға дейін қамауда отырмақ. Мұның алдында дәл осындай оқиға болып, белгілі украиналық кинорежиссер Олег Сенцов Қырымда жүрген жерінен тұтқындалып, Ресей түрмесіне жіберілген. Оның үстінен жүріп жатқан тергеу тек 11 қарашада аяқталмақ.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей елге белгілі, жас та болса харизмалы тұлғалар Савченко мен Сенцовты саяси сауда кезінде қарсыласына қысым жасайтын құрал ретінде пайдаланбақ.

Фейгин Савченконы тергеген кездегі бейнетаспаны көрген соң оның қолдаушыларының алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінетінін айтты.

– Ол антына адалдығын батыл түрде дәлелдеп отыр. Оның бұл ұстанымы елдің оңтүстік-шығысында соғысып жатқан халыққа үлгі болып, оларды қайраттандырды. Мен де оларға әлі үміт бар дегенді ескерткім келеді, – дейді Фейгин.

Азаттық тілшілері Любовь Чижова мен Андрей Шарыйдың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG