Accessibility links

Ресейдің тыйымы Қырым науқастарын күйзелтті


Жедел жәрдем нашаға уланған жігітті ауруханаға алып барады. Киев, 9 қыркүйек 2013 жыл. Көрнекі сурет

Жедел жәрдем нашаға уланған жігітті ауруханаға алып барады. Киев, 9 қыркүйек 2013 жыл. Көрнекі сурет

Қырым белсенділері Ресей түбекті өзіне қосып алған соң есірткіге тәуелділер ем қабылдай алмай жатыр дейді. Ресей метадонға тыйым салғасын ондаған адам қаза тауып, я басқа аймаққа кеткен.

Биылғы наурыз айында Ресей Қырымды аннексиялаған соң есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқан 20 адам көз жұмды. Олардың он шақтысы Украинаның басқа облыстарына кетіп, метадонмен емделуді жалғастырмақ. Героинді метадонмен алмастырып емдеу әдісі Батыс елдерінде кеңінен қолданылады.

Бірақ Ресей денсаулық сақтау мамандары оны тиімсіз санайды, бұл елде оны қандай да бір мақсатқа қолдануға тыйым салынған.

Қырымның қазіргі билігі есірткіге тәуелді емделушілер Мәскеудің қарамағына өткеннен бері сол елдің заңына сай емделеді дейді.

«700 жуық адам метадонды алмастыратын ем қабылдап жатыр, 60-қа жуығы медициналық мекемелерге түскен» деді Азаттыққа бұрын аймақта денсаулық сақтау министрі болған, қазіргі вице-премьер Сергей Донич.

«Енді бұл адамдарды жаман әдеттен арылтуға көмектесетін психиатрлармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істемекпіз» деді ол. Украиналық нашақор әйелдің суреті.

Украиналық нашақор әйелдің суреті.



Бірақ украиналық деректер 800-ден астам нашақор аннексия жасалғаннан бұрын Қырымда метадонмен емделгенін жазады. Олардың көбі ВИЧ/СПИД (жұқпалы иммундық тапшылық синдромы), С гепатиті мен туберкулез сияқты қауіпті дерттерге шалдыққан.

«Ондаған адамның дүние салғаны Еуропалық комиссияның мамыр айының соңында жасаған баяндамасында белгілі болды» деді Украинадағы ВИЧ/СПИД халықаралық альянсының өкілі Павел Скала. «Ал біз кем дегенде 20 адам көз жұмды дейміз».

Ал Донич болса ешкімнің дүние салмағанын айтып, дертке шалдыққан емделушілер «тиісті медициналық көмек» алып жатыр дейді.

МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Киевтегі «Қайта туу» үкіметтік емес ұйымының белсендісі Елена Кучерук «метадонмен емделуді жалғастыру үшін Қырымдағы 57 науқасқа қаржы тауып беріп, Украианың басқа аймақтарына жібердік» деді.

Азаттықтың Украин қызметі солардың бірімен сөйлесіп көрді. Өзін Оксана деп қана таныстырған 20 жастағы бойжеткен: «Қырымдағы біздің бағдарлама жабылатынын естігенде есеңгіреп қалдым. Не істерімді білмей, байбалам салдым. Киевке ауысып, емді сол жақта жалғастырудан басқа амалым қалмады» дейді.

Оның айтуынша, Қырымдағы басқа таныс емделушілер мұндай мүмкіндікке жете алмаған. «Олардың көбі өзіне қол жұмсауды ойлап жүр. Кейбірі солай етпек те болды. Ол жақта қалғандар үшін басқа амал жоқ» дейді емделуші. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Симферопольдағы бір ауруханаға келіп тұр. 31 наурыз 2014 жыл

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Симферопольдағы бір ауруханаға келіп тұр. 31 наурыз 2014 жыл



Белсенді Скаланың айтуынша, Қырымдағы метадонға қатысты бағдарламаны жабу түбекте заңсыз есірткі тасымалдаудың артуына ықпал етті. Белсенділер сыбайлас жемқорлықты кәсіп еткен кейбір полицейлер қылмыскерлерді бүркемелеп отыр дейді.

Қырымның қазіргі вице-премьері Донич метадонмен емделудің тиімді емес екенін айтады. «Олардың артында ақша мен фармацевтика шығаратын фирмалардың мүддесі тұр» дейді ол.

Нашақорларды емдейтін маман, киевтік дәрігер Леонид Власенко есірткіні алмастыру әдісімен емдеу «көптеген адамдарға көмектеседі» дейді. Оның пікірінше, мұндай тәсілмен емделетін нашақорлар заңсыз наша саудасынан шығып, денсаулығын қаратуға мән бере бастамайды. «Бұл емді қабылдаған адамдар ұзақтау өмір сүреді, сирек ауырады. Әлеуметтік тұрғыда ортаға тез икемделетінін зерттеулер көрсетті» дейді Власенко.

Алексей Арунянның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG