Accessibility links

Қырым: қару астында өткен референдум


Қырымның мәртебесіне қатысты референдумге дауыс беру. Симферополь, 16 наурыз 2014 жыл.

Қырымның мәртебесіне қатысты референдумге дауыс беру. Симферополь, 16 наурыз 2014 жыл.

Украина мен батыс елдері Қырымның мәртебесіне қатысты референдумды мойындамайтындарын айтады. Мәскеу «қырым сайлаушыларының таңдауын құрметтейтінін» мәлімдеді.

16 наурызда Қырымдағы референдумға дауыс беруге қатысатын азаматтарға «Ресейге қосылуды жақтайсыз ба?», жоқ әлде «Қырым Республикасының 1992 жылғы Конституцияны қалпына келтіріп, Қырымның Украинаның бөлігі ретіндегі мәртебесі болғанын қалайсыз ба?» деген екі сауал қойылды.

Автономиялық аймақтың кейбір тұрғындары Ресейге қосылатын күн жетті деп шаттанып жатса, көпшілігінде абыржушылық байқалады.

Наурыздың 16-сы күні Қырымдағы сайлау учаскесінен түсірілген видеода сайлау комиссиясының мүшесі бүгін мұнда жұрт «баршамыз – орыс еліміз» деген сезіммен «Ресейге қосылуға» ерік білдіріп дауыс беріп жатқандарын айтады. Егде жастағы әйел адам «өзі көптен күткен» референдумді өткізгендері үшін Қырым басшылығына алғыс білдіреді.

16 наурызда Қырымдағы сайлау учаскесіндегі дауыс беру:


Ресей президенті Владимир Путиннің «құқықтарыңды қорғаймын» деп өз аузынан айтқан уәдесіне қарамастан Қырым татарлары референдумға бойкот жариялауды ұйғарды. Автономиялық аймақтағы жағдайдың болашағы қырым татарлары меджлисінің ұстанымына тәуелді екенін Кремльдің іс-әрекеті аңғартып отыр.

Наурыздың 12-і күні Путинмен жарты сағат телефон арқылы сөйлескенде Қырым татарларының лидері, меджлистің бұрынғы төрағасы Мұстафа Жемилев оған «референдум – заңсыз екенін, Украинаның аумақтық тұтастығы құрметтелуі керектігін» жеткізгенін айтқан.

Қазіргі таңда жалпы саны 2 миллионнан асатын Қырым халқының 60 пайызы – этникалық орыстар. Қырым татарлары (12 пайыздан аса) мен этникалық украиндар бірге тұрғындардың 40 пайызға жуығын құрайды.

ЖАҒДАЙ ШИЕЛЕНІСІП ТҰР

Қырымдағы референдум Украинада, сонымен бірге әлемде жағдай шиеленісіп тұрған шақта өтіп жатыр.

Сенбі күні Жоғарғы Рада Қырым парламентін тарату туралы шешім қабылдады. Севастополь маңында автокөлік жолындағы тосқауыл бекетінде отырған қарулы адамдар. 16 наурыз 2014 жыл.

Севастополь маңында автокөлік жолындағы тосқауыл бекетінде отырған қарулы адамдар. 16 наурыз 2014 жыл.

Оған қырымдық депутаттардың соңғы қабылдаған шешімдері Украинаның негізгі заңына қайшы болып отырғаны туралы Украина конституциялық сотының шығарған ұйғарымы негіз болды. Бұған жауап ретінде Симферопольдегі билік Киевтегі орталық үкіметті заңды деп мойындамайтындарын мәлімдеді.

Апта басында Қырымда украиналық телеарналар хабарын тарату тоқтатылып, олар пайдаланып келген жиіліктер арқылы енді ресейлік телеарналар хабарлары көрсетіле бастады.

Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов елдің шығыс аймағына Ресей әскерінен «шынайы қауіп» төніп тұрғанын мәлімдеді. Ол Украинаның шығысындағы орыс тілді облыстардағы тәртіпсіздіктер үшін «кремль агенттерін» айыптады.

Сенбі күні Донецк қаласында мыңдаған ресейшіл демонстранттар жергілікті құқық органдарының кеңселеріне шабуыл жасады.

Сол күні Мәскеуде ондаған мың адам бейбітшілік шеруіне шығып, Ресейдің Украинадағы іс-әрекеттеріне наразылық білдірді.

Мәскеудегі «Бейбітшілік шеруі»:


Қырымның мәртебесіне қатысты референдум өтетін күннің қарсаңында референдумды заңсыз деп тану туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне АҚШ әзірлеп ұсынған қарар жобасына Ресей вето қойды. Қауіпсіздік кеңесіне мүше 13 мемлекет қарар жобасын қолдап дауыс берді, Қытай қалыс қалды.

АҚШ және өзге де батыс елдері халықаралық қауымдастықты даулы референдумды мойындамауға шақырып отыр. Қырымды Ресейдің қанатының астына алуды көздейтін референдумды Мәскеу қолдайды.

БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Саманта Пауэрдің айтуынша, «қапалы әрі есте қаларлық» болған дауыс беру нәтижесі Ресейдің «оқшау, жападан жалғыз қалғанын және ісі теріс екенін көрсетті».

Қырымдағы дауыс беру. Фотогалерея:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG