Accessibility links

Қырым татарларына Ресейдің құқайы таяп келеді


Ленур Ислямов (ортада) 1944 жылғы Қырым татарлары депортациясы туралы "Қайтарма" фильмін түсіру кезінде.
Ленур Ислямов (ортада) 1944 жылғы Қырым татарлары депортациясы туралы "Қайтарма" фильмін түсіру кезінде.

Украинаның Қырым аймағы Ресейге өткелі мұндағы заңдар да өзгерді. Осыған дейін өз құқықтарын қорғап жүрген белсенділер мен қарапайым мұсылмандар енді «экстремист» атануы мүмкін.

Орыстілді ақпарат құралдары Қырым астанасы Симферопольде орналасқан тәуелсіз ATR телеарнасының қожайыны, Қырым татарларынан шыққан танымал бизнесмен Ленур Ислямовқа шүйлікті.

«САТҚЫН», «ЭКСТРЕМИСТ», «ӘЛ-ҚАИДА» ӨКІЛІ»

Жақында жарық көрген бір материалда ол «Қырымдағы әлеуметтік-саяси және этносаралық жағдайды ушықтырып отырған адам» ретінде сипатталып, өткір сынға ілікті. Бұл аздай оны 1944 жылғы Қырым татарларын депортациялау туралы фильмді қаржыландырғаны үшін «Қызыл армияға күйе жақты» деп те айыптай бастаған.

ATR телеарнасын Ресейдің «Дождь» телеарнасымен салыстыруға болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Ленинград блокадасына қатысты даулы сауалнама жүргізгені үшін бұл телеарна кабельдік және спутниктік желілерден айырылған.

Ridus.ru сайты наурыздың 19-ы күні жариялаған мақаласында «Егер бүкіл ғаламда русофобияға байланысты басынан дау арылмайтын «Дождь» телеарнасына тең келер телеарна бар болса, онда ол - Симферопольдегі ATR телеарнасы» деп жазды.

Орыс тілді ақпарат құралдарындағы бірқатар материалдарда Ислямов «сатқын», «экстремист» және «Әл-Қаида» өкілі» ретінде сипатталды.

«ТАТАР ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АДАМ»

Мәскеуде тұратын Қырым татары, журналист әрі блогшы Айдар Муждабаевтың айтуынша, «бұл – Ресейде тұратын татарлар мен мұсылмандарға жақсы таныс сценарий».

"Бұл - ислам дінімен байланысы бар адамдарға қарсы қолданылып келе жатқан сценарий. Татарстанда да «экстремист» деп танылғандар болған. Ресей басшылығы Қырымды толық бақылауға алған соң дәл осылай күйе жағу басталады. Татарларға кез-келген типтегі экстремист деген айып тағылады" дейді ол.

Муждабаевтың айтуынша, «Ең бірінші Ислямовтың сынға ілігуі бекер емес. Себебі оның телеарнасы халық арасында танымал, әрі ол тәуелсіз саясат ұстанады».

"Ленур Ислямов әсіресе соңғы жылдары татар тілі мен мәдениетінің дамуына көп еңбек сіңірді. Ол ATR телеарнасын құрып, оны орыстар мен Қырымның бүкіл тұрғындарының арасындағы жұрт ең көп көретін арнаға айналдырды" дейді журналист.
Қырым татарлары наразылық білдіріп тұр. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырым татарлары наразылық білдіріп тұр. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)


Сарапшылар мен татар ұлтының белсенділері Ислямовқа шүйлігу әрекеті кең ауқымдағы қысымға ұласып кете ме деп қауіптенеді.

1980 жылдардың соңында татарлар Қырым түбегіне көшіп келе бастағалы Қырым татарлары мен орыстардың арасы нашарлап кетті. Қырым татарларының басым көпшілігі түбекті Ресейге қосу туралы референдумға қатысудан бас тартты.

ТАТАРЛАР УӘДЕГЕ КҮДІКПЕН ҚАРАЙДЫ

Қырым мен Севастопольдегі негізінен этникалық орыстардан құралған жаңа үкімет «заң шығарушы және атқарушы үкіметтегі лауазымды орындардың 20 пайызы татарларға беріледі, Қырым татарларының тілі ресми тіл болады, Қырым татарларын елге қайтарудың жаңа бағдарламасы қабылданады» деген уәделер беріп жатыр. Ал Қырым татарлары бұл мәлімдемелерге күдікпен қарап, болашақ тағдырларына алаңдап отыр.

Қырым үкіметінің қазіргі мүшелерінің ішінде бірде-бір Қырым татары жоқ. Премьер-министр орынбасары Рустам Темірғалиев - Ресейдің Татарстан республикасынан келген Қазан татары. Оның әкесі – Еділ татарларының "Идел" атты ресейшіл қауымдастығының басшысы.

Наурыздың 29-ы күні Қырым татарларының саяси кеңесі – құрылтай өтпек, онда елдегі татар ұлтының мәртебесі талқыланып, Ресей паспорттарын алу-алмау жайы пысықталады.

Орыс тілді ақпарат құралдары ATR телеарнасын «Хизб-ут-Тахрир» ислам қозғалысының өкілімен сұхбатты эфирге шығарғаны үшін айыптайды. Қырым түбегінде 10 мыңдай мүшесі бар бұл ұйым Украинада заңды түрде әрекет етеді, ал Ресей оны экстремистік ұйымдар қатарына жатқызған.

Наурыздың 19-ы күні берген сұхбатында Темірғалиев «Хизб-ут-Тахрирдің» жабылатынын айтып:

"Ресей заңдарына сәйкес біз бұл ұйымның қызметін шектеуге тиіспіз. Бұл қандай формада жүзеге асады, оларға толықтай тыйым саламыз ба, әлде қатаң бақылауға алу арқылы заң шеңберіне өтуді талап етеміз бе - ол жағы жақын арада шешіледі" деді.

АРАНДАТУ

Қырымдағы даулы референдум болардан екі күн бұрын «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының украиналық бөлімшесі ресми мәлімдеме жасап, «арандату әрекеттерінің» болатынын ескертті.

Мәлімдемеде «Арандату әрекеттерінің болатынын болжап отырмыз. Белгісіз адамдар қауіпсіздік күштеріне, не азаматтарға шабуыл жасап, Ресейдің Қырымға қосылғанын ақтап алу мақсатында мұны «Хизб-ут-Тахрирге» жабады. Біз мұны алдын-ала үзілді-кесілді жоққа шығарамыз. Мұндай оқиғалар бола қалған жағдайда барлық жауапкершілік Қырымды жаулаушылардың мойнында болады» деп жазылған.
Иван Селенцов. Қырым, 18 наурыз 2014 жыл.
Иван Селенцов. Қырым, 18 наурыз 2014 жыл.
Наурыздың 17-сі күні Симферополь қаласында орыс тіліндегі Құран таратып жүрген жерінен Иван Селенцов есімді Қырым татары қамауға алынды. Оның адвокаты Эмиль Курбединов Азаттықтың Татар-башқұрт қызметіне берген сұхбатында Селенцовтың содан бері «шағын бұзақылық жасады» деген айыппен, ішімдік ішкен-ішпегенін тексеру мақсатында уақытша қамау орнында отырғанын айтты.

Адвокаттың айтуынша, Иван Селенцовқа Қырым басшылығы «экстремист» деген айып тағуы мүмкін.

"Референдум кезінде мұсылмандармен қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы ауызша нұсқау берілген... Ол Құран таратып жүрген. Қалаға кіріп келе жатқан жерінен тексеру-өткізу пунктіндегілер тоқтатып, сақалы туралы сұрап, «уахабсың» деп тиіскен. Оның көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып алып қалған. Қазір көлігі жоғалып кетті, біз оны таппай жатырмыз" дейді адвокат.

«ТЕРАКТ БОЛСА, МҰСЫЛМАНДАР ҰСТАЛАДЫ»

Бұл - Ресейде тұратын татарлар үшін таныс сценарий. Райыс Гимадиев Татарстанның Набережные Челны қаласында тұрады. Оны 2012 жылы тұтқындап, «террорлық ұйымдармен байланысы бар» деген айып таққан.

Гимадиевтің айтуынша, өткен айда Сочи олимпиадасына дайындық кезінде оның үйіне тінту жүргізілген. Полицейлер компьютерін алып кетіп, қайтармаған.

"Ресейде террорлық акт бола қалса, бірден мұсылмандарды ұстайды. Ештеңе түсіндірместен мешіттер мен үйлерін тінте бастайды. Ұрып-соғу арқылы олар мұсылмандарды «кінәсін мойындау» мәлімдемелеріне қол қоюға мәжбүрлейді" дейді Райыс Гимадиев.

Адвокат Эмиль Курбединов «оның клиентінің басындағы жағдай осыған ұқсас па» деп қауіптенеді. Иван Селенцов наурыздың 17-сінен бері ресми айып тағылмастан қамауда отыр.

Гимадиевтің айтуынша, «Қырымдағы Ленур Ислямовтың ATR телеарнасына күйе жағу сияқты әрекеттер – арандатушылық».

"Осы кезге дейін Қырымда бәрі тыныш болды. Қазір мұнда дәл сол адамдар тұрып жатыр. Олардың көзқарастары өзгерген жоқ. Олар бұрынғысынша әрекет етеді. Мұнда ешқандай шабуыл да, қақтығыс та болған емес. Енді бірдеңе бола қалса, бұған Ресейдің қатысы бар деген сөз" дейді ол.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG