Accessibility links

Депортация үрейінен арылмаған халық


Белсенді Қырым татары Решат Әметовтің жаназасына жиналған жұрт. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл

Белсенді Қырым татары Решат Әметовтің жаназасына жиналған жұрт. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл

1944 жылы 200 мың Қырым татары жүк пойызына тиеліп, жат елге айдалды. Енді Қырым Ресейге қайта қосылған соң, олардың көбі қудалау қайта бастала ма деп қорқып отыр.

Қырым астанасының түбінде аласа ескі тамда тұратын егде тартқан Хатидже есімді татар әжей жасы келген соң ұмытшақ бола бастағанын айтады. Бірақ оның жадынан көшпейтін, қатты сақталған көріністер бар. Соның бірі – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс солдаттарының Хатидже апайдың отбасын бір бөлмеге қамап, үйлерін өздеріне тұратын жай етіп пайдаланғаны. Енді бір көрініс – соғыстан соң «нацистік коллаборационистер» деп айыпталып, совет билігі оны басқа да тағдырлас татарлармен бірге Өзбекстанға депортациялағанда жергілікті халықтың оларға күмәнмен салқын қарағаны. 1991 жылы Қырымға қайтып оралғанда, теңіз жағалауында орналасқан Алушта қалашығында балалық шағын өткізген үйі кәмпескеленіп, орыс басқыншыларға берілгенін білгендегі жүрегінің сыздағаны – және бір ұмытылмайтын естелік.

«Олар бізге ештеңе берген жоқ! Ешқандай өтемақы төлемеді. Олар уәде берумен болды, алайда сөзден әріге барған жоқ. Біздің ескі үйіміз әлі де осында тұр. Оны енді қайтарып ала алмаймын. Қайран жоқ. Өзім жүре алмаймын. Ағам бар еді, бес жыл бұрын қайтыс болды. Ол тікелей мұрагер ретінде күресе алар еді. Мен де мұрагермін, бірақ мен енді дау қуып жүре алмаймын. Ол үйді қайтарып алу үшін аяғыңды тоздыруың керек» дейді Хатидже әже. Хатидже әжей, Қырым татары

Хатидже әжей, Қырым татары



ҮРЕЙДІҢ ҚАЙТА ТІРІЛУІ

Қырым татарларының көпшілігі Хатидже апай баяндағандай тарихты бастан кешкен. Олардың Қара теңіздегі түбекте орналасқан тарихи мекенін иелену құқығы 18-ғасырдан бері Ресейдің қарамағына көшкелі бері сан рет өрескел бұзылды. Ең қасыретті оқиға – 1944 жылы Йосиф Сталиннің бұйрығымен 200 мың Қырым татарын күшпен жаппай депортациялау болатын.

Бұл аумақты Ресей әскери жолмен қосып алған соң, Совет Одағы ыдырағанда атамекеніне оралған Қырым татарларының көпшілігі баяғы трагедия қайталана ма деп үрейленіп отыр. Олар енді 21-ғасырда этникалық тазарту, озбырлық пен оқшауландыруды бастан кешіріп, туған жерінен мәңгілікке айырыламыз ба деп қорқады.

Украинаның шекара қызметінің хабарлауынша, биылғы наурыздың 16-сы күні өткен референдумнан соң Қырым автономиялық республикасы Ресейге қосылуды жақтап дауыс берді деп хабарланғаннан бері бұл аймақтан мыңға жуық адам сыртқа кеткен. Кейбір шенеуніктер бұл санды 1600-ге дейін өсіріп отыр. Қырым Украинаның құрамында 60 жыл автономиялық аймақ болып тұрды.
Киевтегі шенеуніктердің айтуынша, Қырымнан көшкендердің барлығы бірдей татар емес. Сыртқа кеткендердің ішінде украиндар, тіпті түбектің этникалық көпшілігінің өкілдері – орыстар да бар. Алайда құқықтық жағынан қорғануға шамасы аз, славян емес, мұсылман азшылық ретінде Қырым татарлары ең қауқарсыз топ болып отыр. Қырым татарлары наразылық шарасында.

Қырым татарлары наразылық шарасында.


Қырым халқының 15 пайызын құрайтын татарлардың көпшілігінің сыртқы есіктеріне қазірдің өзінде олардың этникалық тегін жария етіп, ескертіп тұратын арнайы белгілер жапсырылғаны туралы хабар тарады. Байлап-маталған, азапталған жалаңаш денесі референдум өткен күні Симферополь маңынан табылған 39 жасар Қырым татары Решат Әметовтің жоғалуы мен өлтірілуі татарлар арасындағы үрейді одан бетер күшейтті. Әсіресе, бұл – Әметов секілді Украинаның еуропашыл Еуромайдан шерулерін ашық қолдаған татарларды үркітті.

БОСҚЫН ТАТАРЛАРҒА КӨМЕКТЕСУШІЛЕР

Суретші, әрі коллекционер Рүстем Скибин өз отбасының Симферополь мен Феодосия арасындағы Қырым татарларының дәстүрімен салынған үйінен қашып шыққанын айтады. Бұл – әскери техниканы күшейтіп, жергілікті БАҚ-ты, соның ішінде Қырым татарларының телеарнасы АТР-ды тұншықтыра бастаған соң болған оқиға. Скибин жұбайымен бірге Киевке жол тартқан. Ал анасы, қарындасы және оның балалары достарымен бірге Львов қаласына бет алған.

«Мен бұл жағдайды отбасыма, маған, өнеріме төнген қауіп деп бағаладым. Мен отбасыммен бірге Украинаға көшуге бел будым. Өзіммен бірге жалпы саны 20 жыл ішінде тер төгіп жасаған шағын коллекциямды ала кеттім» дейді Рүстем.
37 жасар Скибин Киевте «Қырым SOS» еріктілер ұйымымен бірге жұмыс істеп жатыр. Олардың мақсаты – түбектен қашқан азаматтарға қол ұшын созу. (Біраз адам тіпті бұдан қашыққа өтіп кеткен. Евпаториядан шыққан 32 татар ЕО-ға мүше Польшадан баспана сұрап отыр). Львовқа келіп жеткен Қырым татарлары.

Львовқа келіп жеткен Қырым татарлары.


Скибин көпшілік татарлардың атажұртынан кеткісі келмейтінін айтады. Алайда Қырымның жаңа үкіметі азшылыққа айналған татарларға жаңа шектеулер қолданғысы келетінін ескерсек, сыртқа шыққысы келетіндердің көбеюі мүмкін.

«ПОГРОМ» ҚАЙТАЛАНА МА?

Қырымның вице-премьері Рустам Темірғалиев осы аптада «үкімет татарлардың заңсыз басып алған жерлерін «әлеуметтік қажеттіліктер үшін» босатуын сұрайтынын» мәлімдеді. Егер бұл талап ресми түрде іске асырылатын болса, оның зардабы 1991 жылы түбекке қайта оралғанда жер құқығынан қағылғандықтан, рұқсат берілмеген жерлерге өз беттерімен үй салған Қырым татарларының барлығына тиеді.

Қырымның байырғы халықтарын зерттеу және қолдау қорының жетекшісі Надир Бекир «Киев саясатындағы өзгерістерге қарамастан, мұндай қысым 1990 жылдардан бері бар екенін» айтады.

«Коммунистер болды, Қызғылт-сары революция болды, Аймақтар партиясы болды – ешқайсысы ештеңе істеген жоқ» дейді ол. Оның сөзінше, Қырым татарларын әдейі заңсыз құрылыс салуға итермелеген. Бұны жаңа билік пайдасына асырмай қоймайды. Бақшасарай мешітінен шығып келе жатқан Қырым татарлары.

Бақшасарай мешітінен шығып келе жатқан Қырым татарлары.


«Егер қандай да бір «погром» (белгілі бір этникалық топтың үй-жайын ойран ету, я тартып алу – ред.) басталса, ең алдымен, Қырым татарларының қарсы шығуы әбден мүмкін. Меніңше, олар Қырым татарларының қоныстарын босату жөніндегі мәселені көтеру арқылы, олардың үй-жайларын тартып алуды заңды етіп, этникалық тазартуды бастауды көздеп отыр» дейді Надир Бекир.

Қоныстарды тартып аламыз деп қорқыту – Симферопольдің ресейшіл үкіметі референдумға дейін берген сөзін орындамайтынының бірінші белгісі. Олар Қырым татарларына Ресей билігінің астында кең өкілділік береміз деген болатын.

«ПУТИННІҢ УӘДЕСІ ҚАЙДА?»

Темірғалиев – Қазан татары. Олар – Қырым татарларына қатысы бар, бірақ тілі бөлек топ. Темірғалиев Қырым татарларының өкілдеріне Симферополь үкіметінде бірқатар жоғары лауазым береміз деп сөз берген болатын. Ресей президенті Владимир Путин Украина депутаты, әрі Қырым татарларының белсендісі Мұстафа Джемилевпен сөйлескен соң, «Қырым татарлары тарихта әділетсіздіктер көргенін» мойындап, ендігі уақытта «құқықтары мен абыройлы атын қалпына келтіремін» деп сөз берген. Мұстафа Джемилев, Қырым татарларының жетекшісі, Украина парламентінің депутаты

Мұстафа Джемилев, Қырым татарларының жетекшісі, Украина парламентінің депутаты


Алайда содан кейін Симфераполь үкіметі Джемилевті Қырымда «персона нон грата» деп жариялады. Наурыздың 21-і күні Киевте сөйлеген сөзінде Джемилев: «Жергілікті шенеуніктер ауызбіршілігі берік Қырым татарларының қауымын «бөліп ал да билей бер» деген қарабайыр стратегиямен үркіткісі келетінін» айтты.

«Енді 21-ғасырда 1944 жылдағыдай мал таситын вагондар мен күштеп депортациялау болмайтын шығар. Бірақ Қырым татарлары саяси элитасының басқыншы билікке басын имейтін мүшелеріне қысым көрсету, қудалау, көзін құртуға тырысудың болуы әбден мүмкін. Меніңше, кем дегенде бір фракцияны өздерінің жағына қосып алып, Қырым татарларының арасына от салу үшін, олар біраз күш салмақ» деді Джемилев.

Бұйрықты Симферополь үкіметінен емес, өздерінің Мәжіліс саяси ассамблеясынан алатын Қырым татарларының барлығы дерлік наурыздың 16-сы күнгі референдумға бойкот жариялаған. Олар Ресейдің «бірігуге дауыс берген 97 пайыздың үштен бірі – татарлар» деген мәлімдемесіне қатысты қатты айтысқан.

Бірақ Мәжілістің сыртқы байланыстар департаментінің басшысы Әли Хамзин «қауым мүшелерінің көбі тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін Ресейдің қарулы құрсауына қайта оралуға қарсы емес» екенін айтады. Бірақ ол саяси ахуалдың күрт өзгеруі мүмкін екенін айтып ескертеді.

«Путин Мұстафа Джемилевпен сөйлесіп, Қырым татарларының қауіпсіздігіне кепіл беремін деп үлкен қойылым жасады. Белгілі бір кезеңде біз Ресейдің Қырымды аннексиялау үшін әскери күш қодланатынын білгендіктен келісімге келдік. Енді біз Путин Қырым татарларына «барлығы жақсы болады» деп уәде еткенде, бізді алдамағанын дәлелдеуін қалаймыз» дейді ол.

(Андрей Шароградский, Алсу Курмашева, Дейзи Синделар жазған мақаланы аударған – Әзина Мақұлжан).
XS
SM
MD
LG