Accessibility links

Киевте Украинаның шығысынан ауғандарға сенбейді


Украинаның шығысындағы Макеевка қаласынан келген балалар Киевтегі босқындар орталығында телевизор отыр.

Украинаның шығысындағы Макеевка қаласынан келген балалар Киевтегі босқындар орталығында телевизор отыр.

Украинаның шығысындағы соғыс кесірінен үй-жайларын тастап қашқан адамдар елдің басқа аймағынан баспана таба алмай қиналып жүр. Босқындарға Киев тұрғындары сенімсіздікпен қарайды.

Украинаның шығысындағы туған қаласы Горловкада ұрыс басталғанда Юлия мен жұбайы көп ойланып отырмады. Жүктерін буып-түйіп, балаларын алып, көлікпен Киевке аттанды. Екеуі де астанадан жұмыс тапты. Бірақ бұл отбасы бес айдан бері қонақүйге түнеп келеді.

ПӘТЕР ТАППАЙ ҚИНАЛҒАНДАР

Донбастан Киевке қоныс аударған Юлия «Пәтер табу өте қиын. Пәтер иелері бірден қай жақтан келгенімізді сұрайды, «Донбастан ба? Онда сау болыңдар» деп қоштасуға асығады. Бір күні жолдасым сағат 8 бен 10-ның арасында жалға пәтер берушілерге қоңырау шалды. Осы екі сағат ішінде 17 адам бетін қайтарды» дейді.

IDP (әскери қақтығыстар кесірінен үйін тастап, басқа жаққа көшуге мәжбүр болған, бірақ өз елінің аумағында жүрген адамдар - ред.) өкілдерінің көбінен осындай әңгімені естисіз. Украинаның батыс аймақтарына босып келген жандар пәтер таппай қиналып жатыр.

Үкімет әскері ресейшіл сепаратистерге соғыс ашқалы Украинада шығыс аймақтардан қоныс аударған адамдарға көзқарас өзгерді. Батысқа ағылған азаматтардың саны көбейген сайын басында оларға тегін баспана ұсынып, қамқорлық жасағандар қазір күмәнмен қарайтын болған. Киевте жылжымайтын мүлік бойынша жұмыс істейтін заңгер Иван Кудояр «Жалға пәтер беріледі. Донецк, Луганск облысы мен Африкадан келгендер мазаламасын» деген хабарландыруды жиі көретін болдық» дейді.

Бұндай құбылыс тек Киевте ғана байқалмайды. Екі апта бұрын Донецкіден қашып келген Анастасия есімді жас әйел елдің батысындағы Львов қаласынан пәтер тапсам деген үмітінің үзіле бастағанын айтады. «Донецкіден келгенім бәле болды» дейді ол. Анастасия «пәтер қожайындарымен кездескенде кейбірі төлқұжатын көріп, «кешіріңіз, бұл менің позицияма қайшы келеді» дейтінін» айтады.

Украина аймақтарындағы босқындар саны:

«ДОНЕЦКІДЕ ТЕК СЕПАРАТИСТЕР ТҰРМАЙДЫ»

Львовтағы жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттік өкілі Ирина Яремконың айтуынша, «хабарландыру берген пәтер қожайындары «Донецк пен Луганскіден келген адамдарды тізімнен шығарып тастаңдар» деп сұрайды». Оның үстіне, жергілікті жұрт Украинаның шығысынан келген пәтер іздеушілерді «IDP өкілдеріне арналған жеңілдіктерді, яғни жақсы қалаға көшіп алу мүмкіндігін пайдаланып қалғысы келетін адамдар» деп санайды. Мұндай түсінік те қоныс аударушылардың жағдайын қиындатып отыр.

Ұзаққа созылған шиеленістің басылар түрі көрінбейді, сондықтан пәтер иелері жалға алушылардың төлем қабілетіне де күмәнмен қарайды. «Донецкіден келген адамдарға тұрақты жұмыс табыла бермейді. Олардың жинаған ақшасы бар, сонымен бірнеше айдың пәтерақысын төлейді. Бірақ әдетте алты айдан соң ақшалары бітеді» дейді заңгер Иван Кудояр.

Қалтасында қаржысы аз немесе көк тиынсыз келген босқындардың жеке пәтер жалдап тұруға мүмкіндігі жоқ. Донецк облысынан келген зейнеткер Григорий Киевтегі бір қаусаған ғимаратты паналап отыр. Қазір ол ескі үй бас сауғалап келгендердің жатақханасына айналып кеткен.

Киев билігі оның зейнетақысын қайта қарап жатыр, қазір ол Қызыл Крест көмегімен күн көріп отыр. Қыс таяп қалғандықтан, Григорий ендігі күніне алаңдайды. «Күн суығанда ешкім көмектеспесе, азынаған далада қаламыз. Бұнда от жағатын жер бар, бірақ отынның ақшасын кім төлейді?» дейді ол.

Басында Украинаның шығысынан ағылғандарға елдің батыс аймақтарының тұрғындары көмек қолын созған еді. Бірақ қазір алғашқы қарқын басылып қалған, қоныс аударушылар енді оларға деген өшпенділіктен жандары ауыратынын айтады. «Балаларым соғысты, бетперде киген қарулы адамдарды көрмесе деймін. Оларды қорғау керек болды, өмірімізге қауіп төнгенін түсіндік. Осы жаққа шұғыл кетуге мәжбүр болдық» дейді Горловкадан келген Юлия.

Аман қалу үшін туған қаласы Донецкіні тастап, Киевке келген Алексей Украинаның батыс аймақтары тұрғындарынан шығыстан қашып келгендерді сепаратист санамауды сұрайды. «Көпшілік «Донецк тұрғындары жаман, бәрі сепаратист» деп ойлайды. Бірақ Киевке келгендер де Украина азаматтары ғой. Олар осында келді, Украинаны таңдады» дейді ол.

(Виталий Сизов пен Галина Терещук және Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG