Accessibility links

Украина таңдау жасайтын сәт туды


Үлкен Украина туы астында балалар ойнап жүр. Киев, 23 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Үлкен Украина туы астында балалар ойнап жүр. Киев, 23 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина Еуропа Одағымен жақындасып, бетін Батысқа бұрғандай болғанымен, соңғы сәтте Ресей қысымына шыдамай, Батыспен серіктестік келісімінен бас тартуы мүмкін. Бұл елдің басында ондай оқиға бір ғасыр бұрын болған еді.

100 жыл бұрын Украина Батыс Еуропа елдері қатарына кірмекке ұмтылған еді. Бірақ оның соңы Мәскеудің қол астына өтумен тынды. Осы оқиға тағы қайталанып жүрмей ме? Өйткені, Украина үкіметі қарашаның 21-і күні ЕО-мен келісім жасасуға дайындық жұмыстарын тоқтататынын мәлімдеді.

«ЯНУКОВИЧ РЕСЕЙ ҚЫСЫМЫНА ШЫДАМАЙ БАРАДЫ»

Еуропа Одағы (ЕО) Украинаны қабылдау үшін бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы түрмеден босатуды талап еткен еді. Бірақ қарашаның 21-і күні Жоғарғы Рада бұл талапты қабылдамай тастады. Рада шешіміне қарсы оппозиция депутаттары «Ұят! Масқара!» деп ұрандады.

Келесі аптада Еуропа Одағымен тығыз байланысқа жол ашатын «Шығыс серіктестік» саммиті (Вильнюсте – ред.) басталады. Осы жиында Украинаның ЕО-мен серіктестік келісіміне қол қою мәселесі талқыланбақ.
Жоғарғы Раданың ЕО талаптарын орындамау туралы шешіміне дауыс бергендер қол шапалақтап, оппозиция депутаттары "Ұят! Масқара!" деп айқайлап тұр. Киев, 22 қазан 2013 жыл. "

Жоғарғы Раданың ЕО талаптарын орындамау туралы шешіміне дауыс бергендер қол шапалақтап, оппозиция депутаттары "Ұят! Масқара!" деп айқайлап тұр. Киев, 22 қазан 2013 жыл. "

​Еуропарламенттің сыртқы істер комитеті төрағасы Эльмар Броктың айтуынша, Украина президенті Виктор Янукович келісімге қол қоюға «дайын емес».

- Үміт үзуге болмайды, бірақ Янукович Ресейдің қысымы мен уәдесіне шыдамай, келісімге қол қоймай қоя ма деп күдіктенем, - дейді Брок.

Киевтің ЕО-ға кіруге ұмтылып отырғаны мәлім. Бірақ Украинаның осы жолғы парламенті бұл процесті тоқтатады ма, жоқ па - белгісіз. Ал ЕО-дан бас тартқан күнде Украина Ресейдің үстемдігі жүріп тұрған Кеден Одағына кіре ме? Мәскеудің мақсаты Украинаны осы одаққа кіргізу екені бұрыннан белгілі.

БІР ҒАСЫР БҰРЫН БОЛҒАН ЖАҒДАЙ

Украина 1918-21 жылдары Батыспен жақындасуға ұмтылған еді. Киев бұл шақта орыс билігінен тәуелсіздік алуға тырысты.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай орыс империясы құлады. Балтық елдері, Польша, Беларусь пен Украина бөлініп кетті.

Польша мен Финляндия тәуелсіз елге айналды да, Украина егемен ел болуға бар күшін салғанымен, дербес мемлекет бола алмады.

Сол кездегі Украинада бірінші дүниежүзілік соғыс пен Ресейдегі азаматтық соғыс, поляк-совет соғысы және партизандар күресі қабаттасып кетті. Егемендік алғысы келген елдің шекаралары белгіленбеген, ішкі күштері де бірікпеген, тарихи одақтастары жоқ және дипломатиялық дәстүрі қалыптаспаған еді.
Харьков қаласындағы Қызыл Армия парады. Украина, 1920 жыл.

Харьков қаласындағы Қызыл Армия парады. Украина, 1920 жыл.

Будапешттегі Орталық Еуропа университетінде дәріс оқитын профессор, Украина ғылым академиясының зерттеушісі Остап Середаның айтуынша, «Украинаның ұлттық тұтастыққа ұмтылуы бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін, 19-ғасырдан басталған».

Ол «бұл кезеңді геосаяси және ұлттық мүдделердің тоғысқан тұсы ретінде қарастыруға болатынын» айтады.

- Украинада екі процесс қатар жүріп жатты. Украин халқы Ресей мен Польшаның мәдени ортасынан бөлінуге тырысты және бұл кезде Польша мен Ресей Речь Посполитая ауданына таласып жатты. Кейін ол аумақ Ресей немесе Австрия империясының құрамына өтті. Украина жерінде осылайша үш түрлі мүдде қақтығысты, - дейді Середа.

РЕСЕЙ УКРАИНАНЫ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ САНАЙДЫ

Ресейдің ұлттық тұтастық идеясы да 19-ғасырда пайда болды, ол славян-православ бірлігіне негізделді. Украина оның ажырамас бөлігі саналды. Бирмингем университеті тарихшысы Клаус Рихтер:

- Ресейге Балтық елдерінен айрылғаннан гөрі Украинаның қолдан шығып кеткені ауыр тиді. Негізінде, Балтық елдері де орыстар үшін маңызды аймақ саналды. Балтық теңізі порты экономика үшін керек еді. Бірақ Украина Ресейдің бір бөлігі есептелетін, - дейді.

Осы көзқарастың жаңғырығы қазір де байқалып қалады. Кремль саясатын қолдайтын орыс идеологы, бұрынғы мемлекеттік дума депутаты Сергей Марков осы айда «The Moscow Times» басылымына мақала жариялады. Онда ол «Киевті ЕО-мен келісімге қол қоюға итермелейтіндер Ресейдің алып держава мәртебесін қалпына келтіруіне бөгет жасағысы келеді» деп жазады.

1918 жылы ақпанның 9-ы күні Беларусьтің Брест-Литовск қаласына жиналған Украина Ұлттық Республикасының делегациясы орталық державалар – Германия және Австрия-Венгрия өкілдерімен кездесіп, бірінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлімін аяқтау туралы келісімге келді.
1918 жылы құрылған Украина Халық Республикасы жауынгерлеріне қойылған мемориал тақтасы. Украина, Луганск облысы.

1918 жылы құрылған Украина Халық Республикасы жауынгерлеріне қойылған мемориал тақтасы. Украина, Луганск облысы.

Германияның сыртқы істер министрі Ричард Кульман сол жиынды ашып тұрып, «соғыс дауылында бой көтерген жас әрі болашағы зор Украина» туралы сөз сөйлеген.

Украина делегациясының басшысы Александр Севрюк «Орталық державалармен жасасқан осы келісімнің арқасында Украинаның тәуелсіз ел ретінде халықаралық байланыстар орнататынын» мәлімдеген.

Бұл келісім-шартқа қол қоюдың өзі Украинаның зор жеңісі еді. Советтік Ресей украиналық делегацияны мойындауға кедергі жасағысы келіп, «Бүкіл аймақ атынан Ресей ғана сөйлейді» деп мәлімдеді. Бірнеше аптадан соң Германия советтік Ресеймен келісімге қол қойғанда, Мәскеу Украинаның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды.

«БАТЫС ПЕН РЕСЕЙ ОРТАСЫНДАҒЫ УКРАИНА»

Алайда сол келісімге қол қойған кезең Украина тәуелсіздігінің ақыры болып шықты. Келісімге қол қойылды, бірақ большевиктер әскері Киев қақпасына таяп қалған еді. Амалы таусылған Украина Германиямен қосымша келісімге отырды. Ол бойынша «Германия Украина астығын алып, орнына әскери көмек беруге тиіс» болды.

1918 жылдың қарашасында Германия мен оның одақтастары тас-талқан болып жеңілді. Жеңіске жеткен «Антанта» өкілдері Парижде бас қосып, соғыстан кейінгі тәртіп туралы кеңесті.

1921 жылдың наурыз айында Украинаның тағдыры шешілді. Осы уақытта Ресей мен Польша совет-поляк соғысының аяқталғанын білдіретін Рига келісім-шартына қол қойды. Шарт бойынша Украинаны екі ел бөліп алды.

Тарихшы Рихтердің айтуынша, «Тәуелсіздік аңсаған украиндықтар Батыс елдері, соның ішінде көрші Польша оларды сатып кеткендей күй кешті».
Коммунистер мен Совет Одағын айыптайтын белсенділер арасындағы қақтығыс. Украина, Киев, 7 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Коммунистер мен Совет Одағын айыптайтын белсенділер арасындағы қақтығыс. Украина, Киев, 7 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

​1922 жылдан бастап Украина жаңа құрылған Совет Одағы құрамына кірді. Осылайша оның тәуелсіздік туралы арманы бірнеше онжылдыққа шегерілді. Совет диктаторы Сталин айтқандай, «Украина - совет билігінің осал тұсы» болды.

Ғасырға жуық уақыт өткен соң Украина тағы да Ресей мен Польша (Польша ЕО-ның «Шығыс серіктестік» бастамасын басқарып отыр – ред.) арасында таңдау жасауға мәжбүр болып отыр.

Алдағы аптада Киев Вильнюстегі «Шығыс серіктестік» саммитінде ЕО-ға қосылатын келісімге қол қоя ма, әлде Ресейдің Еуразия Одағы жобасын таңдай ма - белгісіз.

Бірақ Украина ЕО-ның «Шығыс серіктестік» жобасына қосылу мәселесін тағы бір жылға созуы да мүмкін. Бұдан кейінгі «Шығыс серіктестік» саммиті 2015 жылы Ригада өтеді.

БЕЛСЕНДІЛЕР ТАЛАБЫ

BBC-дің хабарлауынша, қарашаның 21-і күні ЕО-мен келісім жасасуға дайындық жұмыстарын тоқтататынын мәлімдеген үкімет мұны «Ресей және Кеден одағына мүше елдермен, ТМД-мен экономикалық байланыстарды дамыту қажеттілігімен» түсіндірген. Украина үкіметінің ұйғарымынша, ЕО-мен келісім жасасуға дайындықты тоқтату шешімі «ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан» қабылданған.

Қарашаның 22-сіне қараған түні Киевтегі Тәуелсіздік алаңына мыңға тарта адам жиналып, үкіметтің Еуропа Одағымен серіктестік туралы келісім жасасудан бас тартқанына наразылық білдірді.

Оппозиция жетекшілері Арсений Яценюк, Виталий Кличко және Виталий Тягнибок жиналғандар алдында сөз сөйлеп, ары қарай да жаппай шерулер өткізуге үндеді.
Украинаның ЕО-мен серіктестігін жақтайтындар шеруі. Киев, 21 қараша 2013 жыл.

Украинаның ЕО-мен серіктестігін жақтайтындар шеруі. Киев, 21 қараша 2013 жыл.

Оппозициялық «УДАР» партиясының жетекшісі Виталий Кличко «Янукович Еуропа комиссиясы басшысына, Германия мен Польша президенттеріне уәде берген еді. Қазір ол барлық беделінен айырылды» деп мәлімдеді.

ЕО Украинамен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу үшін елде құқықтық және демократиялық реформалар жүргізуді, бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы түрмеден босатуды талап еткен.

Ал Ұлыбританияға (Лондонға) ресми сапармен барған Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Еуразия Одағы (Ресей, Қазақстан, Беларусь мүше болып отырған Кеден Одағының жалғасы - ред.) соңғы 80 жылдық экономикалық тарихқа, өндірістің ортақ ерекшеліктеріне негізделген. Сондықтан, Украинаның орны - Еуразия Одағы» деп мәлімдеді.

Роберт Коалсонның мақаласынан алынған мәліметтерді ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG