Accessibility links

Виктор Янукович Украина президенті болып жарияланды


Украина президенттігіне кандидат болған Виктор Януковичті қолдаушы Орталық сайлау комиссиясының алдындағы шеруде оның суретін сүйіп тұр. Киев. 10 ақпан 2010 жыл.

Украина президенттігіне кандидат болған Виктор Януковичті қолдаушы Орталық сайлау комиссиясының алдындағы шеруде оның суретін сүйіп тұр. Киев. 10 ақпан 2010 жыл.

Украинаның Орталық сайлау комиссиясы Виктор Януковичті ресми түрде президенттік сайлаудың жеңімпазы деп жариялады. Одан бір күн бұрын премьер-министр Юлия Тимошенко бақталасы Януковичтің алаяқтыққа барғаны жайлы өзінде дәлелдер бар екенін мәлімдеп, дауыс беру қорытындысын сотқа беретінін айтқан болатын.

Украинаның Орталық сайлау комиссиясы ақпанның 7-дегі президенттік сайлаудың ақырғы қорытындысын жариялап, Виктор Януковичті елдің сайланған президенті деп ресми түрде мәлімдеді.

Оның алдында сенбі күні кешкісін Украина премьер-министрі Юлия Тимошенко, алты күн үнсіздіктен кейін, сайлаудағы қарсыласы Виктор Януковичтің дауыс беруді бұрмалағаны жайлы қолында айғақ-дәлелдері бар екенін айтып, сотқа шағымданатынын мәлімдеген.

Орталық сайлау комиссиясы Тимошенконың шағымдарын қарамайтындарын айтып, сайлау қорытындысын жоспарланғаннан үш күн ерте жариялап жіберді. Теледидардан сөйлеген Юлия Тимошенко:

«Бүгін мен сіздерге сенімді түрде Украина сайлаулары бұрмаланғаны жайлы айта алам. Және бұл саяси хабарлама емес, заңгерлердің заңды бағалауы», – деп мәлімдеді.

Премьер-министр 1 миллионнан аса дауыс дұрыс саналмаған дей келе, ол Януковичтің бақылауындағы Қырым түбегінде адамды таң қалдыратын заңбұзушылықтар болған деп айтты.

Виктор Януковичтің сайлаудағы жеңісі Юлия Тимошенкодан 3,48 пайызға, яғни 880 мың дауысқа артық болды. Дауыс берулер барысын қадағалаған бірқатар халықаралық бақылаушылар демократия көрінісін байқатты деп бағалаған. Еуропа Одағы, Америка Құрама Штаттары мен НАТО жетекшілері Виктор Януковичті жеңісімен құттықтап қойды.

Бірақ Тимошенко: «Янукович ешқашан Украинаның заңды сайланған президенті бола алмайды», – деді.

Әйткенмен де Юлия Тимошенко өзінің қолдаушыларын 2004 жылғы қызғылт-сары төңкеріс сияқты жаппай шерулерге шақырмауға сөз берді:

«Сотқа шағымданбау Украинаны күрессіз қылмыскерге беріп қою дегенді білдіреді. Мен келесі бір Майданға шақырмаймын және қоғамдық наразылық шараларға жол бермеймін. Украинаға тұрақтылық қажет, бұрын болмаған тыныштық керек. Сол себепті, біз тек заң аясында сотта ғана әрекет ететін боламыз. Мен Янукович біздің президентіміз емес деп ашық айтамын. Алда не болса да, ол ешқашан Украинаның заңды жолмен сайланған презтидентіне айнала алмайды».

Виктор Янукович осыдан алты жыл бұрынғы сайлауда өзінің жеңгенін айтқан болатын. Бірақ ол кезде Юлия Тимошенконың «қызғылт-сары» төңкерістегі бұрынғы одақтасы Виктор Ющенко жеңіске жетіп, билікке келген еді.

Юлия Тимошенко өзінің халыққа жолдаған үндеуінде, ЕҚЫҰ-ның бірқатар бақылаушысы өзінің сотқа беретін шағымын видеожазбалар арқылы қолдауға келіскенін айтты.

Алайда ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары басқа халықаралық бақылаушылармен бірігіп таратқан мәлімдемесінде, «Украинадағы ақпанның 7-дегі дауыс берулер ашық, әділ және кәсіби деңгейде өтті» деп ресми түрде мәлімдеген.

Юлия Тимошенконың бұл айтқандарына жауап берген «Аймақтар» партиясы жетекшісінің орынбасары Анна Герман Тимошенконың сотқа қайрылуы еш нәтиже бермейді деп айтты.

Associated Press ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Анна Герман «Юлия Тимошенко президент сайлауындағы бақталасы болған Виктор Януковичпен келіссөздерге барғысы келіп отыр, бірақ біздің партия онымен демократияға қатысты келіссөзге бармайды» деді.

Сәрсенбі күні Виктор Янукович премьер-министр Юлия Тимошенконы қызметінен кетуге шақырып, «елге жаңа дағдарыс керегі жоқ» деді. Украинада соңғы жылдары экономикалық келісімдер жасауда бірауыздылық болмай, билік саяси дағдарыстың шырмауынан шыға алмаған еді.

Юлия Тимошенконың мәлімдемелерінен кейін жексенбі күні Украинаның орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ақырғы қорытындысын жоспарланғаннан үш күн бұрын жариялап, Виктор Януковичті Украинаның жеңіске жеткен жаңа президенті деп жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG