Accessibility links

Украина шерушілері үкіметті қыспаққа алып жатыр


Шерушілер. Киев, 2 желтоқсан 2013 жыл.

Шерушілер. Киев, 2 желтоқсан 2013 жыл.

Киевтегі шеруге он мыңдаған адам қатысып тұр. Олар елдің Еуропа Одағымен (ЕО) интеграциясы туралы келісімге қол қоймаған үкіметін отставкаға кетіруді талап етеді.

Шерушілер 2 желтоқсан, дүйсенбі күні үкіметтік ғимараттарға баратын жолды бөгеп тастады, енді бір тобы қалалық әкімшілік пен кәсіподақ өкілдері ғимараттарында отыр.

Халық осы демалыста наразылар баррикада жасаған Тәуелсіздік алаңына жиналды. Бұл алаңда жексенбі күні үкіметтің кетуін талап еткен жүздеген мың адам тұрған еді. Киевтегі бұл наразылық шарасы - елдегі 2004-2005 жылдардағы төңкерістен кейін болған ең ірі шеру.

Демалыс күндері шерушілер мен полицияның қақтығысынан 200-ден астам адам жарақаттанды. Оппозиция арандатушыларды айыптады. Полиция сенбі күні таңертең шерушілерді күшпен таратқан.

АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джеффри Пайетт "сенбідегі оқиғаны жылы жауып қоюға болмайтынын" айтты.

Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозо дүйсенбі күні Украинадағы оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, ұстамды болуға шақырды. Ол ел билігі демократиялық бостандық пен адам құқығын сыйлауы керек екенін, ал елінің болашағын Еуропамен байланыстырғысы келген шерушілер ұстамды болғаны жөн екенін айтады.

Киевте жексенбі күнгі оқиғада полицияға қарсылық танытты деп айыпталған он шақты студентті сотқа тартып жатыр. Соңғы күндері отыздай студент милиция бөлімдеріне қамалды. "Әкімшілік ғимаратын басып алған, тәртіпсіздік тудырған, милицияға қауіп төндірген" деген айыппен 11 қылмыстық іс қозғалған.

Украина ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Киевке қосымша әскер әкелінетінін хабарлады.

Украинаның басқа қалаларында да шерулер өтіп жатыр. Запорожьедегі шерушілер қалалық әкімшілікті басып алып, мэрдің қызметінен кетуін талап етті. Харьковте өткен шеруді тарату кезінде белгісіз біреулер файер лақтырып, бірнеше адамды жарадар еткен. Полиция төрт күдіктіні ұстады.

Оппозиция бүкілхалықтық ереуіл жариялады. Украина Жоғарғы радасының мемлекеттік құрылым және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті оппозицияның үкіметке сенімсіздік таныту қаулысы жобасын мақұлдады. Үкіметке сенімсіздік таныту мәселесі 3 желтоқсан күні парламенттің отырысында қаралмақ.

Украина қараша айының соңында Вильнюсте өткен Еуропа Одағы саммитінде елдің осы ұйыммен ынтымақтастығы жайлы келісімге қол қоюы керек болатын. Бірақ Украина билігі саммитке бір апта қалғанда құжатқа қол қоймайтынын мәлімдеді. Ел президенті Виктор Янукович оның себебін "Украина Ресеймен сауда келісімдерін бұза алмайды" деп түсіндірген.

Шеруден тікелей трансляция. Киев, 2 жетоқсан 2013 жыл.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG