Accessibility links

«Еуромайдан» мақсатына жете ала ма?


Еуроинтеграция жақтастарының шеруі. Украина, Киев, 22 желтоқсан 2013 жыл.

Еуроинтеграция жақтастарының шеруі. Украина, Киев, 22 желтоқсан 2013 жыл.

«Еуромайдан» немен аяқталуы мүмкін? Көрші елдерде болған осы тектес қарсылықтардан не нәтиже шығып еді? Азаттық төрт елдегі қарсылық тәжірибесін шолып шықты.

«Еуромайдан» шерушілері «талаптарымыз орындалғанша алаңнан кетпейміз» деп мәлімдеді. Олар мақсаттарына жете ала ма?

Азаттық тілшісі билікті ауыстырып, ескі жүйені өзгерткен Грузия мен Сербияны және режимді биліктен тайдыра алмай, қарсылық акциялары нәтижесіз аяқталған Ресей мен Беларусьтегі жағдайды салыстырып көрді.

ГРУЗИЯ, 2009 ЖЫЛ.

Халық толқуы жайлы айтқанда Грузиядағы 2003 жылғы «Раушан төңкерісі» еске түседі. Солы жылы президент Эдуарда Шевернадзені биліктен кетіріп, Михаил Саакашвили президент болып сайланған еді.

Алты жыл өткен соң Грузия халқы тағы да толқыды. Билікке қарсы шыққан наразылар «Қиянатсыз Грузия!» деп ұрандатты.

«Раушан төңкерісінің» әсері көмескі тартып, Саакашвилиге наразылар көбейді. Президентті сынаушылар «Ол жақтастарымен бірігіп, билікті тұтас иеленіп алды. Саакашвили кесірінен Грузия 2008 жылы Ресеймен соғысуға мәжбүр болды. Бес күнге созылған соғыстан соң Грузия 20 пайыз жерінен айырылып, Абхазия мен Оңтүстік Осетия бөлініп кетті» дейді.

Олар Саакашвилидің автократтық билігінің күшейгеніне де наразы. 2007 жылы үкімет шерушілерді күшпен басып, көзден жас ағызатын газ қолданғанда оппозицияның наразылығы өрши түсті.

Грузия оппозициясы парламент ғимараты алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. Тбилиси, 20 мамыр 2009 жыл.

Грузия оппозициясы парламент ғимараты алдында қарсылық акциясын өткізіп тұр. Тбилиси, 20 мамыр 2009 жыл.

2009 жылы сәуірдің 9-ы күні 50 мың шеруші Грузия парламентінің алдына жиналды.

Шерушілер «Саакашвили отставкаға кетіп, президент сайлауын уақытынан бұрын өткізуге келіспейінше, алаңда тұра береміз» деп серттесті. (Қарсылық 107 күнге созылды).

Бұл демонстрацияға Нино Бурджанадзе мен Иракли Аласания сияқты Саакашвилидің бұрынғы жақтастары да қатысты.

Шерудің бірінші күні Грузияның БҰҰ-дағы елшісі болған Аласания «Саакашвили тұсында Грузия көптеген қиындыққа душар болды. Саакашвили елді өркендетем деп уәде берген. Бірақ біз қазір жұмыссыздық пен тұралаған экономиканы ғана көріп отырмыз. Халық бұндай жағдайда ұзақ уақыт өмір сүре алмайды» деп мәлімдеді.

Шерушілер бейбіт демонстарцияға шыққанымен, Саакашвили артық сақтыққа барып, қарулы армияға жүгінді. Оның осы әрекеті 2007 жылы қатты сынға ұшырады. Шерушілер де шектен шығып, резеңке сойылмен қаруланған полицейлермен қақтығысып қалды.

Уақыт өткен сайын шерушілер саны да кеміді. Олар шілденің 24-і күні «Саакашвилиді биліктен кетіру» деген ең басты мақсаттарына жете алмай тарқасты. Есесіне елдегі саяси ахуал өзгерді. Елдің көңілінде «жеңілмейтін Саакашвилиді жеңуге болады» деген сенім күшейді.

2012 жылы Саакашвилидің биліктегі «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы парламент сайлауына түскенде, миллиардер Бидзина Иванишвили бастап шыққан «Грузия арманы» коалициясы жеңіске жетті. Билік басына оппозицияның бірнеше мүшесі келді. Олардың арасында қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған Аласания да бар.

2013 жылы «Грузия арманы» атынан президент сайлауына түскен Георгий Маргвелашвили 60 пайыз дауыспен жеңді. Осылайша СССР құлағалы бері тәуелсіз Грузияда бірінші рет билік бейбіт жолмен ауысты. Елдің көбі бұл құбылыс Саакашвилидің саяси карьерасындағы бір сәттік жеңіліс болғанымен, демократиялық жүйені мұраға қалдыру арқылы ол мәңгілік жеңіске жетті деп бағалады.

СЕРБИЯ, 2000 ЖЫЛ.

2000 жылы Югославия президенті Слободан Милошевич 13 жылға созылған соғыстан соң билігінен айрылды. Оны «Балкандағы соғысты ұйымдастырушылардың бірі» деп те айтады.

Милошевичті биліктен кетіру әрекеті екі жыл бұрын басталған еді. «Отпор» аталатын студенттік қозғалыс билік жүйесін өзгертуді жоспарлап және жұртқа адам құқықтарын насихаттауға кіріседі.

«Отпор» мүшелері оппозияциялық қозғалыс құру арқылы «Сербия басшысын заңды түрде ауыстырамыз» деген үмітпен 2001 жылы өтетін президент сайлауына дайындала бастады.

Президенттік мандаты (екінші мерзімі) бітіп бара жатқан Милошевич президент сайлауын 2000 жылдың қыркүйегінде өткізуге шақырып, олармен жағаласа қимылдауға мәжбүр болды.

Гаага сотында тұрған Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич. 31 тамыз 2004 жыл.

Гаага сотында тұрған Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич. 31 тамыз 2004 жыл.

Милошевич оппозициялық топтардың бірігіп кетуіне уақыт бермей, үшінші рет сайлануға құқық беретін жаңа заң шығарып, сол арқылы билікті сақтап қаламын деп үміттенді. Бірақ бұл стратегия іске аспады.

Батыстан қолдау тапқан «Отпор» қозғалысы 18 оппозициялық партияның басын біріктіріп, «Сербияның демократиялық оппозициясы» (СДО) аталатын коалиция құрды. СДО атынан президент сайлауына онша танымал емес, мамандығы заңгер ғалым Вожислав Костуника түсті.

Жеңетініне кәміл сенген Милошевич «Осы сайлау мемлекетке де, халыққа да жақсылық, тұрақтылық әкеліп, экономиканың жедел дамуына жол ашады» деп мәлімдеді.

Бірақ бюллетендерді санай бастағанда-ақ Милошевичтің жеңілетіні байқалды. Бірінші айналымда Костуника 50 пайыздан аса дауыс жинады.

Милошевич сайлаудың екінші турын өткіземіз, қайта сайлауға түсеміз деп, уақытты соза түсті.

Бірақ сайлаудың алғашқы нәтижесі жарияланғаннан соң наразы жұрт шеруге аттанды. Қазан айының 5-і күні, екінші айналымнан үш күн бұрын Белград көшелеріне жүз мыңдаған демонстранттар жинала бастады.

Елдің көбі астанаға басқа қалалар мен ауылдардан ағылды. Демонстранттар Сербия мемлекеттік телевизиясы мен парламент үйін қоршап алды. Шерушілер полицияны билікке қарсы қайрап, «Сендер Милшевичті қорғап жатырсыңдар! Намыстарыңды оятыңдар! Бізге өтіңдер. Сендерге ешкім тиіспейді» деп айқайлады.

Екі күннен соң Милошевич қызметінен кетті. Ол алты айдан соң тұтқындалып, Гаага сотына жөнелтілді. Оған «адамзатқа қарсы қылмыс жасап, геноцид ұйымдастырды» деген айып тағылды. Ол 2006 жылы мамыр айында, сот бітуге бірнеше ай қалғанда, жүрегі ұстап қайтыс болды.

Костуника елдің бірінші президенті және кейіннен «Сербия және Черногория» деп аты өзгерген елдің премьер-министрі ретінде билікте 8 жыл отырды. Бірақ ұлтшылдар басқаратын бұл ел қазір тоқырап тұр. Сербияны жұмыссыздық пен жемқорлық жайлап алған. Осы арада мынадай қызық тарихи оқиға еске оралады. Сербияның қазіргі президенті Томислав Николик - 2000 жылғы сол сайлауда үшінші орын алған ұлтшыл. Қазір ол Сербияны Еуропа Одағына қосу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

БЕЛАРУСЬ, 2010-2011 ЖЫЛДАР.

2010 жылы желтоқсанның 19-ы күні Минск қаласында 15 градус аяз тұрды. Бірақ мыңдаған беларусь автократ президент Адександр Лукашенконың қайта сайлануына қарсы шеруге шықты. Наразылар аязға қарамастан, Тәуелсіздік алаңына жиналды.

Беларусь оппозициясының акциясы. Минск, 3 қараша 2013 жыл.

Беларусь оппозициясының акциясы. Минск, 3 қараша 2013 жыл.

Төртінші президент сайлауын уақытынан бұрын өткізем деп мәлімдеген Лукашенко «шерулерді ұнатпайтынын» ашық ескертті. Ол осы сөзінде тұрды да.

Шлем киген сарбаздар мен полицейлер алаңға басып кіріп, жүздеген шерушілерді, журналистерді, тіпті оппозициялық топтардың президентікке түсетін кандидаттарын да тұтқындап, қалғандарын күшпен таратты.

Келесі күні Лукашенко 600-ден астам адамның қамалғанын хабарлады. Ол «Халық шеруі осымен тәмам. Қақтығыс аяқталды. Тыныштықты бұзатындарға бұдан былай төзе алмаймыз» деп мәлімдеді.

Шерудің бірнеше ұйымдастырушысы ұзақ мерзімге сотталды. Олардың ішінде құқық қорғаушы «Вясна» орталығының директоры Алесь Беляцкий мен «Жас фронт» деп аталатын оппозициялық қозғалыс жетекшісі Дмитрий Дашкевич, бұрын президент сайлауына түскен Микола Статкевич бар.

Полиция оппозиция лидерлері мен журналистердің үйін тінтіп, тоқтаусыз қудалап жатқанда белсенділер мен жүздеген азамат қамауда жатты.

Лукашенко осы шеру кезіндегі алаңдағы қақтығысты сылтау етіп, ақпарат құралдары мен Facebook, Twitter сияқты әлеуметтік желілерге қысымды күшейтіп, көпшіліктің бас қосуына тыйым салатын жаңа заңды енгізіп үлгерді.

2011 жылдың көктеміндегі Минск метросындағы жарылыстан соң (12 адам қаза тапқан) Лукашенконың өз билігін нығайту риторикасы күшейте түсті. Ол бұл жарылысты «террорлық акт» деп бағалады. Көптеген белсенділер «Лукашенко бұл оқиғаны оппозицияны талқандауға пайдаланбақ» деп болжады.

Бірақ оппозиция мүшелері де қарсылықтың жаңа жолдарын ойлап тауып, қолданып жатыр. Олар қол шапалақтап шулайды, телефондарға «Ояныңдар! (Оян беларусь!)» деген СМС-тер жібереді, ойыншық қонжықтардың суретін интернетке шығарады, тіпті футболкаларына неше түрлі сөздер жазып алып, көшеде киіп жүреді. Бірақ үкімет бұндай тың тәсілдің бәрін тұншықтырып, қарсыларды қамап жатыр.

Үкімет биыл күзде Дашкевичті қамаудан босатты. Беляцкий, Статкевич және басқа да саяси тұтқындар әлі қамауда отыр. Батыстың «Еуропа Одағы аумағына кіргізбейміз», «2010 жылғы сайлау - әділетсіз өткен алаяқтық» деген сияқты ескерту әдістері Лукшенконы састырған жоқ. Бұл тұрғыда кейде Беларусьпен келіспей қалатын Ресей үкіметі Минскіге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Бұрын дотацияға тәуелді болған, болашақта нарықтық экономикаға өткісі келетін Беларусь экономикасы Ресейдің өзі қаржылық қиындыққа ұрынғанда мүлде тұралап қалуы мүмкін.

Әзірше «Еуропаның ең соңғы диктаторы» елін темірдей тәртіппен бағындырып отыр. Ол 2015 жылғы президент сайлауына тағы да түсетінін ескертті.

РЕСЕЙДЕГІ «БОЛОТНЫЙ ШЕРУІ»

1990 жылғы экономикалық дағдарысты бастан кешкен ресейліктер бас амандығы үшін саясатқа белсенді араласпайтындай көрінген.

"Болотный ісі" бойынша қамалғандарды қолдау акциясы. Мәскеу, 12 ақпан 2013 жыл.

"Болотный ісі" бойынша қамалғандарды қолдау акциясы. Мәскеу, 12 ақпан 2013 жыл.

Бірақ 2011 жылдың желтоқсанында премьер-министр Владимир Путинге наразы болған сайлаушылар «Путин қолдаушылар саны кеміп бара жатқан «Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясын билікте сақтап қалу үшін парламент сайлауын әділетсіз өткізді» деп көшеге шықты. Шерушілер «Путинсіз Ресей!» деген ұран көтерді.

Путин шерудің алдында ғана келесі жылы президент сайлауына қатысатыны туралы мәлімдеген еді. Осыдан соң мыңдаған адам қыстың аязына қарамастан көшеге шықты. Мұндай үлкен демонстрация СССР тарағалы бері Ресейде болмаған. Осының өзі «жеңілмейтін Путиннің» иммджіне ауыр соққы боп тиді.

Шеру кезінде ақ киім киген «Әділетті сайлау» қозғалысының мүшелері әуеге шар ұшырып, қолдарына лента тағып, түрлі акциялар ұйымдастырды. Олар үлкен шерулерге мыңдап қатысып, үкіметті қайтадан әділетті сайлау өткізуге шақырды. Жұртты Путинге дауыс бермеуге үндеді. Мәскеудегі шерудің көбі Болотный алаңында өтті.

Бұл толқуға ілесіп Ресейдің басқа аймақтарындағы белсенділер де акциялар ұйымдастырды. Олар шығармашылық тұрғыдан да дами түсті. Ақпан айында Путин режиміне наразы Pussy Riot панк-тобы Мәскеудегі православ шіркеуінде өлең айтты. Үкімет аталмыш топтың екі мүшесі, Надежда Толоконникова мен Мария Алехинаны «діни араздық тудырды» деген айыппен соттады.

Бірақ наурыздағы сайлауда Путиннің 60 пайыздан асыра дауыс жинап, жеңіске жетуіне бұл қарсылық шаралары кедергі бола алмады. Бірақ қалың жұрт Путиннің инаугурациясы кезінде Болотный алаңына тағы жиналды.

Путин сайлау алдында шерулерге кедергі келтірген жоқ. Президенттік постқа отырған соң қатал шараларды қолға алды. Инаугурация кезінде көшеге шыққан жүздеген шеруші тұтқындалып, оның соңы демонстранттар мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласқан еді.

Арада бір жыл өтсе де үкімет Болотный алаңына шыққан ондаған белсендінің ісін әлі сотта қарап, басқа да тәсілдермен қудалап жатыр. Олардың арасында жемқорлыққа қарсы күресуші, танымал блогер Алексей Навальный мен «Солидарность» қозғалысының белсендісі Илья Яшин де бар.

Путин оппозицияны біржола тұншықтырып тастау ниетінен әлі қайтқан жоқ. Ол шерушілерге салынатын айыппұл көлемін көбейтті. Үкіметтік емес ұйымдарды «шетел агенті» деп тіркелуге мәжбүрледі. Гомосексулизмді ашық талқылағандарды қылмыстық жауапқа тартатын заң шығарды. Сөйте отырып ол оқтын-оқтын «ашық диалогқа дайын екенін» мәлімдеп қояды.

Путин «Ресейдің қазіргі ахуалы және болашағы жайлы сан-алуан пікірлер бар. Мұндай қызу талқыланатын даулы тақырыптар - ой еркіндігі сақталған демократиялық елдер үшін қалыпты жағдай. Бұл - біздің халықтың таңдап алған бағыты. Сондықтан біз үшін бір-біріміздің пікірімізді тыңдап, құрметтеу маңызды. Өзара түсінісіп, мәмілеге келуге тырысайық» дейді.

(Дейзи Синделардың мақаласын аударған - Сағынай Кәрім)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG