Accessibility links

AI: «Сепаратистер Украина сарбаздарын ату жазасына кескен»


Игорь Брановицкийді жерлеу рәсіміне келген Украина сарбаздары. Киев, 3 сәуір 2015 жыл.

Игорь Брановицкийді жерлеу рәсіміне келген Украина сарбаздары. Киев, 3 сәуір 2015 жыл.

Amnesty International Дондастағы ресейшіл сепаратистердің тұтқынға түскен Украина солдаттарын атып тастағанын мәлімдеді. Құқық қорғаушы ұйым «жантүршігерлік айғақтар» тапқан.

Азаттық радиосы Amnesty International халықаралық құқық қорғаушы ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры орынбасары Денис Кривошеевпен сұхбаттасты.

Азаттық: - Amnesty International сепаратистердің тұтқынға түскен төрт Украина сарбазын өлтіргенін дәлелдейтін айғақтарымыз бар деп, «оларды жазалау мақсатында атқан» деген ақпарат таратты. Сол жайында толық айтып берсеңіз.

Денис Кривошеев: - Сол төрт солдат тұтқында болған кездегі видео бар – олар қаңтардағы әскери шаралар кезінде қолға түсті. Осыған дейін олар қамауда отырды, бірақ тірі болатын. Кейін олардың өлгенін көрсететін суреттер қолымызға түсті. Суретке қарап солдаттарды атып тастағанын ұқтық.

Азаттық: - Amnesty International бұл солдаттар жайлы не біледі, олардың аты-жөндері анықталды ма?

Кривошеев: - Олардың біреуінің аты жарияланды - Игорь Брановицкий. Бір апта бұрын Киевте жерленді. Қалған үш адамның есімін атауға әлі ерте. Бізге ақпарат беретін адамдардың да қауіпсіздігін ойлауға тиіспіз, сондықтан олардың аты-жөнін нақтылап айтуға болмайды.

Азаттық: - Оларды өлтіргендері расталса, мұны әскери қылмыс деуге бола ма?

Кривошеев: - Тұтқынға түскен адамға қатысты қатыгез әрекеттер жасау немесе оны өлтіру – әскери қылмысқа жатады. Бұған жауапты адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту керек.

Азаттық: - Қалай ойлайсыз, солдаттарды ату сирек кездесетін оқиға ма, әлде жиі болып тұра ма?

Кривошеев: - Тұтқындағы адамдарға аяусыздықпен қарап, оларды азаптау туралы деректер көп, оны кең тараған әрекет деп айтуға болады. Атап айтатын жайт, екі тарап бұл тұрғыда бір-бірінен қалысар емес. Өлім жазасына келсек, біз ондай бірді-екілі оқиғаларды ғана білеміз, сондықтан оны жиі болып тұратын оқиға дей алмаймын. Бірақ өлім жазасының саны біз ойлағаннан көп пе деп күдіктенемін.

Азаттық: - Amnesty International Киевті сарбаздардың өлімін тексеруге шақырды. Бірақ Украина билігі сепаратистер басқарып отырған аймақта тексеріс жүргізе ала ма?

Кривошеев: - Олардың мүмкіндігі шектеулі. Киев тәуелсіз және бейтарап тергеу жүргізуге тиіс. Бұл мәселе Украинада оңай шаруа емес. Бірақ олар осы жағдайды әділ зерттеуге болады деп сендірсе, халықаралық қауымдастық украиналық тергеушілердің аймаққа енуіне жағдай жасауға тырысады. Солайша куәгерлерден түсінік алып, тергеу шараларын атқаруға мүмкіндік туар еді.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG