Accessibility links

Донецкідегі «тұтқындар шеруі» қылмыс па?


Донецкідегі ресейшіл сепартистер мәжбүрлі түрде шеруге алып шыққан украин тұтқындар. 24 тамыз 2014 жыл

Донецкідегі ресейшіл сепартистер мәжбүрлі түрде шеруге алып шыққан украин тұтқындар. 24 тамыз 2014 жыл

Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистердің қолға түскен украин соғыс тұтқындарын мәжбүрлі түрде шеруге шығаруын айыптаушылар көп. Мұндай әрекет халықаралық заңды бұза ма?

Ресейшіл сепаратистер қолға түскен украиналық сарбаздарды қару кезеп Донецк көшелерімен алып өткенде жиналған жұрт оларды қарғап-сілеп, мазақ қылып жатты.

Бұл көріністен тітіркеніп қалған адам құқықтарын қорғаушылар мен белсенділер шеруді соғыс тұтқындары туралы Женева конвенциясының ережелерін бұзу деп атады. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, тұтқындарды мәжбүрлі түрде шеруге шығару әрекетін соғыс қылмысы ретінде жазалау туралы халықаралық заңда анық жазылмаған.

Лос Анджелестегі Лойола заң мектебінің халықаралық заң сарапшысы Дэвид Глазиер бұл мәселе Украинадағы жанжалдың өз статусы сияқты айқындалмаған деп санайды.

АЗАМАТТЫҚ СОҒЫС ПА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫС ПА?

Женева конвенциясындағы азаматтық соғыс ережелерінде тұтқынның жеке басын, қадір-қасиетін қорлауға тыйым салынған. Ал екі ел немесе үкімет арасындағы соғыс ережесінде бұл тыйымның «көп алдында қорлау» деген әлсіздеу түрі кездеседі. Бұл екі жағдай да Донецкіде тамыздың 24-і күні ұйымдастырылған шеруде байқалды.

Донецк шеруі туралы Глазиер: «Егер бұл халықаралық қарулы қақтығыс болса, онда Женева конвенциясының ережесі бұзылып тұр. Олай болмаса (азаматтық соғыс ретінде қарастырылса – ред.), онда заң бұзылды деу қиынырақ» дейді.

Женева конвенциясының орындалуын қадағалайтын «Қызыл крест» ұйымының халықаралық комитеті Украинадағы соғысты «халықаралық емес қарулы қақтығыс» деп атаған. Киев пен Батыс үкіметтері Ресейді шығыс Украинадағы сепаратистерді қаруландырып отыр деп айыптайды. Мәскеу бұл айыптауды мойындамайды.

Донецкіде өткен шеру кезінде сепаратистерді қолдап қолына аша ұстап тұрған әйел. 24 тамыз 2014 жыл

Донецкіде өткен шеру кезінде сепаратистерді қолдап қолына аша ұстап тұрған әйел. 24 тамыз 2014 жыл

Кейс Вестерн Резерв университетіндегі заң факультетінің деканы міндетін атқарушы Михаэл Шарф есімді сарапшы егер қақтығыс Украина мен Ресейдің арасындағы соғыс деп сипатталып, «көп алдында қорлау» термині қолданылғанның өзінде «барлық соғыс тұтқындарының бірдей қарастырылмайтынын» ескертеді.

Сарапшының сөзінше, «көп алдында қорлау» Женева конвенциясында көрсетілген ең ауыр соғыс қылмысына жата қоймайды, одан да ауыр саналатын «тұтқынды қасақана өлтіру» және «азаптап, айуандық көрсету» бар.

СОТҚА ТАРТУ ҚИЫНДЫҒЫ

«[Донецкіде болған жайт] алаң туғызатын нәрсе болғанымен, дәл осы үшін тұтас іс қозғатып, Ресейді Халықаралық қылмыстық сотқа тарта алмайсыз» дейді Шарф.

Ресей де, Украина да, АҚШ та Халықаралық қылмыстық сотпен келісім жасаспаған, бірақ Киев Нидерландта орналасқан соттың Украинада 2013 жылғы қарашаның 21-і мен 2014 жылғы ақпанның 14-і арасында жасалған қылмыстар туралы шешімдерін мақұл көреді.

Шарфтың сөзінше, Украина Донецкіде болған құқық бұзу фактісін де Халықаралық қылмыстық сотқа бере алады.

Ал құқық қорғаушы белсенділер Донецкідегі мәжбүрлі шеру кезінде Женева конвенциясының шарттары бұзылғанын айтып айыптап шықты. Human Rights Watch ұйымы директорының орынбасары Рейчл Денбер шеру кезінде Женева конвенциясының 3-бабында көрсетілген «тұтқындарды кемсіту мен қорлау» көрінгенін айтады.

Ұйымның Мәскеудегі өкілі Татьяна Локшина Азаттыққа: «Донецкідегі тұтқындар шеруі адамгершілік тұрғысынан қарағанда жиіркенішті жайт қана емес, халықаралық заңды бұзу» деді.

ТАРИХИ ПАРАЛЛЕЛЬ

Соғыс тұтқындарын шеруге шығарып «масқаралау» әрекеті үшін әскери басшылар жаза тартқан нақты тарихи оқиғалар бар.

1946 жылдың қыркүйегінде АҚШ әскери соты Германияның бұрынғы генерал-лейтенанты Курт Маецлерді жүздеген америкалық және британиялық соғыс тұтқындарын 1944 жылғы қаңтарда Рим көшелеріне шеруге алып шығып, көпшіліктің мазағына ұшыратқаны үшін соттаған.

Сот кезінде айыптаушы тарап көпшіліктің соғыс тұтқындарына таяқ пен тас лақтырды деп, ал қорғанушы жақ қала тұрғындары керісінше гүл мен темекі лақтырды деп уәж айтқан.

Шарфтың сөзінше, соғыс тұтқындарын көпшіліктің көзі түсетін орындарға алып шығуға салынған тыйым оларды моральдық кемсітуден ғана емес, дене жарақатына ұшыраудан да қорғайды. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мәжбүрлі түрде шеруге шыққан соғыс тұтқындарын көпшіліктің таспен ұрып, я сабаған кездері болған» дейді сарапшы.

Донецкідегі шеру совет үкіметі 1944 жылы Мәскеуде неміс тұтқындарын көшеге алып шығып өткізген және бір шеруді еске түсірді. Ол кезде шеру өткен көшелерді сушашқыш машиналар шайып, «тазартып» отырған. Дәл осы тәсіл Донецкіде өткен шеру кезінде де қайталанды. Су тасығыш көліктер украин соғыс тұтқындарының соңынан ілесе жүріп, олардың іздерін жуып отырды.

Бұл символизм шеруді видеоға түсіріп тұрғандардың бірінің назарынан тыс қалмапты. «Браво! Мынаны қара, аналардың арттарын тазалап өтті» дейді видео авторы.

(Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG