Accessibility links

Украина Ресей шабуылына дайындалып жатыр


Қырымнан қайтып келген Украина жауынгері жұбайымен кездесіп тұр. Киев, 27 наурыз 2014 жыл.

Қырымнан қайтып келген Украина жауынгері жұбайымен кездесіп тұр. Киев, 27 наурыз 2014 жыл.

Ресей әскері Украинамен шекараға шоғырланып тұр. Жұрт соғыс болады деп үрейленсе, Мәскеу әскери қақтығыс болмайтынын айтады.

Украина астанасын соғыс елесі кезіп жүр. Ресми тұлғалар бұған дейін пайдаланылмай келген, бомба шабуылы кезінде паналайтын лас та ескі жертөлелерді тексере бастады.

КИЕВТЕГІ ЖЕРТӨЛЕЛЕР

Киев қаласының мэрі Владимир Бондаренконың айтуынша, қаладағы 526 жертөленің барлығын жөндеу керек. Оны жөндеуге бюджеттен ақша қарастырылмаған. Бірақ қала басшылығы жергілікті жұмысшылар мен кәсіпкерлерге өтініш айтып, жертөлелерді тегін жөндеп беруді сұрады.
Украинада қайта құрылған ұлттық гвардия жауынгерлері жаттығып жатыр. Киев маңы, 31 наурыз 2014 жыл.

Украинада қайта құрылған ұлттық гвардия жауынгерлері жаттығып жатыр. Киев маңы, 31 наурыз 2014 жыл.


Бондаренконың айтуынша, барлығы ойдағыдай ұйымдастырылған жағдайда қазанның 1-іне дейін Киевтің 2 миллион 800 мың тұрғынын бомбадан қорғайтын жертөлелер дайын болады.

Кейбір тұрғындар жертөлелерді «мұншалық ұзақ жөндеуге болмайды» дейді. Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарға әскер шоғырландырғанына қарап, соғысқа санаулы күндер қалды деп болжайтындар көп.

Ал Мәскеу «ешқандай әскери қақтығыс» болмайтынына сендіріп отыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, «Ресейдің шекараны кесіп өту жоспары жоқ». Алайда Кремльдің уәдесі күмән бұлтын сейілтпеді.

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі, қазір Жоғарғы Раданың (Украина парламенті – ред.) әскери қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитеті төрағасы болып отырған Александр Кузьмук: «Шекарамызда шетелдік күштер тұрған кезде жанжал қаупі сейілді деп айта алмаймыз. Ресеймен шекараның өн бойына украин сарбаздары қойылды, олар ұрыстарға дайындалып жатыр. Ресей әскері шегінбейінше немесе оқыс шараларға бармайынша олар өз орындарында тұра береді» деді Азаттыққа.

«СССР-ДІ ҚАЙТА ҚҰРУ»

Ресейдің СССР тарағаннан ширек ғасыр өткенде Қырымды әскери жолмен қайтару әрекетіне қарап Украина мен басқа да пост-советтік мемлекеттерде "Кремль Совет Одағын қайта қалпына келтіруге алғашқы қадам жасады" деген қауіптер айтыла бастады.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Андрей Парубийдің АҚШ-тың ресми өкілдеріне берген ақпаратына қарағанда, Ресей Украинамен арадағы 2 мың шақырымдық шекараға 100 мыңға жуық сарбаз шоғырландырған. Елдің шығысындағы Харьков, Донецк секілді қалаларда ресейлік «туристер» құрған өзін-өзі қорғау жасақтары туралы ақпарат бар.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің бұрынғы хатшысы Евгений Марчуктың айтуынша, елдің шығыс аймағында Қырымға жасалған интервенциядан да қауіпті жағдай қалыптасып отыр.

«Жамандық шақырғым келмейді. Бірақ ешқандай әскери униформа кимегенімен, қару ұстаған, өздігінен ұйымдасқан топтардың сан түрі пайда болады. Бұл кескілескен ұрысқа ұласып, көп адамның қазасына әкеп соқтыруы мүмкін» дейді ол.

СОҒЫСҚА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ДАЙЫНДАЛУ

Батыстың кейбір сарапшылары «АҚШ пен Ресей арасында бірнеше аптаға созылған ақпараттық соғыс Путин Обамамен сөйлескен соң біртіндеп басылатын шығар» деп болжайды. Наурыздың 28-і күні екі ел басшыларының телефон әңгімесі бір сағатқа созылған еді.

​Ал Украина азаматтары Ресей шабуылына дайындалып жатыр. Олардың ойынша, Ресей Украинаға басып кіріп, Киевтен асып бір-ақ тоқтауы мүмкін. Жергілікті халық әлеуметтік желілерде бір-біріне соғысқа қалай дайындалу керектігін айтып, ой бөлісіп жатыр.

ВИДЕО: Киевтегі жертөлелер дайындығын тексеру

Facebook-те жарияланған бір жазбада автор тұрғындарға «қару сатып алуға, алғашқы медициналық көмек қобдишасын дайындауға, жасақтар құруға, жанармай мен азық-түлік қорын әзірлеуге, батареяларды күні бұрын көптеп сатып алып қоюға» кеңес береді.

Ал әскери сарапшылар Ресей шабуылының түрлі варианттарын сөз етіп жатыр. «Ақпараттық қарсылық» ұйымының Facebook-тегі парақшасын жүргізіп отырған Дмитрий Тимчуктың айтуынша, «Ресей әскері Қырым түбегінен бөлек, Украинаның Қара теңіз жағалауындағы Одесса мен Херсон облыстарына да басып кіруі мүмкін».

Оның болжамынша, «Ол облыстар табиғи ресурсы аз Қырымға экономикалық тұрғыдан қолдау көрсету үшін қажет. Бұл аймақтар арқылы Ресей Молдованың сепаратистік аймағы Приднестровьені Ресейге қосатын жол ашады. Қазір онда Ресейдің 2 мыңға жуық сарбазы бар».

«ӘУЕЛІ ЖОЛ МЕН КӨПІР ҚИРАТЫЛАДЫ»

Нью-Йорк университеті профессоры, Ресейдің қорғаныс саласын зерттеуші маман Марк Галеоттидің айтуынша, «Ресей алғашқы күндері Украинаның әскери құрылымдары мен коммуникация жүйесін істен шығару үшін жойқын шабуыл жасайды, жолдар мен көпірлер сияқты маңызды әскери және азаматтық инфрақұрылым нысандарына зымыран тастап, артиллериядан оқ жаудырады».

«Олардың мақсаты – Украина өз күштерін лайықты түрде әзірлеп үлгергенше, Батыс жағдайды електен өткізіп барып жауап қатқанша жаңа майдан шекарасын белгілеп үлгеру, Қырымдағыдай шұғыл қимылдау (бірақ мұнда адам қаны көп төгіліп, үлкен қақтығыс болады)» деп жазады сарапшы.

Енді біреулер «Ресейді Украинаның әскерін шекараға жұмылдырып қойғаны тежеп, Кремльдің шабуылды бастауға батылы бармай отыр» деп болжайды.

Запастағы армия генералы, Украинаның сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Николай Маломуж «Украина әскері, соның ішінде ұлттық гвардия мен қарулы күштер сарбаздары бірнеше апта бойы соғысқа жұмылдырылып жатыр. Бұрынғыға қарағанда енді Украинаға шабуылдау анағұрлым қиын» деп жазды.

«САЙЛАУ КЕЗІНДЕ АРАНДАТУ БОЛУЫ МҮМКІН»

Кейбір сарапшылардың болжауына қарағанда, Ресей тікелей агрессияға бармаған күнде де әскери әлеуетін мамырдың 25-і күні өтетін Украина президенті сайлауының қарсаңында қорқыту факторы ретінде пайдалануы мүмкін.

Алдыңғы қатарда: Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко (оң жақта) мен бұрынғы сыртқы істер министрі Петр Порошенко. Киев, 2 қараша 2009 жыл.

Алдыңғы қатарда: Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко (оң жақта) мен бұрынғы сыртқы істер министрі Петр Порошенко. Киев, 2 қараша 2009 жыл.

Бұл сайлау батысшыл олигарх Петр Порошенко мен Кремльдің үнсіздігінен қолдау табуы мүмкін (кейбіреулердің болжамынша) бұрынғы премьер Юлия Тимошенко арасында өтетін сыңайлы.

«Киевке қысым жасау мақсатында Ресей солдаттары президент сайлауы өткенге дейін шекарада қала береді. Сондықтан, сайлаудың тыныш өтуі – өте маңызды. Науқан кезінде және сайлау өтетін күні Ресей Украинаның оңтүстік-шығысында қандай да бір әрекетке баруы мүмкін. Біздің ұлттық гвардия мен полиция осы төңіректе жұмыс істеуі керек. Олар өз жұмысын жақсы бастап кетті» дейді әскери сарапшы Сергей Журец.

Украина қорғаныс министрлігі мәліметтеріне қарағанда, армияға қосымша 40 мыңға жуық резервист шақырылған. Олардың барлығы Украинаның шығыс шекарасына шоғыландырылған. Тәуелсіздік алғалы бері дұрыс жабдықталмаған Украина қарулы күштері совет заманындағы танк, зымыран, тікұшақ және зенитті артиллериямен қаруланып, шабуылға тойтарыс беруге дайын тұр.

Foreign Policy журналындағы мақаласында әскери сарапшы Павел Фелгенхауер «Путин шабуыл жасаса, онда оның әрекет уақыты шектеулі. Ол мерзім - сәуірдің басы мен мамырдың ортасы» деп жазады.

Екі жақтың да әскері жоғары дайындыққа келтірілген. Бірақ Украинаның өз жерінде соғыс жүргізуге шамасы жете ме?

Украинаның Сумы аймағында әскерилерге киім мен азық-түлік жинаумен айналысып жүрген белсенді Марина Зигерлиг: «Армияның жауынгерлік рухы асқақтап тұр. Бірақ мұнда да Қырым сценарийі қайталанып кете ме деп қауіптенеміз. Жергілікті басшылық қарсы жаққа шығып кетсе, тұрғындар дәрменсіз болып қалады» дейді.

(Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG