Accessibility links

«Януковичтен қалған бандамен» күрес басталды


Кеңсесіне 10 айдан соң оралған кәсіпкер Ярослав Пидгайный қағаздарын қарап отыр.

Кеңсесіне 10 айдан соң оралған кәсіпкер Ярослав Пидгайный қағаздарын қарап отыр.

Бұрынғы президент Виктор Януковичтің тұсында Украина кәсіпкерлері тонаушы рейдер топтардың құқайынан зәрезеп болған еді. Енді олар «тәркіленген» мүліктерін қайтарып алып жатыр.

Архитектуралық фирма директоры Ярослав Пидгайныйды 10 ай бұрын отырған жерінен қуып шығып, кәсібін тартып алған. Жұмыс орнына қайта келген ол кабинетіне кіріп, креслосына жайғасқанда сенер-сенбесін білмей күлімдей берді.

РЕЙДЕРЛІК «ГҮЛДЕНГЕН» ЗАМАН

Өткен жылдың қыркүйек айында Виктор Януковичтің кезінде бас прокурор болған Артем Пшонканың (қазір қашып жүр) ұлымен жең ұшынан жалғасқан рейдерлік топ советтік кезеңнен келе жатқан Kyiv Project ғимаратын тартып алған. Сәулет және инженерия орталығына жыл сайын астана құрылысы үшін миллиондаған доллар бөлінетін.

Әлгілер Kyiv Project мекемесіне өз адамын директор етіп тағайындаған. Болған жайтты полицияға хабарлаған Пидгайный мен екі акционердің өз басына жала жабылып, ақыры олар елден қашып шығуға мәжбүр болған.

Пидгайный сол кеткеннен мол кетіп, өткен сәрсенбі, маусымның 18-і күні ғана кеңсесіне келді. Ол бұрынғы жұмысына азаматтық қоғамның қолдауымен оралып отыр. Белсенділер Янукович тұсында бүкіл елді меңдеп алған рейдерлікке қарсы бас көтергендерін айтып, шағын жеңіске жеткендерін тойлады. Олар «билік қылмыстық топтарды қолдаған дәуір келмеске кетті» деп үміттенеді.

Киевтегі Майданға шыққан демонстранттар жемқорлықты сынаумен болды.

Киевтегі Майданға шыққан демонстранттар жемқорлықты сынаумен болды.

Пидгайныйды кеңсе алдынан бір топ тілші күтіп алды. Ол журналистерге: «Бұл - тарихи кезең. Әділет жеңді, бірақ заңсыздықтар әлі де болып жатыр. Оларды да жеңерміз» деді.

Жеке бизнеске шабуыл жасап, оны тартып алу пост-советтік елдерде «рейдерлік» деп аталады. «Еуромайдан» шерушілері өткен қыста оны да айтып, «Бұзақылар құрысын!» деп ұрандатқан еді. Пидгайныйдың жеңісі дүние-мүлкі «тәркіленген» басқа кәсіпкерлерге де қозғау салатын түрі бар.

Украина кәсіпкерлер одағының рейдерлікпен күрес бөлімінің жетекшісі Андрей Семидидко «Кезінде тартып алған мүліктер қайтарылып жатыр» дейді. Оның айтуынша, Янукович билік құрған үш жылда 7 мың кәсіпорын заңсыз қожайындардың қолына өткен.

Семидидконың рейдерлікке қарсы тобы Янукович қашып кеткелі (ақпан айы – ред.) осындай бес кәсіпорынды иесіне қайтарды. Бірақ бұл оңайға түспеген.

Янукович қашып кеткен соң билікке келгендер рейдерлікпен күресті күшейтті. Наурыздың 19-ы күні сол кездегі уақытша президент Александр Турчинов рейдерлікке қарсы жарлық шығарып, жұмыс тобын құрды.

«ХАЛЫҚ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛЕ БАСТАДЫ»

Алайда Семидидко жұмыс тобының төрағасын сынап отыр. Топ құрылғалы оны бір-ақ рет көрген. Ол Украинаның жаңа президенті, өзі де кәсіпкер Петр Порошенко рейдерлікті жоюға бар күшін салар деп үміттенеді. Семидидко «Еуромайданнан» кейін қоғамдағы көңіл-күйдің өзгергенін, бұрынғы рейдерлік топтардың әрекеті тыйыла бастағанын айтады.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 17 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 17 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ол: «Аздап қоқан-лоқы жасауға тырысқандар болды, бірақ оларды халық жасақтары тәртіпке салды. Адамдар әділет керек екенін түсіне бастады. Бюрократтар, судьялар қазір қорқады. Себебі наразы 10 адам келіп, көлігінің дөңгелегін өртеп кетуі мүмкін немесе галстугінен сүйреуі де ғажап емес. Қазір рейдерлер тыныш. Жұрт жанына батқан мәселесін қорықпай айтатын болды» дейді.

Бірақ Пидгайныйдың басынан кешкендері Януковичтің кезінде кәсіпкерлер өмірі қиын болғанын көрсетеді. Kyiv Project акционері Александр Тумаков «Бұл өзі бірнеше айға созылған соғыс болды» дейді.

Ақпан айының соңында Пшонка және биліктегі басқа «дөкейлер» қашып кеткен соң Пидгайный мен акционерлер сотқа жүгінген. Бірнеше тыңдаудан соң Пидгайный заңды директор ретінде (сәуірден бастап) қызметіне қайта бекітілді. Бірақ мәселе оңай шешілмеген.

Пидгайный директор қызметін қалпына келтіргенін растау үшін мемлекеттік реестрге қол қоюы керек еді. Бірақ оған мұршасы болмай кеткен. Полиция оны үнемі тергеуге шақырып отырған. «Еуромайдан» лагерінен бірнеше жүз метр ғана жерде тұрған Kyiv Project ғимаратына оны күзетшілер кіргізбей қойған.

«Еуромайдан» қызған шақта рейдерлер Kyiv Project ғимаратын Украинаның әсіреұлтшыл қозғалысы «Оңшыл секторға» жалға берді. «Оңшыл сектордың» қызыл-қара жолақты баннерлері ілініп, бұл топ та біреудің меншігін тартып алуға құмар рейдерлермен ым-жымы бір тәрізді көрінді.

Бидайды бірге еккен бірге орады. Осы ортақ жеңісіміз еліміздің, қала мен халқымыздың игілігіне бұйырсын.

«Еуромайданның» қым-қуыт қақтығысы басыла бере Пидгайный баспасөз мәслихатын өткізді. Жаңа президент Порошенко мен Киевтің енді ғана сайланған мэрі Виталий Кличкоға ашық хат жазды. Ақыры іс оңалып, маусымның 18-і күні Пидгайный мен белсенділер жергілікті телеарна тілшілерін ертіп, ғимаратқа келді.

Күзетшілер басында оларды кіргізгісі келмесе де, камера мен қаптаған журналисті көріп, белсенділердің қатулы қабақтарынан именіп, кібіртіктеп қалды. Олар біреуге телефон шалып жатқанда, Пидгайный жоғарғы қабаттағы кабинетіне кіріп үлгерді.

«Екі акционерге қарсы ашылған қылмыстық істер тоқтатылды, Пидгайныйдың ісі ресми түрде жабылды» дейді Семидидко. Енді шығынды есептеу керек. Пидгайныйдың айтуынша, совет заманынан келе жатқан архитектуралық және инженерлік жобалар сатылып кеткен.

Пидгайный Украинаның халық ақыны Тарас Шевченконы есіне алып, азаматтық қоғамның қолдауына алғыс білдірді. Ол «Шевченко айтқандай, бидайды бірге еккен бірге орады. Осы ортақ жеңісіміз еліміздің, қала мен халқымыздың игілігіне бұйырсын» деді.

(Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG