Accessibility links

Украина Ресей фильмдеріне тыйым салды


Ресей сериалдарының бірі.
Ресей сериалдарының бірі.

Украина президенті Ресейдің солдаттары мен полицейлері туралы фильмдерін, «Еуромайданнан» кейін түсірілген телевизиялық және кино өнімдерін Украинада көрсетуге тыйым салатын заңға қол қойды.

Украина президенті Петр Поршенко 1991 жылдан кейін түсірілген Ресейдің солдаттары мен полицейлері туралы фильмдерін, 2014 жылғы қаңтардың 1-інен кейін түсірілген телевизиялық және кино өнімдерін Украина аумағында көрсетуге тыйым салатын заңға қол қойды.

Ресейдің 1991 жылдан кейін шыққан милитаристік фильмдері мен сериалдарын, Украинаға қарсы агрессия басталғаннан кейін, яғни 2014 жылдан бері түсірілген телевизиялық және кино өнімдерін Украинада енді көрсетпейді.

Украинаның телевизия және радио хабарларын тарату ұлттық кеңесі төрағасы Юрий Артеменко Азаттыққа жаңа заңның артық-кем тұстары жөнінде сұхбат берді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:15:29 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – Жаңа заң күшіне енді ме әлде Украина телеарналары Ресей сериалдары мен фильмдерін әзірше көрсетіп жатыр ма?

Юрий Артеменко: – Заңды күшіне енгізу мерзімі екі айға шегерілді. Телеарналар екі айдан кейін эфир кестесін қайта құрып, заң талаптарын орындай бастауы тиіс. Бірақ өткен аптада телеарна басшыларын жинап, «несіне күтеміз, мүмкіндігі барлар жаңа эфир кестесіне тезірек көшіңдер» дедім.

Азаттық: – Бұл заң қалай қабылданды?

Юрий Артеменко: – Былтыр шілдеде ұлттық кеңестің жаңа құрамы өз міндеттеріне енді ғана кірісіп, екінші отырысын өткізіп жатқанда залға «Ресей насихатын тоқтатыңдар!», «Ресейдің арнайы жасағы туралы сериалдары жойылсын!» деген ұрандар жазылған плакаттар көтерген бір топ адам, яғни қоғам өкілдері кіріп келді.

Жұмыс істей бастағанымызға бір ғана апта болған әрі құзырымызда қандай өкілеттіліктер барын, тіпті тыйым салу құқығымыз бар-жоғын да білмегендіктен, сәл сасқалақтап та қалдық. Әлгі адамдармен сөйлесіп, «дұрыс проблема көтердіңіздер, сіздерді қолдаймыз» дедік. Кейін елдегі жетекші телеарна басшылары мен топ-менеджерлерін шақырып алып, «Жігіттер, қазір майданда өзіміздің, әріптестеріміздің, достарымыздың балалары Ресей оккупанттары қолынан қаза тауып жатқанда, телеарналарда «Спецназ» (арнайы жасақ), «Десантура» сияқты сериалдар жүріп жатқаны жөн емес. Өтінемін, өздерің бастама көтеріп, әлгі фильмдерді эфирден алып тастаңдар» дедім.

«Майданда өзіміздің, әріптестеріміздің, достарымыздың балалары Ресей оккупанттары қолынан қаза тауып жатқанда, телеарналарда «Спецназ» (арнайы жасақ), «Десантура» сияқты сериалдар жүріп жатқаны жөн емес.

Өкінішке орай, ол әңгімеден нәтиже шықпады. Топ-менеджерлердің бір бөлігі «иә, алып тастадық немесе алып тастап жатырмыз» деді. Енді бір бөлігі «Бізде соғыс емес, антитеррорлық операция жүріп жатыр ғой, оның өзі бізден алыс аймақта болып жатыр» деді. Ал танымал арналардың бірі «былтыр бұл сериалдарды тоғыз миллион доллар төлеп, сатып алғанбыз, енді ақырына дейін көрсетуіміз керек» деген уәж айтты. Оларға «жігіттер, ақыры келісе алмайды екенбіз, онда бұл мәселені шенеуніктер, мемлекеттік органдар шешеді» деп ескерттік.

Ұлттық кеңестің құзырында фильмдерді көрсетуді уақытша тоқтату өкілеттілігі жоқ екенін, белгілі бір фильмді көрсетуге тыйым салатын немесе рұқсат ететін прокаттық куәлікті мемлекеттік кино агенттігі беретінін кейін анықтадық. Мемлекеттік кино агенттігі жанындағы сараптама комиссиясы құрамына ұлттық кеңестің үш мүшесін енгіздім. Олардың бастамасымен бірқатар фильмдерді көрсетуге тыйым салынды.

Кейін актер Охлобыстиннің Украинаға қарсы айтқан сөздері мен актер Пореченковтің Украина әскерлері орналасқан шепке автоматтан оқ атқаны жария болды. Сондықтан мемлекеттік кино агенттігі Пореченков пен Охлобыстин түскен фильмдерді көрсетуге тыйым салды.

Кино саласы өзін-өзі реттей, түрлі себеппен жүйелі шешімдер қабылдай алмайтын болғандықтан, біртіндеп мына заң құрастырыла бастады. Сөйтіп, ол заң шықты. Заңның жетілмеген тұстары бар, бірақ стратегиялық тұрғыдан алғанда, оның дұрыс заң екеніне шүбә жоқ. Өкінішке орай, қысылтаяң тұста қызу айтыс-тартыспен қабылданғандықтан, заңды мінсіз деп айта алмаймыз. Бірақ стратегиялық тұрғыдан алғанда өте орынды қабылданған заң.

Меніңше, Украина үшін пайдалы жақтары бар кейбір фильмдерге де тыйым салынып кетті. Мысалы, «Левиафан» фильмі. Өкінішке орай, прокат арқылы болмаса, мына заңға сәйкес, телевизия оны көрсете алмайды. Бірақ бұл – асыра сілтеп жіберген шенеуніктердің ағаттығы. Бірақ стратегиялық тұрғыдан алғанда бұл - өте орынды заң, ол Ресей насихатына шектеу қойып, телеарналарды өз сериалдарын түсіруге итермелейді. Елдегі қаржы қиындығына байланысты қазір өз сериалдарын түсіре алмаса да, Польша, Түркия, Болгария, Ұлыбритания сияқты өзге елдермен келісіп, бірлесіп фильм түсіру жолдарын іздеулері тиіс.

Азаттық: – Демек, бұл телетрансляцияға ғана қатысты заң ғой әлде фильмдерді кинотеатрларда көрсетуге де шектеу қоя ма?

Юрий Артеменко: – 2014 жылғы қаңтардың 1-інен бері түсірілген ресейлік фильм-сериалдардың бәріне және 1991 жылдан бері шыққан құқық қорғау органдарын насихаттайтын фильмдерге тыйым салынады. Ал Ресей фильмдерін кинотеатрда көрсету үшін мемлекеттік кино агенттігіне қарасты сараптама комиссиясының ерекше рұқсаты керек.

Мысалы, жаңа айтқан «Левиафан» фильмін теледидардан көрсетуге рұқсат жоқ, ал кинотеатрда комиссияның рұқсатымен көрсетілуі мүмкін. Өз басым «Левиафан» фильміне тыйым салынғанын құптамаймын. Бұл - қайғылы әрі ауыр фильм. Андрей Звягинцев – кәсіби шеберлігі мықты режиссер, ол Ресейдің бүкіл кеселін ашып көрсетті. Жұртқа Ресейдің нағыз бет-бейнесін көрсету үшін бұл фильмді қалдырған жөн болар еді. Бірақ қазіргі заңға сәйкес, оны теледидар арқылы көрсетуге шектеу қойылған, бірақ мемлекеттік кино агенттігі комиссиясының тиісті рұқсатымен кинотеатрларда көрсетуге болады.

Азаттық: – Яғни бұл Ресейдің күштік құрылымдары туралы фильмдерге ғана қатысты заң емес қой?

Юрий Артеменко: – Жоқ, 2014 жылғы қаңтардың 1-інен кейін түсірілген кез келген, тіпті махаббат, өмір сияқты тақырыптағы фильмдердің өзіне тыйым салынады.

Азаттық: – Юрий Анатольевич, ал өзіңіз Ресей телесериалдарын көресіз бе?

Юрий Артеменко: – Мен киноқұмар жанмын, әсіресе сериалдарды жақсы көремін. Бірақ сүйікті сериалдарым - АҚШ, Ұлыбритания шығарған сериалдар. Ал Ресейдің сериал өндірісі сапасы нашар өнімдер шығарады деп есептеймін. Маған тамаша сценаристер жазып, тамаша режиссер түсірген, тамаша актерлер ойнаған «Доктор Хаус» сериалы қатты ұнайды.

Телекомпаниялар Украинада жылдар бойы Ресей сериалдарын көрсетіп, көрермендерді сапасы нашар өнімге үйретіп тастаған.

Бірақ бүкіл әлемде рейтингі жоғары «Доктор Хаус» сериалының Украинададағы рейтингі төмен. Ал «Доктор Хауспен» салыстырғанда оның түкке тұрғысыз көшірмесіне ұқсайтын «Интерны» сериалының рейтингі шарықтап тұр. Өйткені телекомпаниялар Украинада жылдар бойы Ресей сериалдарын көрсетіп, көрермендерді сапасы нашар өнімге үйретіп тастаған.

«Интерны» сериалындағы доктор – арақ ішеді, пара алады. Бұл - көрермен талғамын еуропалық, әлемдік деңгейге көтерудің орнына, көрші елдің жадау деңгейіне түсірген телекомпаниялар кінәсі. Жылдар бойы еуропалық, әлемдік кино туындыларын сатып алудың орнына, Ресей өнімдерімен шектеліп, көрерменді «өзімізге ұқсайтын» Вася Петровқа үйретіп тастаған телекомпаниялар сондай «тұзаққа» өздері түсіп қалды.

Қазір ақша, қаржы тауып, бірлескен киноөндіріс ашу керек немесе шетел фильмдерін сатып алып, жұрттың талғамын жақсарту керек, көрерменнің санасын «советтік» психологиядан арылту керек. Бұл үшін қаражат, уақыт, құлшыныс және төзім сияқты төрт нәрсе қажет. Сананы есірткі сияқты жаулап алған Ресей сериалдарына деген тәуелділіктен арылатын уақыт келді. Бұл тәуелділіктен арылуға телекомпаниялардың құлшынысы мен телекөрермендердің төзімі керек.

Азаттық: – Ал менттер (милиционерлер), арнайы жасақ сарбаздары, десанттар туралы сериалдарға Украинада сұраныс бар ма?

Юрий Артеменко
Юрий Артеменко

Юрий Артеменко: – Нашақор үйреніп алған героинін тастағысы келмейтіні сияқты бізде де ресейлік сериалдарға сұраныс бар. Сериалдың бәрі бірдей дей алмас едім. Егер кезінде телекомпаниялар өз жұмысын біртіндеп реттеп, көрермендеріне түсіндіре отырып, «Спецназ», «Десантура» сияқты арандатушы сериалдарды эфирден ала бастаса, қазір «Ментовские войны» сериалы ғана қалар еді.

Меніңше, «Ментовские войны» сериалынан елдің ақпараттық қауіпсіздігіне төнер аса үлкен қатер жоқ. Бұл сериалда Ресейдің жемқорлық жайлаған прокуратурасы, сот жүйесі, чекистері мен билігіне қарсы милицияда істейтін адам жалғыз күреседі. Көзі ашық, интеллигент көрермен мұның антиресейлік, антирежимдік сериал екенін түсінеді.

Бірақ жұрттың бәрі интеллигент емес, жасырын астарын байқамайтындар бар ғой. Өкінішке орай, бізді мұндай шараға Ресейдің ақпараттық соғысы итермелеп отыр. Ал «Сериалдарға сұраныс бар ма? Оларға тыйым салу жөн бе? Не жоғалтамыз? Ұтамыз ба, ұтыламыз ба?» деген сұрақтарға келсем, иә, оларға сұраныс бар. Бірақ жоғалтарымыз бар болса да, оларға тыйым салу керек. Ұтыларымыздан ұтарымыз көп болмақ.

Азаттық: – Ресейлік сериалдарды телеэкраннан бір сәтте алып тастаудың соңы наразылыққа ұласып кетпей ме?

Юрий Артеменко: – Меніңше, ұласпауы тиіс. Украиналықтардың өмірінде сериалдан да маңыздырақ дүниелер бар. Кезінде түріктің, Бразилияның сериалдарын да көрдік қой. Жалақы, коммуналдық қызмет тарифтері сияқты жұрттың жанды жеріне тиетін нәрселер болмаса, сериалға бола бүлік шыға қоймас. Иә, ресейлік сериалдарға бауыр басып қалған жұртта басында «ломка» (аңсау) болуы мүмкін, ал наразылық болмайтыны анық. Бірақ Ресей сериалдарын ауыстыратын өнімдер керек. Қазір біртіндеп украиналық кино, фильмдер түсіріліп, үлкен прокатқа шыға бастады.

XS
SM
MD
LG