Accessibility links

Украина туралы Голливуд қалыптастырған стереотип


Голливуд фильмдерінің біріндегі Украина туралы айтылған үзінді.

Голливуд фильмдерінің біріндегі Украина туралы айтылған үзінді.

Украина «Еуромайданнан» соң және шығысында басталған соғыстан кейін Батысқа әйгілі бола бастады. Ал Голливуд фильмдері бұған дейін украиндарды басқаша сипаттайтын.

Киевтегі 24 жастағы кинорежиссер Андрей Примаченко «Украинаның шетелдегі имиджі қандай?» деген сұраққа жауапты Голливудтың туындыларынан іздеді.

– Батысқа Украинаны насихаттау үшін алдымен Батыстың Украина туралы не ойлайтынын анықтап алу керек. Америка фильмдері мен телешоуларында Украинаның қалай сипатталғанын білу арқылы бұл істі жүзеге асыру оңай, – деді Примаченко.

Кэри Грант ойнайтын классикалық фильмдерден бастап шпиондар туралы киноларды, телекомедияларды қарап шыққан ол өз елі туралы айтылған тұстарын қиып алған.

Соның нәтижесінде Примаченко Голливудтың жарты ғасырлық тарихында түсірілген 90-ға тарта фильмнің үзінділерін жинап, дайджест етіп құрастырды. Жанры, түсірілген кезеңі әркелкі болғанына қарамастан, бұл фильмдерде Украина көбіне біржақты сипатталады.

– Америкалық фильмдерде Украина сапасыз тауар шығарылатын ел, жаманшылық болып жататын адам тұрғысыз аймақ ретінде сипатталады. Украин еркектері бұзақы не әскери әлде жарымес адамдар ретінде суреттелсе, әйелдерін жезөкше не бұлшық еті бұлтылдаған еркекшора етіп көрсетеді. Бұл фильмдерден Украина туралы өте нашар әсер аласыз, – дейді режиссер.

ВИДЕО: Голливуд фильмдеріндегі Украина

ҚЫЛМЫС ПЕН ЖЕЗӨКШЕЛІК

Видео-дайджесттің бір тұсында Украина ұлттық би билейтін өнерпаздары бар, мығым денелі ауыл қыздары тұратын, шалғайдағы арағы жақсы аймақ ретінде суреттеледі. Бұл ел кей фильмдерде бұрынғы Совет Одағындағы қылмыс пен жезөкшеліктің ордасы, азын-аулақ ақшаға жалданып үй тазалап, көлік жүргізетін иммигрант жұмысшылардың отаны деп таныстырылады.

1961 жылы «Оскар» сыйлығын алған «Бір, екі, үш» фильмінің үзіндісінде Шығыс Германияның коммунисі рөлін ойнайтын кейіпкер тырнақ жөндеуші қызға қарап: «Сен сияқты мығым денелі, шымыр қыздар тырнақ алудың орнына Украинаға барып бидай оруы керек!» деп айқайлайды.

2005 жылы түсірілген «Джоуи» телекомедиясында жас әйел өзін «заңгермін» деп таныстыра бергені сол еді, оның сөзін бөлген келесі кейіпкер: «Украинада кім болғаның маған қажет емес. Қазір сен Америкадасың, кәсібің – үй күтуші» дейді.

Кейбір видеоклиптерде украиндар мен орыстар арасындағы келіспеушілік баяндалады. Бір теледрамада жас келіншек орыс тілін білетінін көрсету үшін орысша сөйлей бастаған америкалық шенеунікке: «Украинада біз украинша сөйлейміз!» деп, оны тыйып тастайды.

Голливуд фильмдеріндегі Украина жайлы көріністердің бірі.

Голливуд фильмдеріндегі Украина жайлы көріністердің бірі.

Примаченко отандастары туралы стереотиптерді өзгертуге мұның алдында да талпыныс жасаған. Ол «Еуромайдан» шерулері кезінде суретші Александр Комяховпен бірлесіп «террористердің» портреттерін салып шыққан. Украинаның сол кездегі премьер-министрі Николай Азаров «Еуромайдан» шараларын қолдаған халықты «террористер» деп атаған еді.

Андрей Примаченконың айтуынша, әлем жұртшылығының назары Украинаға ауып тұрғанына қарамастан, Батыстағы бұл ел туралы стереотиптерді өзгерту үшін біраз уақыт керек.

– Соңғы жарты жыл ішінде Украина мен украиндар өздерінің осы киноларда баяндалатын ел емес екендігін дәлелдеп келеді. Бірақ біз 50 жыл бойы осылай сипатталып келгендіктен, Батыс бәрібір осы кейіпте көре береді, – дейді режиссер Примаченко.

Львов қаласындағы Католик университетінің журналистика факультетінің соңғы курсында оқып жүрген Примаченко Украинаның қандай ел екенін әлемге жан-жақты таныстыра алатын бірнеше фильм мен кітап бар екенін айтады.

– 1970 жылдары түсірілген, Иван Николайчук ойнайтын «Жоғалған хат» фильмінде украин ұлтының тағамдары мен киімдері, музыкасы мен мәдениеті жақсы таныстырылады, – дейді Андрей Примаченко.

Ол диссидент украин жазушысы Улас Самчуктің «Волынь» трилогиясында «большевиктердің қоластындағы украин шаруаларының өмірі шынайы түрде сипатталғанын» айтты.

Алайда, Примаченконың пікірінше, бұл еңбектер шетелдіктерге аз мөлшерде ғана жетіп жатыр, сондықтан жазушылар мен режиссерлердің жас толқыны өсіп-жетіліп, Украинаны жаңа қырынан жаңа заманның тілінде таныстыруы керек.

Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG