Accessibility links

Украина сайлауында президент партиясы алда келеді


Украина президенті Виктор Янукович дауыс беріп, шығып келеді. Киев, 28 қазан 2012 жыл.

Украина президенті Виктор Янукович дауыс беріп, шығып келеді. Киев, 28 қазан 2012 жыл.

Украинадағы парламент сайлауының түпкілікті қорытындысы шықпай жатып, президент Виктор Януковичтің партиясы жеңіске жеткені хабарлана бастады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Жоғарғы Рада сайлауында халықтың 58 пайызы дауыс берген. Сайлау комиссиясы сайлауға қатысқан барлық бес партия да Украина парламенті - Жоғарғы Радаға өтуге қажетті бес пайыз дауысты жинағандарын мәлім етті.

Қазірге дейін барлық бюллетендердің 30 пайызға жуығы саналды. Оның қорытындысы бойынша, Виктор Януковичтің "Аймақтар партиясына" әзірге сайлаушылардың 36,6 пайызы дауыс берсе, біріккен оппозицияның "Батькивщина" партиясына 21 пайыз дауыс берілген. Коммунистік партияға - 15, Виталий Кличконың "Удар" партиясына - 12, "Свобода" партиясы 7 пайыздан астам дауыс алып тұр.

Сайлауға елдің батысындағы Львов және Тернополь облыстарының сайлаушылары белсене қатысқан. Ал елдің оңтүстігіндегі Қырым мен Одесса облыстарында дауыс беру көрсеткіші төмен болды.

Бұған дейін сайлау учаскелерінде жүргізілген сауалнама бойынша, "Аймақтар партиясы" шамамен - 30 пайыз, оппозицияның біріккен "Батькивщина" партиясы - 24 пайыз, танымал боксшы Виталий Кличконың "УДАР" партиясы - 14 пайыз, ал "Свобода" радикалды ұлтшыл партиясы мен Коммунистік партияның әрқайсысы 12 пайыздан дауыс алған еді.

Жоғарғы Рададағы 450 халық депутатының тең жартысы - партиялық тізім бойынша, жартысы мажоритарлық округтер бойынша сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Бақылаушылар жалпы сайлау барысына оң баға берді. Бірақ оппозиция кейбір аймақтарда заң бұзу болғанын да мәлімдеді. "Батькивщина" партиясы Донецкінің екі сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесін жоққа шығаруға тырысып жатыр.
XS
SM
MD
LG