Accessibility links

«Бір қарекет қылмаса, Украина Донбастан айырылады»


Ресейшілдер қорған баррикадалар. Украина, Мариуполь, 17 сәуір 2014 жыл.

Ресейшілдер қорған баррикадалар. Украина, Мариуполь, 17 сәуір 2014 жыл.

Украиналық саяси сарапшы Иван Лозовой Харьков және Луганск қалаларына барып қайтты. Азаттыққа сұхбат берген ол Украинадағы жағдайды ушықтырып отырған Донбасс олигархтары жайлы айтты.

Азаттық: - Сіз кеше Луганскіден оралдыңыз. Ресейді жақтағандардың да, оған қарсы шыққандардың да пікірін тыңдап келдіңіз. Құпия қызмет органдарының жергілікті штаб-пәтерлерін ешқандай қарсыласпастан сепаратистерге бере салуының себебі неде?

Иван Лозовой: - Бір сорақысы – құқық қорғаушылар өте сылбыр. Тіпті кей кездері ресейшіл демонстранттармен бірігіп кетіп жүр. Жол полициясы қаланың орталығына кіретін көшелерді жауып тастады. Бірақ олар құпия қызмет мекемелерінің маңына жиналған ресейшіл демонстранттарға керек-жарақтарды жеткізіп тұруға мүмкіндік қалдырды. Ресейді жақтайтындар қымбат мейрамханаларда тегін тамақтанып, ішімдік ішіп, көшеде Калашников автоматтарын асынып жүрген. Жергілікті жұрт осыған наразы. Ешкім олардың қаруларын тартып алып, өздерін тұтқындауға тырыспаған. Жергілікті үкімет аймақтардағы мәселелерді шешіп жатқан жоқ, сондықтан жағдай ушығып барады.

Азаттық: - Олардың қауқарсыздығын қалай түсіндірер едіңіз?

Иван Лозовой: - Осының бәрі басталғанға дейін құқық қорғау органдары аста-төк тіршілік кешті. Жергілікті полиция мен құпия қызмет өкілдері жемқорлық, «крыша» болу және рэкет арқылы ақша жинау сияқты әрекеттер жасап келді. Енді міне, дүние астаң-кестең болып, маска киген қарулы адамдар құпия қызметтің ғимараттарын басып алды. Заң үстемдігін қадағалаудың орнына өз бетінше ақша жасап келген «құқық қорғаушылар» ештеңеге дайын болмай шықты. Олар «қарулы террористер мен сепаратистерге қарсы шығып, басымызды өлімге байламайық» деген шешімге келді.

Келесі бір фактор – Луганск облысын Аймақтар партиясының парламенттегі фракция жетекшісі Александр Ефремов бақылайды. Ол Янукович Украинадан қашып кеткенге дейін осы партиядағы ықпалды тұлғалардың бірі болған. Сонымен қатар Ефремов – Донбастың «крышасы». Сондықтан ол сепаратистер мен террористерді қолдап отыр. Моральдық тұрғыдан қолдап отырғаны анық, қаржылай да көмек беріп отыруы ғажап емес. Құқық қорғаушыларға шегінуге тапсырма берген де сол болуы ықтимал. Ол Луганскінің проблемалық аймақ болып қала бергенін қалайды, себебі сонда ғана ол жергілікті бизнесті, жергілікті саясаткерлерді уысында ұстап отырады, Киев аймақтағы бұл жағдайға әсер ете алмай отыр.

Азаттық: - Харьковте де жағдай осындай деп отырсыз. Облыс губернаторының орынбасары Василий Хома аймақтағы Киевті жақтаушылардың қорғаныс жасақтарын басқарып отыр. Бірақ ол мұның алдында осы украинашыл жасақтарға қарсы «титушкалардың» (ресейшілдерді айтады – ред.) шабуылын да ұйымдастырған.

Демократия және мемлекеттілік институты президенті Иван Лозовой (сол жақта).

Демократия және мемлекеттілік институты президенті Иван Лозовой (сол жақта).

Иван Лозовой: - Украинашыл қорғаныс жасақтары онымен жұмыс істегісі келмейді. Олар тіпті онымен кездесуден бас тартып отыр. Олар Хомаға сенбейді. Мұнымен қатар Харьков қаласының мэрі Геннадий Кернестің жергілікті полицияны қатаң бақылап отырғанын естідім. Полиция мен «титушкалардың» жұмысын Кернес үйлестіріп отыр. Егер Ресей күштері кіретін болса, олар полиция ғимаратын басып алып әуре болмайды. Ғимарат Кернестің пәрменімен солардың қолына тапсырылады. Біздің болжам осындай.

Азаттық: - Ішкі істер министрі Арсен Аваков бір кездері өзі губернатор болып қызмет атқарған Харьковтегі тәртіпсіздіктерді тоқтата алмағаны үшін сынға қалды. Ол Кернесті тәртіпке сала алмай ма?

Иван Лозовой: - Аваков туралы мен білетін екі нәрсе бар. Бірінші, ол үшін ішкі істер министрі қызметіне келу үлкен жетістік болды. Жергілікті губернатор болу бір басқа да, республика министрі болу бір басқа. Бұл - жемқорлықпен жоғары деңгейде айналысуға мүмкіндік беретін лауазым. Әр облыстағы милиция басшылығына Аваков тағайындап жатқан адамдарды алып қарайықшы. Днепропетровскіде ол жергілікті сайлауға Аймақтар партиясы атынан қатысқан адамды полиция басшысы етіп тағайындады. «Остров» ақпараттық сайтының жазуына қарағанда, ол қызметке тағайындағаны үшін Аваковқа 600 мың доллар төлеген болуы мүмкін. Осы соманы облыстардың санына көбейтіп көрсек, Аваков аз ғана уақыттың ішінде бірнеше миллион доллар жинап алған болып шығады.

Харьков – Аваковтың туған жері. Мұнда ол губернатор болған. Төменнен жоғарыға дейін барлық адамдарды біледі. Сондықтан, тез арада тәртіп орнатуға қауқары бар. "Титушкалардың" қайта пайда болуы, украиналық белсенділерді соққыға жығу, ғимараттарды басып алу оқиғаларының қайталануы – Кернестің Аваковқа қысым көрсетіп отырғанының белгісі. Олардың арасында ойын жүріп жатыр. Бірақ екеуара әріптестік те бар. Бұл аймаққа мен сәуірдің 14-і күні бардым, Георгий ленталарын таққан «колорадостардың» (сепаратистердің бақылау пінкттері – ред.) барлығын көшеден алып тастапты. Неге? Себебі мұнда Аваков келді, олар (аймақ басшылығы) министрдің жаман нәрсе көріп қоймауын қалады.

Азаттық: - Сіздің айтуыңызша, Кернес, Ефремов сияқты билік өкілдері тек өздерінің бизнес империяларын сақтап тұруға мүдделі. Мұнда саясат ешқандай рөл ойнамай ма сонда?

Иван Лозовой: - Саясаттың екінші қатарға ысырылғаны анық. Егер Қытай әскері Одессаға келіп, Украинаның оңтүстік-шығысында ұрандатып жүрсе және сонда қалу үшін «адам басына 2 миллиард доллардан береміз, жергілікті халықты бізді қолдайтындай қылыңдар» деп Кернес пен Ефремовке қолқа салса, олар сөзсіз келісер еді. Олар үшін ең маңызды дүние - ақша. Олардың бойында қандай да бір саяси құндылықтар бар деп ойламаймын, тек тұтқындалып, түрмеге түсіп қалмасақ дейді. Олар Ресейде қашып жүруді де қаламайды, себебі ол азапты өмір болар еді. Сондықтан осындай ойын жүріп жатыр. Қазіргі хаос оларға ыңғайлы болып тұр, себебі биліктің қолы жетпей жатыр. Бұл Ринат Ахметовке де қолайлы болды. Ол - өте ақылды адам. «Еуромайданның» жеңісі – оған соғылған алғашқы қоңырау (ескерту) болған тәрізді. Сондықтан ол Донецкідегі сепаратистерді үнсіз қолдап, екінші жағынан жағдайды реттеген сыңай танытып жүр. Бұл Киевтің шаруасын одан сайын қиындатып жіберді.

Азаттық: - Ресей туын тағып жүрген БТР-лардың қолға түсуі, қарсы бетке өтіп кеткен украин солдаттары туралы ақпараттар тарады. Киевтің қарулы күштерді басқару мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

Иван Лозовой: - Меніңше, олар (билікті айтады – ред.) қауқарсыздық көрсетті. Аяқ астынан бір ерекше өзгеріс болмаса, шығыс Украинаның кей бөліктері Қырым сияқты Ресейге өтіп кететін шығар. [Президенттің міндетін атқарушы] Александр Турчинов пацифист (бейбітшілікті жақтайтын адам – ред.) адам сияқты әрекет етіп жатыр. Үкімет жағдайдың алдын алудың орнына, оқиғаларды бақылап үлгермей отыр. Біз біртіндеп Украинаның шығысынан айырылып барамыз. Турчинов антитеррорлық операцияны жексенбі, сәуірдің 13-і күні жариялаған. Бірнеше күннің ішінде ештеңе істелген жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл – шарасыздық. Антитеррорлық науқан басталғанын хабарлап алып, мүлде ештеңе істемеу ақылға сыймайды. Егер бір аптаның ішінде бір қарекет қылмаса, сепаратистер Донбасс аймағын басып алады. Одан соң жаңа республиканың басшысын жариялау ғана қалады. Мұнан соң жедел референдум өтіп, Ресейге қосылу мәселесі шешіледі.

(Дейси Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG