Accessibility links

Украинадағы теке-тірестен еврейлер зардап шекті


Киев метросындағы антисемиттік жазу. Көрнекі сурет

Киев метросындағы антисемиттік жазу. Көрнекі сурет

Донецкідегі синагогада антисемитшіл буклеттердің таратылуы елдегі саяси кикілжіңге жергілікті еврей қауымдастығын мәжбүрлеп араластырғысы келетіндердің бар екенін дәлелдейді.

Осы аптада Донецк қаласындағы синагогада антисемиттік мазмұндағы буклеттерді кім таратқаны әлі де белгісіз.

Бірақ бұдан туындаған халықаралық жанжал Украина еврейлерін елдің болашағы үшін жүріп жатқан күреске әдейі қатыстыруға мүдделі тараптардың бар екенін дәлелдейді.
Бұл оқиға сәуірдің 15-і күні болды да, екі күннің ішінде үлкен халықаралық дауға айналды.

Еврейлердің Песах мерекесі болған түні иудейлер Донецкідегі синагогада өткен құлшылық рәсімінен шығып келе жатқанда беттеріне маска киген үш адам Ресейге қосылуды жақтайтын «Донецк халық республикасының губернаторы қол қойды» деп жазылған буклеттерді таратқан. Буклетте «16 жастан асқан еврейлердің барлығы тіркеуге тұрып, арнайы алым төлеуі тиіс, бұған мойынсұнбағандар Киевтегі үкіметті қолдағандары үшін жазаланып, елден депортацияланады» деген мазмұндағы мәтін жазылған.

Буклетте есімі жазылған мәскеушіл сепаратистердің басшысы Денис Пушилин өзінің бұл материалдарға еш қатысы жоқ екенін айтты. Көп жұрт мұны кәдімгі арандату әрекеті деп отыр.

Бұл хаттың көшірмесі сәуірдің 16-сы Израиль БАҚ-тарында жариялана сала әлеуметтік желіде тез тарап кетті.

БҰЛ КІМНІҢ АРАНДАТУЫ?

Сәуірдің 17-і күнгі бұл оқиғаға АҚШ-тың ресми өкілдері де баға берді. Америка Құрама Штаттарының Украинадағы елшісі Джефри Пиатт Twitter желісінде «бұл әрекеттерді ресейшіл сепаратистер ұйымдастырған» деген мазмұндағы хабарлама қалдырды. Артынан CNN телеарнасынан сұхбат берген ол бұл буклеттерді «шын пиғылмен таратылған» деген пікір айтты.



Женевада сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұл буклеттерді «ақылға сыйымсыз», «төзуге болмайтын нәрсе» деп сипаттады.
Әу баста бұған «қатты таңқалып, ашу-ызаға булыққанын» айтқан аймақтың бас раввині Пинхас Вишедский кейін басқа мазмұндағы мәлімдеме жасады.

Жергілікті телеарнаға берген сұхбатында ол:

«Мұның артында кім тұрғаны беймәлім. Бірақ бұл кәдімгі арандату болғандықтан, оған дәл солай қарау керек. Бәрін тоқтатып, сөзді доғару қажет» деді.

Донецкідегі еврейлер қауымдастығының басшысы Иехуда Келерман да антисемиттік мазмұндағы буклеттерді әлдекімдер арандату мақсатында таратып отыр деп санайды.

Украинадағы саяси тартыста «антисемитизмге бой алдырды» деген айыптаулар жиі естіледі. Вишедский өз сөзінде осы жайтты меңзесе керек.

ПУТИННІҢ КИЛІГУІ

Мәскеушіл өкіметті биліктен кетірген көтерілістер басталған желтоқсан айынан бері Ресей көтерілісшілерді «антисемит, фашист» деп жиі айыптап келеді. Мәскеудің айтуынша, «Оңшыл сектор» әсіреұлтшылдар тобы мен «Свобода» националистік партиясы жаңа үкіметке ықпал жасап отыр.

Владимир Путин наурыз айында «Киевті антисемиттік пиғылдағы бұзақылар торуылдап жүр» деп мәлімдеген. Бұған наразылық танытқан еврей қауымдастықтарының басшылары Ресей президентіне ашық хат жазып, одан Украина еврейлерінің атынан пікір айтпауды өтінген.

Соңғы екі ай ішінде еврей нысандарына шабуыл жасау жиілеп кетті. Оларды украин ұлтшылдары ұйымдастырды ма, әлде бұл фашизмнің қаупін зорайтып көрсетпек болған мәскеушіл топтардың астыртын әрекеті ме, бұл жағы көбіне беймәлім күйінде қалды.

САЯСИ АСТАРЛЫ ҚАМҚОРЛЫҚ

Қырымды Ресейдің құрамына қосу туралы ұсыныс талқыланып жатқан ақпан айының соңында Азаттық тілшісі аймақтың орталығы Симферополь қаласындағы синагогадан «еврейлерге өлім бұйырсын» деген жазуды көріп, суретке түсірген.

Қырымдағы еврей қауымдастығының басшысы Азаттыққа берген сұхбатында «мұны Оңшыл секторға күйе жаққысы келіп жүрген ресейшіл күштер ұйымдастырған болуы мүмкін» деген пікір айтқан.

Осы айда елдің шығысындағы Одесса қаласында орналасқан Холокост құрбандарының ескерткішіне әлдекімдер фашистердің свастика белгісі мен «Оңшыл сектордың» таңбаларын қойып кеткен.
Ресей ақпарат құралдары тағы да шуылдай жөнелген еді, «Оңшыл сектор» басшылары мұны арандату әрекетіне балап, өздерінің бұл іске қатысы жоқ екендерін айтты. Олардың жетекшісі Киевтен арнайы келіп ескерткішті тазартып, қалпына келтіруге көмектесті және еврей қауымдастығын «қамқорлығына алатындарын» айтты.

Алайда Украина еврейлері мұндай саяси астары бар мұндай «қамқорлықты» қалай ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

АҚШ-та орналасқан «Жалаға қарсы шығу лигасы» Донецкідегі соңғы оқиғаны айыптап мәлімдеме таратты. Осы ұйымның басшысы Абрахам Фоксман қол қойған бұл мәлімдемеде саяси басшыларға мынадай өтініш айтылған:

«Соңғы жылы Украинада «антисемитизмге бой алдырды» деген айыптауды арсыз, әрі саяси манипуляция жасау үшін қолданған оқиғалар жиі қайталанды. Айыптаушылар мен олардың нысанаға алған адамдары саясаткерлер мен саяси қозғалыстармен таласып-тартысып жүр. Алайда бұдан жапа шегіп отырған – еврей қауымдастықтары».

Глен Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG