Accessibility links

Украин ұлтшылдары әдеттегіден көп дауыс жинады


Дауыс беруші украиналық шіркеу қызметкері. 28 қазан 2012 жыл.
Дауыс беруші украиналық шіркеу қызметкері. 28 қазан 2012 жыл.
Украинада парламент сайлауының қорытындысын шығып жатыр. Соңғы нәтижені күтпей-ақ президент Виктор Януковичтің «Аймақтар партиясы» өздерінің жеңіске жеткенін мәлімдеді. Ал ұлтшылдар партиясының күткендегіден көп дауыс алғаны жұртшылықты таңырқатты.

Елдегі орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда сайлауға дауыс берушілердің 58 пайызға жуығы қатысқан. Ал әзірге саналған хаттамалар бойынша парламентке жол ашатын бес пайыздық кедергіден бес партияның өткені белгілі болған.

«БИЛІК ПАРТИЯСЫНАН АУЛАҚ ЖҮРЕМІЗ»

Украина ұлттық экзит-полының қорытындысы бойынша президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясы 28,1%, біріккен оппозициялық «Батьківщина» партиясы – 24,6%, «УДАР» партиясы – 15,4%, «Свобода» партиясы – 12,2%, Украина компартиясы – 11,6% дауыс алған.

Экзит-пол мәліметі жарияланысымен Аймақтар партиясы жетекшілерінің бірі, вице-премьер Борис Колесников өздерінің парламентте көпшілік орынға ие болғанын мәлімдеді.
"Удар" партиясының жетекшісі, боксшы Виталий Кличко. Киев, 29 қазан 2012 жыл
"Удар" партиясының жетекшісі, боксшы Виталий Кличко. Киев, 29 қазан 2012 жыл

Ал әзірге үшінші орын алып тұрған «УДАР» партиясының жетекшісі, бұрынғы боксшы Виталий Кличко болса, жаңа сайланған Радада билік партиясымен ымыраласу мүмкіндігін жоққа шығарып, «өткен сайлаулардан бері өзінің шынайы бет-бейнесін көрсеткен президент партиясынан да, оның серігі – коммунистерден аулақ жүретінін» айтты.

Украина саясаткерлерінің болжауынша, Кличконың партиясы оппозициялық «Батьківщина» коалициясына немесе ұлтшыл «Свобода» партиясына қосылуы мүмкін. Ал біріккен оппозиция мен ұлтшылдар партиясының парламентте бірлесе қимылдау жөнінде сайлау алдында жасаған келісімі президент Виктор Януковичке импичмент жариялап, тіл туралы заңның күшін жоюға және бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко мен бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Луценконы түрмеден шығаруға дейін жеткізуі ықтимал.

«САЙЛАУДЫҢ СЕНСАЦИЯСЫ»

Алдын-ала қорытындыларға қарағанда ұлтшылдар Радада қырық бес депутаттық мандатқа қол жеткізуі мүмкін. Ұлтшылдардың күткендегіден көп орынға қол жеткізіп, өз алдына фракция құра алатындай жағдайға жетуін украин саясаткерлері сенсация ретінде бағалады.
Батківщина партиясы жетекшісінің орынбасары Александр Турчинов. Киев, 29 қазан 2012 жыл
Батківщина партиясы жетекшісінің орынбасары Александр Турчинов. Киев, 29 қазан 2012 жыл

«Пента» атты қолданбалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Владимир Фесенко «Бұл – ең үлкен сенсация болды. Бір апта бұрын біз ұлтшылдар бес пайыздық кедергіден өте алмайтын болар деп күдіктенген едік» деді. Ал Украина саяси зерттеулер мен конфликтология орталығының директоры Михаил Погребинский «парламентте радикалдық ұлтшылдық бағыттағы айтарлықтай ірі, күшті және ықпалды фракция пайда болды» деп санайды.

Ал ұлтшыл «Свобода» партиясының жетекшісі Олег Тягнибоктің айтуынша партия Рададағы алғашқы жұмысын Украинадағы коммунистік идеологияға тыйым салудан бастамақ.

«САЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ»

Азаттық тілішісімен сөйлескен сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, kazbei.org сайтының редакторы Қазбек Бейсебаев «сайлау нәтижесі бойынша ұлтшылдар партиясының күткендегіден көбірек дауыс жинауы да қалыпты жағдай. Ұлтшылдар кез-келген мемлекеттің міндетті атрибуттарының бірі» деп санайды.

Бірақ оның айтуынша ең маңызды жайт Украина азаматтарының демократияға бой үйретіп, сайлау мәдениетін қалыптастырғанында жатыр.
Газет оқып отырған таксист. Киев, 29 қазан 2012 жыл
Газет оқып отырған таксист. Киев, 29 қазан 2012 жыл

- Украина азаматтары бұл жолы парламентті өздері сайлады. Украина бұл күнге жету үшін көптеген қайшылықтардан өтті. Бірақ ақыры сайлау мәдениетін қалыптастырды. Украиндар демократияның не екенін түсінген сияқты. Ал бізде бұл сөздің «халық билігі» деген мағынаны білдіретінін көпшілік ұмытып та қалған болар. Сайлау сайын 95 пайызға үйреніп қалған біз үшін мұндай сайлау арман ғана, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Ал мәжіліс депутаты, Қазақстан компартиясының жетекшісі Владислав Косарев болса боксшы Кличконың партиясын да ұлтшыл патриоттық идеяны ұстанатындар қатарына жатқызады. Бірақ ол бәрінен бұрын Украина компартиясының 12 пайыз дауыс алғанына қуанатынын жеткізді.

- Украина да басқа елдер секілді батыстың айтуымен жасалған бір партиялық жүйе мен экономиканы либералдық принциптерге сай құрудың соңы құрдымға апаратынын түсіне бастаған сияқты, - деді ол Азаттық тілшісіне.

«САЯСИ КЕҢІСТІКТІ ЫДЫРАТТЫ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойынша, Украинадағы саяси кеңістікті президент әкімшілігі сайлау алдында бірнеше бөлікке ыдыратып жіберген.
Украина президенті Виктор Янукович дауыс беріп тұр. Киев, 28 қазан 2012 жыл
Украина президенті Виктор Янукович дауыс беріп тұр. Киев, 28 қазан 2012 жыл

- Кезінде Юлия Тимошенконың ықпалындағы кеңістік басқа саяси күштердің бөлісіне түсті. Украинаның оппозициялық күштері бір саяси күштің төңірегіне жұмылуы керек еді. Бірақ бұрынғы советтік елдерде партиялар негізінен жеке тұлғаның төңірегіне топтасады. Тимошенко болмаған соң оның партиясы да көптің біріне айналды, - дейді Досым Сәтпаев.

Оның айтуына қарағанда, Юлия Тимошенконың түрмеге қамалуы Виктор Янукович пен оның Аймақтар партиясының сайлауда жеңіске жетуіне айтарлықтай ықпал еткен.

Украина сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, сайлаудың алдын-ала нәтижесі ертең хабарланады, ал ресми қорытындысы қараша айының 12-сіне дейін жаряланады.
XS
SM
MD
LG