Accessibility links

Шығыс Украинада жоғалған адам көп


Шығыс Украинада сепаратистер ұстап әкетіп, кейін босатқан АҚШ журналисі Саймон Островский.

Шығыс Украинада сепаратистер ұстап әкетіп, кейін босатқан АҚШ журналисі Саймон Островский.

Шығыс Украинада журналистер, жергілікті саясаткерлер, қарапайым азаматтар жоғалып жатыр. Баспасөзді қорғайтын халықаралық ұйым жоғалып кеткен, қаза тапқан, сепаратистер қамауында отырған адамдар тізімін жариялады.

The Kyiv Post басылымы мен «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) ұйымы аймақтағы «қолды болған» адамдардың ресми тізімін жариялады.

Артем Дейнега – Славянск қаласының тұрғыны. Сәуірдің 13-і күні үйінің балконынан көшені бейнекамераға түсіріп тұрған жерінен әлдекімдер алып кеткен. Оның пәтері Славянскідегі жергілікті қауіпсіздік қызметі ғимаратының қасында орналасқан. Дейнеганың қайда екені беймәлім.

Пол Гого, Коссимо Аттанасио және Дмитрий Галко – италиялық журналистер Гого мен Аттанасионы және беларусьтік тілші Галконы ресейшіл топтар сәуірдің 21-і күні ұстап алып кеткен. Журналистерді кейін босатқанымен, олардың құрал-жабдықтары мен ақшаларын, жеке құжаттарын тартып алған.

Ирма Крат.

Ирма Крат.

Ирма Крат – Украинадағы «Жасырын ақиқат» телеарнасының бас редакторы. Сәуірдің 20-сы күні оны ресейшіл сепаратистер ұстап алып кеткен. Қазір ол Славянск қаласында қамақта отыр. Кратты ұстап отырған сепаратистер оны әдейі қамағандарын растаған.

Евгений Гапыч – украиналық фототілші. Ол «Репортер» басылымына материал әзірлеу үшін Артемовск қаласында журналистік іссапармен жүрген жерінен жоғалып кеткен. Гапыч соңғы рет туыстарына сәуірдің 22-сі күні хабарласқан.

Виталий Колупа – Краматорск қаласы полициясының бастығы. Оны сәуірдің 21-і күні маска киген қарулы адамдар ұстап әкеткен. Ресейшіл сепаратистер полиция полковнигін босату үшін қару-жарақ талап еткен.

Сергей Лефтер.

Сергей Лефтер.

Сергей Лефтер – украиналық журналист. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны Славянск қаласында белгісіз біреулер ұрлап әкеткен. Лефтер жұмыс істейтін Open Dialog қорымен соңғы рет сәуірдің 15-сі күні хабарласқан.

Саймон Островский – америкалық VICE News ақпарат құралының тілшісі. Ресейшіл сепаратистер оны сәуірдің 22-сінен бері Славянск қаласында ұстаған. 25 сәуір күні Островскийдің босатылғаны туралы ақпарат тарады.

Олег Прохоров – Славянск қаласының полиция бастығы. 19 сәуірден бері із-түзсіз жоғалып кеткен. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны ресейшіл сепаратистер ұстаған. Бірақ ол ақпарат расталған жоқ.
Владимир Рыбак.

Владимир Рыбак.

Владимир Рыбак – Горловка қалалық кеңесінің мүшесі. Ресейшіл сепаратистердің қолына түсті деген ақпарат тарағаннан бес күн өткенде, сәуірдің 22-сі күні мәйіті табылды. Оның денесін Торец өзенінің жағасына тастап кеткен. Мәйітінен азап көргені мәлім болды. Оның қасынан аты-жөні белгісіз тағы бір ер адамның сүйегі табылды.

Вадим Сухонос – Славянск қалалық кеңесінің депутаты. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны сәуірдің 23-і күні ресейшіл жасақ ұстап әкеткен. Ол ақпанда Аймақтар партиясынан (Януковичтің партиясы саналып келген – ред.) шығып кеткелі тәуелсіз депутат саналады.

Якимов – Славянск қаласының сот сараптамасы қызметінің басшысы. Есімі аталмайтын бұл кісіні сәуірдің 22-сі күні маска киген адамдар жұмыс орнынан алып кеткен. Полицияның айтуынша, босатардан бұрын ресейшіл жасақтар оны тергеген. Полицияның айтуынша, Якимов «қатты шошынған», өзінің ұсталғанына қатысты жайттарға пікір білдіруден қашып отыр.
Неля Штепа.

Неля Штепа.

Неля Штепа – Славянск қаласының мэрі. Ресейшіл сепаратистердің басшысымен кездеспек болып жүрген ол сәуірдің 18-і күні жоғалып кетті. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны сепаратистер өздері басып алған ғимаратта қамауда ұстап отыр. Әу баста Штепа ресейшіл сепаратистерді жақтаған, алайда кейін пікірін өзгеріп, Киевтегі жаңа үкіметті қолдап шыққан.

Юрий Загребельный – Славянск қаласының прокуроры. Оны маска киген қарулы адамдар сәуірдің 22-сі күні ұстап, кейін босатқан. Полицияның айтуынша, ол да оқиғаның жай-жапсарын айтудан бас тартып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG