Accessibility links

Кличко сайлауда «нокаутсыз» жеңді


Киев мэрі Виталий Кличко. Киев, 15 қараша 2015 жыл.

Киев мэрі Виталий Кличко. Киев, 15 қараша 2015 жыл.

Бокстан бұрынғы әлем чемпионы Виталий Кличко Киев мэрі қызметіне қайта сайланды. Бірақ бұл жолғы сайлау екі раундқа созылып, оның партиядағы жақтастарын біраз әуреге салды.

Киев мэрі қызметіне сайлаудың екінші кезеңі қарсаңында үміткерлердің бірі Борислав Береза қарсыласы Виталий Кличконың қағаздан жасалған бейнесімен «теледебатқа» шықты. Осыдан 16 ай бұрын ғана «жемқорлыққа қарсы күресемін, басқа да реформалар жасаймын» деп билікке келген Виталий Кличко «онымен айтысып босқа уақыт кетірмеймін» деп, қарсыласымен пікірсайысқа қатысудан бас тартқан.

Оның сөзінің жаны бар болып шықты. Бұл теледебат дауыс беру нәтижесіне еш әсер етпеді. Қарашаның 15-індегі сайлаудың екінші кезеңі өткен аймақтарда ең айқын басымдықпен жеңгендердің бірі Виталий Кличко болды. Ол қарсыласы Борислав Березадан екі есе көп дауыс жинады.

Борислав Береза.

Борислав Береза.

Алайда Кличко өзі ойлағанындай, қарсыласын нокаутпен жеңе алмады. Оның үстіне, өзге түгіл өз жақтастары да оның алғаш сайланған кездегі жоспарларының жүзеге аспағанын, «Киевті тазартамын» деген сертінің орындалмағанын ескерте бастады.

Енді елдің көкейінде «Кличко жалт етіп көрінген өтпелі басшыдан мықты реформаторға, проблемасы көп, 4 миллион халқы бар Киевтің ірі саяси тұлғасына айнала ала ма?» деген сұрақ тұр.

– Ол ештеңе тындырмады деуге болмас, қалада тегіс заңсыздық орнады деп те айта алмаймыз. Бірақ ол ескі проблемаларды шешіп жатқан жоқ, ескі жүйені өзгерткен жоқ, – дейді экономикалық стратегия орталығының атқарушы директоры Глеб Вышлинский.

Кличконың телесайысқа шығудан бас тартуы оның ресейшіл президентті орнынан кетірген Майдан кезіндегі сайлауалды дебатқа қатысты ұстанымына мүлде кереғар болып шықты. 2014 жылдың ақпанында президент Виктор Януковичтен ерте сайлау өткізуді талап еткен көтеріліс дүрмегі кезінде Кличко Януковичпен бетпе-бет пікірсайысқа шығуға дайын екенін айтқан. ​Кличко бұл ойын жүзеге асыра алмаса да, Facebook парақшасында ол дебат туралы «Бұл – демократиялық елдерде сайлау науқаны кезінде болатын қалыпты нәрсе» деп жазған еді.

Тіпті оның сайлаудың екінші кезеңіне шыққан қарсыласы Береза да «Кличконың жетістіктері жоқ емес» екенін айтты. Бірақ, оның айтуынша, харизмасы бар экс-боксшы «алдыңғы басшының жобаларын аяқтау үшін ғана келген».

«УДАР» ШЕГІНІСІ

Осы жолғы айқын жеңісіне қарамастан, Кличконың алғашқы кезеңде-ақ жеңе алмауы әрі оның партиясының беті қайтуы Киев тұрғындарының, соның ішінде кезінде оны қолдағандардың көңілінде алаң бар екенін аңғартады.

Қазанның соңында өткен сайлауда ол басқаратын «УДАР» партиясы мен президент Порошенконы қолдайтын «Солидарность» партиясының біріккен альянсы 120 орындық Киев қалалық советіндегі 69 мандаттың 17-сінен айырылып қалды. Бұл оның қаланы еркін басқару мүмкіндігін азайтып жіберді.

Қала мэрі сайлауы. Киев, 15 қараша 2015 жыл.

Қала мэрі сайлауы. Киев, 15 қараша 2015 жыл.

Порошенкомен альянс құрып, сайлауда жеңіске жеткен осыдан бір жарым жыл бұрынғымен салыстырғанда Кличконы қолдаушылардың саны азайған. Оның әкімшілігінде де жемқорлыққа қатысты дау-дамай көп болды, қалада заңсыз құрылыстар әлі де салынып жатыр, мұның барлығы оның «заң үстемдігін орнатамын» деген уәдесіне көлеңке түсіреді.

Кличко мэр болып келген кездегі Киевтің ахуалын жұрттың көбі біледі. Қала майдан алаңына көбірек ұқсайтын, көше толы өртелген дөңгелек пен күл-қоқыс еді. Ал шайқастың орталығы болған Тәуелсіздік алаңында шатырлар әлі тігулі тұрған. Бірақ ол шатырларды негізінен қаңғыбастар мен елдің шығысындағы соғысқа қатысқысы келмеген қашқындар паналап жатқан.

Киевтегі транспорт инфрақұрылымының тоз-тозы шыққан, ал ешбір ережеге қарамай, заңсыз салынып жатқан құрылыс тіпті көп еді. Оның үстіне муниципалдық компаниялардың көбі ақша жымқырумен айналысатын.

Украина халқының 6 пайызы тұратын, соған қарамастан, елдің ішкі жалпы өнімінің бестен бірін беретін қаланың қаржы жүйесі мәз емес болатын.

Елдің шығысында бас көтерген сепаратистермен күресуге жан сала кіріскен орталық үкіметтің қолдауына сүйенген Кличко билікке келе сала алаңдағы шатыр қалашықты тып-типыл етті. Ал қалған проблемаларды шешу оған қиынға соқты. Осы сайлаудың екінші кезеңіне бірнеше күн бұрын қала әкімшілігі қарыз алуға уақытша мораторий жариялап, құны миллиондаған еуро болатын еуробондтар бойынша дефолт жариялады, бұл Украинаның сыртқы қарыз дағдарысын одан әрі тереңдетіп жіберді.

Қаланың қазіргі әкімшілігіндегі «таныстарына» сүйенген әлдебір пайдакүнем құрылыс компаниялары тарихи орталық пен «жасыл аймаққа» қайта-қайта қол сұға берді. Кличко Киевтегі негізгі қызметтерді көбіне жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласында өз мүдделері бар жақтастарына берді.

Кличко барлық заңсыз құрылыс алаңдарын жабамын деген уәдемен билікке келген еді. Бірақ олар керісінше көбейіп кетті.

Азаттық радиосының Украин қызметі зерттеген бір істе Sunny Riviera деп аталған құрылыс компаниясының қаланың архитектуралық бөлініс тәртібін бұзғаны әшкереленген. Кличконың досы мен қала әкімшілігіндегі қызметкерлерінің, соның ішінде мэрдің орынбасары Игорь Никоновтың осы жобаға қатысы бар болып шықты.

– Кличко барлық заңсыз құрылыс алаңдарын жабамын деген уәдемен билікке келген еді. Бірақ олар керісінше көбейіп кетті. Кесіртке айдаһарға айналды, – дейді оның сайлаудағы қарсыласы, кітап саудасы саласындағы бизнесмен, әсіреұлтшыл «Оңшыл сектордың» баспасөз хатшысы Борислав Береза.

КЛИЧКОНЫҢ УӘДЕСІ

Ал Кличко шешілмеген проблемалардың әлі көп екенін өзі де мойындады, соның ішінде жемқорлықпен күрес бірінші орында тұрады деп уәде берді. «Басты мақсатымыз – жемқорлықты жою. Онсыз біз ешқандай реформаны жылжыта алмаймыз» дейді Киев мэрі. Ол сондай-ақ, «миллиардтаған гривна ұрлады» деп айыпталғандар бойынша 62 қылмыстық істің тергеліп жатқанын айтты. Киев мэрі қаланың баяу болса да дұрыс бағытта дұрыс дамып бара жатқанына сенеді.

– Бұл – процесс. Нөлден бастап, бірден [сағатына] 100 шақырым жылдамдықпен жүріп кете алмайсың. Біз ақырындап жылжып келеміз, бұл процесс жалғаса береді, – деді Виталий Кличко Азаттыққа берген сұхбатында.

"Кличконың заң бұзған көлігі" делінген сурет.

"Кличконың заң бұзған көлігі" делінген сурет.

Сайлау қарсаңында болған бір оқиға Киев тұрғындарының Кличкоға қатысты көзқарасын біраз өзгертті. Кличконы жүргізушісі оның көлігін қарсы бағытқа айдап әкеліп, автобус жүретін жолдың қақ ортасына қойып кетіп қалған. Полиция мэрдің жүргізушісіне 11 АҚШ доллары көлемінде айып салды, ал Кличко кешірім сұрады. Бұл оқиға жұрттың ойында «миллионер мэр заңға бағынбайды» деген әсер қалдырды. Жүргізушінің бейбастақтығын айтып, полицияға хабарлаған жүргінші Александр Фощан тек саяси жүйе өзгергеннен ештеңе болмайды дейді. «Ел өзгеріп жатыр, ал ол өзгерістің қалай болары бізге – қарапайым тұрғындарға байланысты» дейді ол.

Сайлауға тек халықтың 28 пайызы ғана қатысқанына қарамастан, Виталий Кличко өзіне дауыс бергендерге рахметін айтты.

– Бұл – бізге артылған үлкен сенім, мен оны ақтауға бар күшімді саламын... Ең басты міндет – дауыс бермеген халықтың сенімін ояту, – деді Кличко 15 қарашада сөйлеген сөзінде.

Киев Украинадағы 22 аймақ орталықтарының арасында өмір сүруге ыңғайлылығы жөнінен 14-орын алады. Тұрғындар жолдағы шұңқырлардың бітеліп, көлік кептелістерінің азайғанын, тротуарлардың қалыпқа келгенін қалайды, осыны Кличко мен оның әкімшілігінен талап етуге құқығымыз бар дейді.

– Мэр қаладағы бұзақылармен күресіп, түнде қауіпсіз жүруімізге жағдай жасайды деп үміттенемін. Мен тәртіпті, жемқорлықпен, баскесерлермен күрестің күшейгенін қалаймын, – деді Азаттыққа берген сұхбатында Киевте тұратын зейнеткер.

Қала тұрғыны Владимир Рудницкийдің айтуынша, жақында оның үйінің маңында электр бағандарын жылжытып, бала арбасы жүретін жолды кеңейткен.

– Мұның барлығы тек осы жазда басталды. Мұның алдындағы бес жылмен салыстырғанда бұл жақсы жұмыс істеп жатыр, – дейді Рудницкий.

Кличкоға дауыс бердім деген Киевтің тағы бір тұрғыны «[Айтқандарының] жартысын орындаса, соның өзі жақсы болар еді» дейді.

Катя Горчинскаяның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG