Accessibility links

Украинадағы президент сайлауында Янукович жеңіске жеткенін мәлімдеді


Оппозициялық үміткер Виктор Янукович журналистердің сұрақтарына жауап беруде. Киев, 7 ақпан 2010 жыл.
Оппозициялық үміткер Виктор Янукович журналистердің сұрақтарына жауап беруде. Киев, 7 ақпан 2010 жыл.

Украинада президент сайлауының екінші кезеңінде дауыс беру аяқталған соң, додаға түскен екеудің бірі - мәскеушіл оппозиция жетекшісі Виктор Янукович өзінің жеңіске жеткендігін мәлімдеді. Оның бақталасы, елдің премьер-министрі Юлия Тимошенко да оңайлықпен берілмейтіндігін айтып отыр.

Виктор Янукович 2004 жылғы Қызғылт-сары төңкерісінде ең негізгі айыпкер болған еді. Сол кезде бұрмаланған президент сайлауында Януковичтің жеңісіне наразылық таныту үшін жүздеген мың адам көшелерге шығып, жаппай шерулерін өткізген болатын. Нәтижесінде сол жылғы сайлау қорытындысы жоққа шығарылды.

Алайда Қызғылт-сары төңкерістің көсемдері арасында 5 жылға жалғасқан дау-жанжалдардан кейін бұрынғы коммунист шенеунігі жеңіске қол жеткізгеніне нық сенімді.

Ақпанның 7-күні өткен сайлаудың екінші кезеңіндегі дауыстардың 90 пайыздан көбі саналған соң, елдің Орталық сайлау комиссиясы Виктор Януковичтің 48.49 пайыз дауыс жинағанын, ал Қызғылт-сары төңкерісінің көсемдерінің бірі Юлия Тимошенконың 45.89 пайыз дауысқа қол жеткізгендігін хабарлады.

Киевтегі Intercontinental қонақ үйінде сөйлеген сөзінде Виктор Янукович өз жеңісін жариялап, Украина халқын құттықтады.

«Біз елді біріктіру бағытында алғашқы қадам жасадық деп сенемін. Бұл маңызды және мен үшін қажет», - деді Янукович.

Бұл мәлімдемесін Янукович украин тілінде емес, орыс тілінде жасады.

2004 жылы онша танымал болмаған Виктор Януковичті сол кездегі Украина президенті Леонид Кучма өзінің мұрагері етіп қалдырғысы келген еді. Кучманың таңдауын Мәскеу ашық түрде қолдады.

Содан бері 59 жастағы Виктор Янукович өзін орталықшыл тұлға етіп көрсетуге тырысып, мәлімдемелерінің басым бөлігін украин тілінде жасауға көшті.

Жексенбі күні түнде орыс тілінде мәлімдеме жасау арқылы Янукович Украинаның шығысындағы орыс тілді аймақтардағы өзінің негізгі қолдаушыларына алғыс білдіргендей болды. Бұл аймақтардағы халық Ресеймен байланыстардың нығайтылуын қалайды.

Алайда Украинаның батысындағы сайлаушыларға Януковичтің орыс тілінде мәлімдеме жасауы ұнамады. Бұл аймақтағы халықтың басым бөлігі Украинаның Еуропа Одағына мүше болуын қалайды. Олар орыс тілінде сөйлегісі келмейді.

Виктор Янукович сондай-ақ өзінің осы сайлаудағы бақталасы Юлия Тимошенконы премьер-министр қызметінен кетуге шақырды, бірақ Тимошенко өзін жеңілдім деп мойындамай, дауыстар айырмашылығы тым аз деп атап көрсетті.

Юлия Тимошенко сайлауға қатысып өзін жақтап дауыс берген адамдарды әрбір сайлау бюллетені үшін күресуге шақырды.

«Адамдардың көбі еуропалық, демократиялық, мықты Украина үшін дауыс берді деп сенемін», - деді Юлия Тимошенко.

Сайлау алды науқаны барысында екі үміткер бір-бірін айыптаған болатын. Янукович Тимошенконы «өтірікші» деп атаса, Тимошенко егер Янукович жеңіске жетсе, билікке қылмыскерлер келеді деп мәлімдеді. Екі үміткер де бір-бірін сайлауды бұрмаламақшы деп айыптады.

Украина халқы қазір экономикалық дағдарыстың салдарын басынан өткеріп жатыр. Бұл жолғы президент сайлауының жеңімпазы өткен жылы 16.4 миллиард доллар көмек қаржысын тұмшалаған халықаралық валюта қорымен келіссөздерді қайта бастауы тиіс.

Украиналықтар қазір Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бақылаушыларының елдегі сайлауға байланысты шешімін күтіп отыр. Олар бұл ұйымның баяндамасы жеңімпазды жариялау үдерісін тездетеді деп сенеді.
XS
SM
MD
LG