Accessibility links

Тимошенконың жария болған телефон әңгімесі


Украиналық саясаткер Юлия Тмошенко. Дублин, 6 наурыз 2014 жыл.

Украиналық саясаткер Юлия Тмошенко. Дублин, 6 наурыз 2014 жыл.

YouTube порталына жүктелген құпия телефон жазбасында қатты-қатты сөйлеген әйел адам украиналық танымал саясаткер Юлия Тимошенкоға ұқсайды. Алайда ол «таспаның көп жері өзгертілген» дейді.

YouTube порталына анық емес жазылған таспа жүктелді. Онда ащы тілмен сөйлеп, «Украинада қалған барлық орыстарға атом қаруынан от бүрку керек» деген адамның дауысы бұрынғы украин премьер-министрі Юлия Тимошенконікіне ұқсайды.

Бұны жариялаған «Сергий Вечирко» қоңырау наурыздың 18-і күні шалынды дейді. Бұл Қырымдағы Ресейге қосылу жөніндегі референдумнан екі күн кейін болған. Бұған қоса жариялаушы қоңырау шалушылар Тимошенко мен Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының бұрынғы орынбасары Нестор Шуфрич екенін айтады.

Шуфрич Қырымдағы жағдайға нали бастасымен, Тимошенко оның сөзін үзіп тастап: «Қолымызға қару алып, кацаптарды басшысымен қоса қырып тастауымыз керек» дейді. (Кацап – орыстарға қатысты кемсіте қолданылатын сөз). «Дәл қазір сонда болмағаныма ішім ашиды. Егер бұл процестерді мен басқарғанда, олар Қырымды емес, аталарының басын алар еді» деп қосты ол.

Шуфрич екеуінің ортақ танысы «Виктор» есімді әлдекім әлі де Украинада өмір сүріп жатқан 8 миллион орысқа Киевтің не істеуі керегін сұрады» дейді.

«Біз оларды атом қаруымен ата салуымыз керек» деп жауап береді Тимошенко.

Тимошенко шынымен қоңырау шалынғанын Twitter желісінде мойындады, алайда сөздерін монтаждап жібергенін айтады. Тимошенко «8 миллион орысқа» қатысты бастапқы сөзі «Украинадағы орыстар да - украиналықтар» болған дейді. Ол жазбасына «Сәлем, ФСБ :)» деген сөзді қосты.

Бұл таспаның YouTube порталында кенеттен пайда болуы өткен айдағы бір жанжалға ұқсайды. Ол кезде жоғары лауазымды екі дипломаттың жазылып алынған қоңыраулары әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. Екеудің бірі – АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі, Еуропа Одағы жайлы оқыс пікір айтқан Виктория Нуланд болатын.

Тимошенко бұрыннан келе жатқан бақталасы президент Виктор Янукович биліктен құлатылған соң, өткен айда түрмеден босатылды. Ол қызмет өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталып, түрмеде үш жылдай отырған. Жақтастары «істің саяси астары болды» деп біледі.

Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG