Accessibility links

Донецк тұрғындары бейбіт өмірді аңсайды


Соғыстан қалған шұңқырды суретке түсіріп отырған бала. Донецк, 22 шілде 2014 жыл.

Соғыстан қалған шұңқырды суретке түсіріп отырған бала. Донецк, 22 шілде 2014 жыл.

Донецкідегі сепаратистер Украина әскерінің шабуылына дайындалып жатыр. Қарулы қақтығыстардан қаланың су жүйесі зақымданды. Халық енді сусыз қалудан қорқып отыр.

Украинаның шығысындағы Донецк қаласын үкімет әскері қоршап тұр. Тұрғындардың қаладан шығуы да қиындай түсті. Жергілікті блогшы Денис Казанский Азаттыққа «адамдардың жүйкесі жұқарып, мазасызданып жүргенін, қазіргі жағдайға наразы екенін» айтады.

«БЕС КҮНГЕ ЖЕТЕТІН» СУ

Ал Донецкідегі сепаратистер Украина әскерімен шайқасуға әзірленіп жатыр. Денис Казанский «Адамдардың қаладан кетіп қалуына болады. Бірақ жол жүру өте қауіпті, себебі қала маңындағы барлық жолдар майдан шебінен өтеді. Бірақ теміржол бүлінген жоқ. Донецкіден пойызбен кетіп қалуға әлі де мүмкіндік бар» дейді.

Шиеленісіп тұрған Донецкідегі ахуалды «қаланың су құбырына зақым келді, су қоры ары кетсе бес күнге жетеді» деген хабар одан әрі ушықтырды.

Украиналық және ресейлік БАҚ «Солтүстік Донецк – Донбасс» каналынан су тарататын құбыр жақында болған шайқас кезінде бірнеше жерден тесілді» деп хабарлады. Су құбыры мен электр жарығына жауапты шенеуніктер «аймақтағы жағдай тұрақтанбай, құбырды жөндей алмаймыз» дейді.

Қақтығыстар басталар алдында Донецк тұрғындарының саны 1 миллион еді. Енді олардың қаншасы қалатыны белгісіз. Казанскийдің айтуына қарағанда, өзін өзі сайлап алған «Донецк халық республикасының» (ДНР) әрекетіне наразылар көбейіп келеді.

Ол «Донецкіде көмекке мұқтаж жандар көбейді. Бомбадан паналайтын орын табу қиын – әуеден немесе артиллериядан шабуыл жасалған кезде адамдар қайда қашарын білмейді. Тұрғындар қалалық кеңеске, әкімшілікке хабарласуға қанша рет тырысты, оларға ешкім жауап бермейді. Кейде біреулер тұтқаны алады да, дөрекі сөйлеп, басқа жаққа сілтей салады» дейді.

«ЖҰРТ ӘСКЕРИ БИЛІКТЕН ҚАЖЫДЫ»

Донецк мэрі Александр Лукьянченко өткен аптада қаладан кетіп қалды. «Үкімет жұмыс істеуді қойды... Өкінішке қарай, Донецкідегі ахуал анархияға ұласты» деп жазады Казанский. Оның пікірінше, қала тұрғындары «тәуелсіздік» дегеннің әскери билік екенін түсініп келеді.

Зымыран түскен ауданда кетіп бара жатқан тұрғын. Донецк, 21 шілде 2014 жыл.

Зымыран түскен ауданда кетіп бара жатқан тұрғын. Донецк, 21 шілде 2014 жыл.

«Адамдардың көбі қажыды. Олар бұл адамдармен (сепаратист басшылармен) жақсы өмірге жете алмайтындарын ұқты. Сепаратистер - үкімет емес, соғысуды, қару ұстап, адам өлтіруді, атуды ғана білетін әскери топ. Соғыс аяқталды делік, бірақ бұл адамдар қаланы қалай басқарады?» дейді Казанский.

​Оның айтуынша, жергілікті халықтың көбі «тәуелсіздік алу жоспарына» ресейліктердің араласқанын қаламайды. Блогшы «Бұның бәрі – нағыз басқыншылық. Ресей армиясы, тыңшылары, жауынгерлері толып жүр... » деп жазады. Казанский өзін өзі сайлап алған «Донецк халық республикасының» губернаторы Павел Губарев пен осы құрылымның «Жоғарғы кеңесі» төрағасы Денис Пушилинді Ресейдің уақытша пайдаланғанын, енді олардың «көрінбей кеткенін» айтады.

Украина үкіметінің шенеуніктері «Донецкіні шабуылмен алмайтындарын, қаланы майдан алаңына айналдырмайтындарын» бірнеше рет мәлімдеді. Ал сепаратистер «соғыссыз берілмейміз» деп отыр.

Донецкідегі жергілікті журналист Валерия Дубова «тұрғындар Киевтен үміт күтеді, шілденің 7-сі күнгі әрекеттерін қайталар деп үміттенеді» дейді (шілденің 7-сі күні Украина үкіметі Славянскіде тәртіп орнатты).

Дубова «Славянскіде қаладан сепаратистерді қуып шыққан әскерді жұрт қаһарман ретінде қарсы алды. Киев үкіметінің Донецкіні де сепаратистерден босатып, тәртіп орнатып, қолдаушыларын көбейтуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын» дейді.

(Елена Ремовскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG