Accessibility links

Украинаның шетелдік министрлері


Украинаның жаңа үкіметіндегі үш шетелдік министр - (солдан оңға қарай) Наталья Яресько, Александр Квиташвили және Айварас Абромавичус.

Украинаның жаңа үкіметіндегі үш шетелдік министр - (солдан оңға қарай) Наталья Яресько, Александр Квиташвили және Айварас Абромавичус.

Украина жұртта жоқ дәстүр шығарып, жаңа үкіметтегі үш маңызды министрлікті шетелдіктерге ұсынды. Парламент үкімет құрамын бекітерден бірер сағат бұрын ғана АҚШ, Грузия, Литва азаматтарына Украина паспорты берілді.

Украина парламенті желтоқсанның 2-сі күні шетелдік үш азамат – Наталья Яресько, Александр Квиташвили және Айварас Абромавичусті Украина үкіметінің министрлері етіп бекітті.

Президент Петр Порошенко «Украинаның алдында аса ауыр қиындықтар тұрғандықтан, үкіметте инновациялық шешімдер қабылдау шараларының аясында бұл азаматтарды қызметке тағайындау қажет болды» деді. Бұл шешім жұрттың көбін таңғалдырды.

Министрлердің кандидатурасын парламент бекітерден бірер сағат бұрын ғана Порошенко үшеуіне де Украина азаматтығын берді. Украинада қос азаматтыққа тыйым салынған. Сондықтан, олардың үшеуі де бұрынғы азаматтықтарынан бас тартты.

Наталья Яресько, АҚШ – қаржы министрі

Этникалық украин Яресько Украинада 20 жылдан астам уақыт тұрып келеді.

1992 жылы, Украина Совет Одағынан тәуелсіздік ала салысымен Киевке көшкен ол жаңадан ашылған АҚШ елшілігінің экономика бөлімін басқарған.

Көшіп келерден бұрын Яресько АҚШ үкіметінде экономикаға қатысты түрлі қызметтер атқарған.

Чикагодағы DePaul университетінің бакалавриатын есепші мамандығы бойынша бітірген ол кейіннен Гарвард университетіне қарасты Кеннеди басқару мектебінде қоғамдық саясат мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Парламентте сөйлеп тұрған Наталья Яресько. Киев, 2 желтоқсан 2014 жыл.

Парламентте сөйлеп тұрған Наталья Яресько. Киев, 2 желтоқсан 2014 жыл.

1995 жылы АҚШ елшілігінен кеткен Яресько шағын және орта бизнеске инвестиция салумен айналысатын америкалық Western NIS Enterprise Fund (WNISEF) қорына жұмысқа ауысып, онда атқарушы директор қызметіне дейін көтерілді.

2004 жылы ол өзінің Horizon Capital қорын құрды.

«Қызғылт-сары» революция кезінде батысшылдар көтерілісін ашық қолдаған ол кейін президент Виктор Ющенконың қарамағындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше болды.

Онсыз да «АҚШ Украинада төңкеріс жасады» деген қаңқу сөз көбейіп тұрған тұста Яреськоның министр болып тағайындалуы жұртшылықты таңғалдырды.

АҚШ үкіметі баспасөз хатшысының орынбасары Мэри Харф «бұл тағайындауға Американың еш қатысы жоқ» деген мәлімдеме жасап үлерді.

Наталья Яреськоның өзі «Жаңа кабинет елді өзгертіп, транспаренттілікті арттырып, жемқорлықты жояды» деп уәде берді. Желтоқсанның 2-сі күні ол Украина депутаттары алдында «қиыншылықтарға дайынмын» деп мәлімдеді.

Яресько шынымен аса ауыр жауапкершілік арқаламақ. Ол шығысында әлі соғыс жүріп жатқан Украинада елді экономикалық дағдарыстан шығару, жемқорлықты жою және экономиканы реформалау сияқты мәселелермен айналысады.

Айварас Абромавичус, Литва — экономика министрі

Ол да Украинаға жаңа келген кісі емес.

Украина парламентінде сөйлеп отырған Айварас Абромавичус. Киев, 2 желтоқсан 2014 жыл.

Украина парламентінде сөйлеп отырған Айварас Абромавичус. Киев, 2 желтоқсан 2014 жыл.

Вильнюс (Литва) қаласында туған, банк саласының маманы, 2008 жылдан бері Киевте тұрады, зайыбы — украин.

East Capital активтерді басқару қорының әріптесі әрі басқарушысы.

Украинадағы ірі команиялардың бірі санатындағы бұл қор 2012 жылы 100 миллион доллар инвестиция салған.

Өзін «Украинаның нағыз патриотымын» деп атаған Абромавичус елдің тұралаған экономикасын түзету үшін «қатаң шаралар қолданамын» деп уәде берді. «Министр ретінде алатын жалақымның көлемін әлі талқылаған жоқпын» деген ол табысының онша көп болмайтынын айтты.

«Менің тәжірибем мен қажыр-қайратым Украинаны экономикалық дамудың жаңа деңгейіне көтеріп, үкімет жұмысын транспарентті әрі ашық ете түседі деп үміттенемін» дейді жаңа министр.

Александр Квиташвили, Грузия – денсаулық сақтау министрі

Квиташвили Грузияны Саакашвили басқарып тұрған тұста (2008-2010 жылдары) Грузияның денсаулық сақтау министрі болған.

Тбилиси мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген ол кейіннен Нью-Йорктегі Қоғамдық қызмет жоғары мектебінен магистр дәрежесін алған.

Парламент депутаттарымен танысып тұрған Александр Квиташвили. Киев, 2 желтоқсан 2014 жыл.

Парламент депутаттарымен танысып тұрған Александр Квиташвили. Киев, 2 желтоқсан 2014 жыл.

1993 жылы оқуын бітірген соң АҚШ-та қалып қойған Квиташвили Атланта медицина орталығында қысқа мерзім әкімшілік және қаржылық қызметтер атқарған.

Сол жылы Грузияға оралған ол БҰҰ даму бағдарламасына жұмысқа тұрады.

Содан бері ол Көмек көрсету жөніндегі біріккен әдістемелік комитет, Curatio халықаралық қоры, Нью-Йорктегі Шығыс-Батыс институты, СПИД-ке қарсы трансатлантикалық әріптестік сияқты денсаулық сақтау саласына қатысты ұйымдарда лауазымды қызметтер атқарған.

2010-2013 жылдары Квиташвили Тбилиси мемлекеттік университетінің ректоры болды.

Премьер-министр Яценюк оған денсаулық сақтау саласын жайлаған жемқорлықты түбірімен жою үшін «тазалау реформасының» жоспарын жасау жөнінде тапсырма берді.

Украинаға жақында ғана келген Квиташвили украин тілінде сөйлей алмайды, соған қарамастан ол «Украинаны және оның халқын құрметтейтінін» айтты.

Желтоқсанның 2-сі күні ол «Украинадағы реформаларды қолға алып жатқаныма үш ай ғана болды, дегенмен бұл елге деген менің сүйіспеншілігім бұдан әлдеқайда бұрын басталған» деді.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG