Accessibility links

Украинада диктатура орнай ма?


Еуропамен интеграцияны жақтаушылар наразылықтарын білдіріп тұр. Киев, 17 қаңтар 2014 жыл.

Еуропамен интеграцияны жақтаушылар наразылықтарын білдіріп тұр. Киев, 17 қаңтар 2014 жыл.

Қаңтардың 16-сы күні Украина парламенті демонстрацияларға шектеу қойып, оппозицияшыл депутаттарды жазалайтын, сөз бостандығына тосқауыл қоятын жаңа заң жобасын мақұлдады.

Украинада Еуропа Одағымен жақындасуды жақтаушылар шеруі басталғалы екі айға таяды. Қаңтардың 16-сы күні Украина парламенті шерулерге тыйым салатын, оппозицияшыл депутаттарды жазалайтын, сөз бостандығына тосқауыл қоятын заң жобасын мақұлдады.

Оппозиция белсенділері «бұл заң 10 жылдай демократиялық режимде өмір сүрген Украинаны диктатуралық режимге көшіреді» дейді.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ЗИЯНДЫ ЗАҢ

Бұл заң жобасын мақұлдау арқылы Украина парламенті «еуропашылдардың» наразылық шеруін шектеумен қатар, бұл елде 10 жыл бойы жүргізілген демократиялық реформалар процесін тоқтатпақ.

Солдан оңға қарай: Украина оппозициясының жетекшілері Олег Тягнибок, Арсений Яценюк және Виталий Кличко шеруде тұр. Киев, 13 желтоқсан 2013 жыл.

Солдан оңға қарай: Украина оппозициясының жетекшілері Олег Тягнибок, Арсений Яценюк және Виталий Кличко шеруде тұр. Киев, 13 желтоқсан 2013 жыл.

Жоғарғы Раданың президентшіл депутаттары өткен бейсенбіде наразылық білдіру үшін көшеге шыққан азаматтарды жазалайтын, оппозициялық саясаткерлерді заңды иммунитетінен айырып, сөз бостандығына цензура қоятын заң жобасын бекітіп жіберді.

Бұл заң жобасы ең алдымен президент Виктор Януковичтің Еуропа Одағымен серіктестік шартына соңғы сәтте (2013 жылдың қарашасында – ред.) қол қоюдан бас тартқан соң басталып, Киевті шулатқан демонстрацияларды тоқтатуға арналған сияқты.

Заң жобасына Украина президенті Виктор Янукович қол қойса, өркендеп келе жатқан азаматтық қоғамға және тәуелсіз журналистердің қызметіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Киевте орналасқан Медиа құқық институтының директоры Тарас Шевченко:

- Заң жобасы барлық платформадағы пікір білдіру еркіндігіне шектеу қояды. Ол веб-сайттарды жабуға, интернетке тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Бұл құжат барлық SIM-карталардың қозғалысын бақылауға жол ашады, сөйтіп форумдарда, блогтарда, тіпті ұялы телефонмен тілдесу кезінде үкіметке қатысты жағымсыз пікір айтқан кез келген адамды тауып алуға жағдай жасайды. «Жағымсыз» пікір «экстремизм», «жала жабу», «құқық қорғау қызметкерінің не судьяның ар-намысына тию» деп бағалануы ықтимал, - дейді.

«РЕСЕЙ МЕН БЕЛАРУСЬТА ЖОҚ ҚАТАҢ ШЕКТЕУЛЕР»

Украина парламентінің тосын қадамын ел ішіндегі белсенділермен қоса, Еуропа Одағының ресми тұлғалары да сынап, «тым асығыс қабылданған шешім» деп атады және елдің «диктатураға сырғып бара жатқанын» айтты.

Парламент мақұлдаған заң жобасы Украина президенті Виктор Янукович қол қойғаннан соң заңға айналады. Сол күннен бастап интернеттегі сөз бостандығына тіпті аймақтық стандартпен алып қарағанда да аса қатаң шектеулер қойылады.

Украина парламентінің 16 қаңтар күнгі отырысынан түсірілген сурет. Киев, 2014 жыл.

Украина парламентінің 16 қаңтар күнгі отырысынан түсірілген сурет. Киев, 2014 жыл.

Украина үкіметінің Еуропа Одағымен интеграция департаментінің бұрынғы директоры Василь Филипчук бұл өзгерістердің оны «есеңгіретіп» тастағанын айтады.

- Бұл ережелердің кейбірі тіпті Ресей мен Беларусьта да жоқ, сондықтан президент Виктор Янукович шығыстағы көршілерімізден де өрескел автократ болып, өз халқына қырғидай тию жағынан олардан да асып түскісі келіп отыр ма деп қорқамын, - дейді ол.

«УКРАИНА ЕУРОПАДАН ТЕРІС АЙНАЛДЫ»

Кезінде Еуропа Одағының аймақтық интеграциясында көш бастап тұрған Украина бір қыстың ішінде түбірімен басқа бағытқа бұрылғалы тұр.

Украина «Шығыстағы әріптестік» жобасы бойынша Еуропа Одағымен ынтымақтастық шартына қол қою жөніндегі келіссөздерді бастаған алғашқы ел еді. Тіпті Виктор Януковичтің тұсында бұл ел Украинаның Мәскеумен қарым-қатынасына бұл процестің кері әсер ететінін біле тұра Батыспен байланысты нығайтуға құлықты болған.

Брюссельдегі «Еуропа саясаты» орталығының сарапшысы Пол Иванның айтуынша, «Украина бірнеше ай бойы Ресей мен Еуропа Одағы арасында тең саясат ұстануға тырысып, екі тараптың ешқайсысын таңдамауды құп көрді». Ол «үкіметтің беталысы енді белгілі болды» дейді.

Украина президентінің резиденциясын қорғап тұрған полиция жасағы. Киев, 17 қаңтар 2014 жыл.

Украина президентінің резиденциясын қорғап тұрған полиция жасағы. Киев, 17 қаңтар 2014 жыл.

- Біз режимнің шынайы бет-бейнесін енді көре бастадық. Соңғы қабылданған шаралар Украинаның Еуропа Одағынан теріс айналғанын аңғартады. Бұл Киевтің «Шығыстағы әріптестік» жобасына мүше басқа елдермен қарым-қатынасына да әсер етеді. Украина Еуропа Одағымен серіктестік шартына қол қойған жағдайда бұл Молдова мен Грузияға да тиімді болар еді. Киевтің бұл қадамы енді Путиннің Еуразиялық Одақ құруына тың серпін береді, - дейді Пол Иван.

«УКРАИНА ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ ҚАТЕР ТӨНДІ»

Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім Украинада 2004 жылы болған «қызғылт-сары төңкерістен» басталған 10 жылдық демократиялық процестің аяқталуына алып келуі мүмкін.

Сарапшылар «елдегі демократиялық эксперимент аяқталады» деп қауіптенеді. Кейбіреулер Украинаны «Кішкене Ресей» деп атай бастады. Ал Филипчук «бұл өзгерістің зардабы көп болады» деп болжайды.

– Енді Украинадағы демократия тағдыры түгілі, Украинаның мемлекеттілігі, тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы қыл үстінде тұр ма деп қорқамын. Жеке бастарының қауіпсіздігін ойлаған билік өкілдері мемлекетті тұтастай бақылай алмайтынын біліп, елдің кейбір аудандары Украина құрамынан бөлініп кетсе де болады деген шешім қабылдауы мүмкін ғой. Бұл ақымақтықтың шегі бар деп үміттенемін. Мұндай жағдай болмасын деп тілейік, - дейді ол.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG