Accessibility links

Киевтегі жиында билікті кетіру жиі айтылды


Тәуелсіздік алаңындағы «миллиондар шеруі». Киев, 8 желтоқсан 2013 жыл.

Тәуелсіздік алаңындағы «миллиондар шеруі». Киев, 8 желтоқсан 2013 жыл.

Жексенбіде Киевте бірнеше жүз мың адам шеруге шықты. Жиында билікті отставкаға кетіру талабы айтылды. Жастардың бір тобы Ленин ескерткішін құлатып, Украинаның туын көтеріп, әнұранын шырқады.

«МИЛЛИОНДАР ШЕРУІНДЕГІ» ҰРАНДАР

Киевтен Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, қарсылық акциясына қатысушылардың нақты санын анықтау мүмкін емес – алаңға қарақұрым адам жиналған. Соған қарамастан бейберекеттілік байқалмайды, наразылық жиынындағылар өзара ізеттілік танытып тұр.

Украинаның «УДАР» оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко «халық жиынына» («вече») миллионға жуық адам жиналды деп мәлімдеді. Жергілікті милиция болса митингке 60 мыңға жуық адам қатысып тұр деп хабарлады.

ВВС-дің Украин қызметінің журналистері «миллиондар шеруі» деп аталатын оппозициялық митингке қатысушылар үкімет үйі мен президент әкімшілігі ғимараты жанына шатырлар тігіп, қоқыс салатын контейнерлер мен бөренелерден баррикадалар орнатқанын хабарлады.


«Билікті теріс пайдаланған» деген айыппен жеті жылға сотталған бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың түрмеден жазған мәлімдемесін көпшілікке оның қызы Евгения оқып берді. Тимошенко мәлімдемесінде Виктор Януковичті «ел президенті емес – тиран» деп атап, оны биліктен құлатуға шақырған. Тұтқын мәлімдемесінде «ұстараның жүзінде тұрған Украинаға қатыгез диктатураға айналу қауіпі немесе Еуропаға оралу» мүмкіндігі бары айтылған кезде жиналған жұрт «Еуропа! Еуропа!» деп айғайлады.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу қажеттігін мәлімдеген «УДАР» оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко да Януковичті биліктен кетіруге шақырды.


«Батькивщина» партиясының (Юлия Тимошенко осы партияның мүшесі) жетекшісі Арсений Яценюк наразылық өрістеп, «үкімет орналасқан квартал тұтас пикетке алынатын болады» деп мәлімдеді.

Сонымен бірге бүгін Тәуелсіздік алаңына жақын маңдағы Мариинск саябағында президент Виктор Януковичтің «Аймақтар партиясын» қолдайтындар митинг өткізген. Билік партиясының хабарлауынша, оған бірнеше мың адам қатысқан.

НАРАЗЫЛЫҚҚА РЕАКЦИЯ

8 желтоқсан күні Украина қауіпсіздік қызметі елде мемлекеттік билікті күштеп құлатуға шақыру фактісі бойынша мемлекеттік органдар тарапынан қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлады. Бірақ қылмыстық іс нақты қай саясаткердің үстінен қозғалғаны туралы айтқан жоқ.

Жексенбі күні үкіметке қарсылық акциясына қатысушы бір топ жас Киевтің Тарас Шевченко бульварындағы совет көсемі Владимир Ленинге орнатылған биіктігі 3 метрлік ескерткішті темір арқан байлап құлатып, балғамен ұрып талқандап тастады. Бірнеше күннен бері ескерткішті күзетіп тұрған милиция өкілдері бұл оқиғаға араласпай, сырттай бақылап тұрған. Ескерткішті құлатқандар Украинаның мемлекеттік туын тігіп, әнұранын шырқаған. Кейін Ленин ескерткішінің бір бөлігін Тәуелсіздік алаңында наразылық жиынында тұрған жұртқа көрсетті.


Киевтің Тәуелсіздік алаңындағы қарсылық акциялары үш апта бойы жалғасып жатыр. 21 қарашада Украина үкіметі Еуроодақпен ынтымақтастық келісімі және ЕО-пен еркін сауда аймағын құру туралы келісім-шартқа қол қоюға дайындықты тоқтату туралы шешімін жария еткен соң елде билікке қарсы жаппай шерулер басталған еді.

Өткен жексенбіде алаңға 300 мыңдай адам шыққан еді. Бұл Украинада 2004 жылы болған «Қызғылт-сары төңкерістен» кейінгі уақытта ең ірі жаппай қарсылық шеруі өтті. Содан бір күн бұрын, 30 қарашада Киевтегі қарсылық шеруіне қатысушыларға милицияның арнайы жасағы күш қолданып, салдарынан ондаған адам жарақат алған.

Жұма, 6 желтоқсанда Украина президенті Виктор Янукович Қытайға сапарынан қайтар жолда Сочиге аялдап, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен соң, «екеуі Украинаның Кеден одағына кіру мәселесін талқылаған» деген ақпарат тарады. Сенбі күні Киев пен Мәскеу ол ақпаратты жоққа шығарды.

Украина оппозициясы Ресей, Беларусь және Қазақстан құрған Кеден Одағын «СССР-ді қалпына келтіруге тырысу» деп мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG