Accessibility links

Украин ақыны: «Ресей бізді ұлтқа айналдырды»


Сергей Жадан.
Сергей Жадан.

Танымал украин ақыны және «Еуромайдан» қолдаушысы Сергей Жадан «сепаратизмнің болашағы жоқ» екенін айтады. Ол «Ресей украиндықтарды біріктірді» дейді.

Сергей Жадан туған қаласы Харьковте ресейшіл және Киевті қолдаушы күштер қақтығысы кезінде жарақат алды. Ол «Ресейдің Қырымды басып алуы украиндықтарды біріктірді» дейді.

АҚЫНДЫ САБАУ

Украинаның сүйікті жазушыларының бірі Сергей Жаданды Харьков қаласында ресейшіл күштер Ресей туын сүйгізбек болып, ұрып-соққан. Бұл оқиға наурыздың 1-і күні, ресейшіл шерушілер мен жаңа биліктің жақтастары қақтығысы кезінде болды.

Жадан «олардың дегеніне көнбегенін, өздерін балағаттап тастағанын» Facebook парақшасында жазды. Сол күні Харьковте ондаған адам жараланды. Ресейшіл шерушілер облыстық әкімшіліктің ғимаратына басып кіріп, жаңа билікті жақтаушылармен төбелесті.

Жадан зардап шеккен белсенділердің ішінде болған. Ол Азаттыққа электрондық пошта арқылы «Шабуыл жасағандар ғимараттағылардың бәрін – еріктілер мен студенттерді, журналистерді, әйелдерді ұрып-соқты. Алаңда жараланған жандарға да күш көрсетті, оларды тізерлеп отырғызып, ресейдің туын сүюге мәжбүрледі» деп жазды.

39 жастағы Жадан миы шайқалып, жағы сынып, қабағы жарылып ауруханаға түсті. Украинада аса танымал ақын бұл зорлық-зомбылықты Харьков тарихындағы «қайғылы кезең» деп сипаттайды. Бірақ ол «қандай жағдай болмасын, қаланың екіге бөлінуіне жол бермеуіміз керек. Екі жақ түсінісуге тиіс. Бәрібір болашақта бір қалада тұрамыз ғой» дейді.

Ақын осы бір өндірістік қаладағы қалың бұқарадан өзінің айрықша позициясымен ерекшеленеді.

Сергей Жадан Харьковте жалғыз акциялар өткізіп келген. Украин тілін қорғау акциясы. 9 шілде 2012 жыл.
Сергей Жадан Харьковте жалғыз акциялар өткізіп келген. Украин тілін қорғау акциясы. 9 шілде 2012 жыл.


«СЕПАРАТИЗМНІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ»

Өнеркәсіп орындары мол, орыстілді азаматтар көп тұратын қалада, қарапайым жұмысшы отбасында туып-өскен Жадан шығармаларында көбіне Украинаның өндірістік қаласының жадау өмірін суреттейді. Орысшаға жетік болса да, патриот ретінде ол шығармаларын украин тілінде жазады. Өткен айда ресейшіл президент Януковичті биліктен тайдырған «Еуромайдан» қозғалысын да қатты қолдады. Харьков тұрғыны үшін ондай позиция қауіпті еді.

Осы айдың басында Ресейдің Қырымды басып алғаны оны тіпті ашындырып жіберді. Жадан «Еуромайдан» белсенділерін «фашист әрі терроршылар» деп сипаттайтын Мәскеу енді Украинаны бөлшектемек» дейді.

- Өшпенділік тыныш тұрмайды, ол тез күшейеді. Жауды қолдан жасап, ол маған қауіп төндіріп тұр деп өзіңізді сендірсеңіз болғаны. Шығыс Украинада да осындай жағдай болып жатыр. Қуыршақ ойнатушылар фашистер мен экстремистер деген лақапты үрлеп таратып, украиналықтарды бір-біріне айдап салып отыр. Ресейдің ісі екенін аңғару қиын емес - дейді ол Азаттыққа.

Алайда Жадан Украинаның жаңа басшылығын орыс тілін ресми мәртебесінен айыру сияқты радикалды шешімдер қабылдамауға шақырады.

- Біздің бөлінуіміз тіл мәселесіне тіреліп тұр деп ойламаймын. Бірақ, сол тілдерде айтқан пікіріміз бізді екіге бөледі, - дейді ол.

Дегенмен Жадан өз елінде сепаратизмнің болашағы жоқ екеніне сенеді.

- Қырымды басып алған Ресей украиндардың бірігуіне ықпал етеді. Ресейдің әрекеті расымен де біздің елді өзгертті, әртүрлі адамдар тұратын елден нақты ұлтқа айналдық. Бірақ осындай жағдайдың арқасында ғана бірлікке қол жеткігеніміз масқара болды, - дейді ол.

(Ян Максимюктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG