Accessibility links

Порошенко: Қазақстан қауіпсіздігін ойлауы тиіс


Украина президенті Петр Порошенко баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Киев, 25 қыркүйек 2014 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Киев, 25 қыркүйек 2014 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко Қазақстанның «сенімді қауіпсіздік тетіктерін» жасауы тиіс екенін, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының қазіргі талаптарға «жауап бере алмайтынын» айтты.

Қыркүйектің 25-і күні Киевте мемлекет басшысы ретінде алғашқы баспасөз жиынын өткізген Украина президенті Петр Порошенко Қазақстанға қауіпсіздігін нығайту туралы ескертіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (орысша ОДКБ - ред.) "соңғы кездері туындап жатқан қауіп-қатерлерге жауап бере алмайтынын" айтты.

Порошенко бұл пікірін журналистің "Қазақстан мен Беларусь билігіне Украинада болған оқиғалардан сақтану үшін қандай кеңес беретіні" туралы сұрағына жауап ретінде айтқан.

Жиында Порошенкодан журналистер Украинаның "Қазақстан мен Беларусьтің Кеден Одағы аясында Ресеймен ынтымақтастығын ескере отырып, бұл елдерге, оның ішінде Қазақстанға қатысты экономикалық санкциялар салу мүмкіндігін" сұраған.

Порошенко Украинаның Қазақстан және Беларусь сияқты "сенімді әрі тұрақты сауда әріптестеріне қандай да бір санкция салуға немесе ол туралы әңгіме қозғауға ешқандай негіз жоғын" айтқан. Ол "Ресей Украинаға салған санкцияларын Кеден Одағындағы әріптестерімен де ақылдасуы керек еді" деген.

Порошенконың пікірінше, "Қазақстан мен Беларусь Кеден Одағына кіргендіктен, Ресейдің "қорғаныс шаралары" мен санкция салу мәселесін Еуразия экономикалық комиссиясы қарауы керек. Себебі ондай өкілеттік осы кеңеске тапсырылған. Мұндай біржақты шешімдер Кеден Одағының жұмыс істеу негіздеріне нұқсан келтіреді. Мұның өзі бұл мемлекетаралық бірлестіктің (Кеден Одағы - ред.) тиімсіздігін, шынайы одақ емес екенін көрсетеді".

Украина президенті Қазақстан мен Беларуське Украинаның саясатын, егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдап, құрметтегені үшін алғыс айтты.

Жиында Порошенко Украинаға ЕО-ға (Еуропа Одағы) мүше болуға мүмкіндік беретін алты жылдық реформалар жоспарын жариялады.

Украина тамыз айында Ресей компанияларына қарсы санкция жариялаған еді. Мұның алдында АҚШ пен ЕО Ресей экономикасының кейбір салаларына санкциялар салған. 2014 жылы тамыздың 7-сі күні Ресей президенті Владимир Путин ЕО елдерінен азық-түлік және ауыл шаруашылығы товарларын әкелуге тыйым салатын жарлық шығарды.

Петр Порошенконың баспасөз мәслихатының толық нұсқасы:

XS
SM
MD
LG