Accessibility links

Украинада оппозицияны тұқырту басталды ма?


Украинадағы УКРОП партиясының жетекшісі Геннадий Корбан. Днепропетровск, 25 қазан 2015 жыл.
Украинадағы УКРОП партиясының жетекшісі Геннадий Корбан. Днепропетровск, 25 қазан 2015 жыл.

Украина президентінің кешегі одақтасы, бүгінгі қарсыласы күтпеген жерден қамалып, қайта босатылып, артынша қайта тұтқындалды. Бұл саяси қақтығыстың басы ма, әлде басқа құбылыс па?

Президент Порошенко жемқорлықпен аяусыз күресті бастады ма, әлде өзінің саяси қарсыластарын тұқыртуға көшті ме? Украинадағы ықпалды олигархтың жақын одақтасының тұтқындалуы сарапшылар мен қарапайым халық арасында осындай кереғар сауалдар туғызды.

Петр Порошенконың үкіметіне қарсы позиция ұстанатын УКРОП (Украина патриоттарының бірлестігі) партиясының басшысы Геннадий Корбан қазанның 31-і күні үйінде тұтқындалып, артынша босатылған еді. Алайда полиция қарашаның 3-і күні оны қайта қамады.

Украина парламенті төрағасы осы елдің бас прокуратурасы мен қауіпсіздік қызметінен Корбанның қандай себеппен тұтқынға алынғанын депутаттарға ресми түрде түсіндіруді сұрады.

КОРБАН КІМ?

Геннадий Корбан Украинаның шығысындағы өнеркәсіпті қала – Днепропетровск тумасы. Ол осы күні энергетика, баспасөз және банк саласындағы аса ірі олигархқа айналған Игорь Коломойскиймен 1990-жылдары бірге жүріп, оның бизнестегі әріптесі болған. Бір сұхбатында Корбанның «біреудің байлығын екінші біреуге алып берумен айналыстым» деп ашық айтқаны да бар.

Forbes журналының есебі бойынша Корбанның байлығы 55 миллион АҚШ доллары шамасында.

Миллиардер серіктесі Игорь Коломойский 2014 жылы Днепропетровск облысы губернаторы болып тағайындалғанда Геннадий Корбан оның орынбасары қызметін атқарды. Артынан көп сөз еріп, Порошенкомен арасы бұзылған Коломойский наурыз айында губернаторлықтан кеткенде Корбан да орнын босатқан.

Маусым айында Корбан радикалды оппозициялық бағыт ұстанатын «Украина патриоттарының бірлестігі» (УКРОП) партиясының төрағасы болып сайланды. Ол партияның президент Петр Порошенко үкіметіне қарсы көзқарас ұстанатынын ашық айтып келеді.

Өткен аптада Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат берген ол Украина үкіметі өзін қудалап жатқанын айтқан.

ҚАЗАННЫҢ СОҢҒЫ КҮНІ НЕ БОЛҒАН?

Қазанның 31-і күні 500-ге тарта қауіпсіздік қызметкері елдің бүкіл аумағындағы УКРОП партиясы кеңселеріне рейд жүргізіп, партия төрағасын қамауға алды. Өзін тұтқындауға үйіне келген қауіпсіздік қызметінің өкілдеріне ол «Сендерді майданда қорғадым емес пе? Енді кімге қызмет етіп жүрсіңдер?!» деп айқайлаған.

Сол күні тәртіп сақшылары «Елді қорғау қоры» аталатын үкіметтік емес ұйымның Днепропетровскідегі кеңсесін де тінтіп шықты. Корбан осы ұйымның бақылау кеңесінің мүшесі қызметін атқарады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, қауіпсіздік қызметкерлері кеңседегі компьютерлер мен құжаттарды алып кеткен. Азаттыққа берген сұхбатында қор директоры орынбасары Алексей Анхурец:

- Қағаздарды ештеңе рәсімдемей-ақ алып кетті. Файлдарды жинап алды да, кете барды, - деді.

Бұған қоса қауіпсіздік күштері бизнесмен әрі УКРОП партиясының Жоғарғы Рададағы өкілі Борис Филатовтың Днепропетровскідегі кеңсесіне де тінту жүргізген. Facebook-тегі парақшасында Борис Филатов «полиция үйіме басып кірді» деп жазды.

НЕГЕ ТҰТҚЫНДАҒАН?

Украина құқық қорғау органдарының айтуына қарағанда, 45 жастағы Геннадий Корбан ұйымдасқан қылмысқа, ақша жымқыруға және кісі ұрлауға қатысы бар деген күдікке ілігіп отыр.

Мәселен, оған елдің шығысында ресейшіл сепаратистермен соғысып жатқан Украина солдаттарына арналған «Ұлттық қорғаныс» қорынан 1 миллион 700 мың АҚШ долларын ұрлады деген айып тағылған. Украина басшылығы бұл істің ешқандай саяси астары жоқ деп санайды.

- Корбанды тұтқындаудың астарында ешқандай саясат жоқ. Мұның сайлауға да еш қатысы жоқ, прокуратура мұны дәлелдеп береді, - деді прокурор Владислав Куценко.

ВИДЕО: УКРОП партиясының жетекшісі Геннадий Корбанды тұтқындаудың саяси астары бар деп санайтын азаматтар оны босатуды талап етіп, қарашаның 3-і күні Киевте митинг өткізді:

Корбанды қолдау шеруі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00

САЯСАТТЫҢ ИСІ ШЫҚПАЙ МА?

Қарашаның 1-і күні үш бірдей телеарнаға сұхбат берген Украина президенті Петр Порошенко да «бұл істің астарында саяси пиғылдың жоқ» екенін ескертті. Оның айтуынша, «Геннадий Корбанның тұтқындалуы – Украинадағы жемқорлықпен күрестің басы».

- Жемқорлыққа қарсы күрес, елде тәртіп орнату шаралары жалғаса береді. Жаңа басшылық өкілдеріне де, ескі режимнің өкілдеріне де, ешкімге де жеңілдік жасалмайды, - дейді Украина президенті.

Алайда УКРОП партиясын қаржыландырушы саналатын Игорь Коломойский «Корбан УКРОП партиясы қазанның 25-і күні аймақтық сайлауында үлкен жетістікке жеткендіктен тұтқындалды» деп мәлімдеді.

Киев қаласының мэрі қызметіне бақ сынаған Корбан соңғы орындардың бірін алған болатын.

«Приватбанк» банкінің қожайыны Игорь Коломойский күні кеше ғана Порошенконың жақын одақтасы болған еді. Ол елдің шығысындағы ресейшіл сепаратистермен соғыста әскерді керек-жарақпен қамтамасыз етуге де көмектескен деген пікір бар. Алайда биыл наурыз айында Игорь Коломойский мемлекетке жақын мұнай компаниясын тартып алу мақсатында заңсыз жасақ құрды деп айыпталған соң, президент оны Днепропетровск облысының губернаторы қызметінен босатқан.

ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Украина бас прокуратурасы өкілі Степан Божило «Геннадий Корбанның қарашаның 3-і күні бірнеше қылмысқа қатыстылығы жөніндегі айғақтар негізінде қайта тұтқындалғанын» мәлімдеді. Прокуратура өкілі бұдан басқа мағлұмат бермеді.

Қарашаның 3-і күні Киевтегі парламент үйінің және тергеу изоляторы алдына Корбаннің 500-ге тарта жақтасы жиналып, оны тез арада босатуды талап етті.

Филатовтың айтуынша, Корбан тұтқындалғаннан соң Украина саяси тұрғыдан екіге бөлінді. Филатов Facebook-тегі парақшасында қазанның 31-і күні «Бүгіннен бастап біздің елде УКРОП та, «Свобода» да, «Батьківщина» да... жоқ. Бізде бүгіннен бастап «коллаборанттар» (сатқындар) партиясы мен «қарсыласушылар» партиясы ғана бар» деп жазды.

Сарапшылар «Корбанның тұтқынға алынуы – Порошенко мен Коломойский арасындағы қақтығыстың бір бөлігі» дейді. Сергей Руденко сияқты көптеген сарапшылар Коломойскийдің Порошенкоға қарсы тұратын «қаржылық, ұйымдастырушылық және ақпараттық ресурстары жеткілікті» деген пікір айтып отыр.

Тони Веселовскидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG