Accessibility links

Ресейшіл сепаратистер ағылшынша науқан бастады


Донецк қаласындағы "АҚШ пен ЕО, қолыңды тарт Украинадан" деген плакат. 10 сәуір 2014 жыл.
Донецк қаласындағы "АҚШ пен ЕО, қолыңды тарт Украинадан" деген плакат. 10 сәуір 2014 жыл.

Ресейшіл сепаратистер күн сайын ағылшын тілінде видео шығарады, Facebook-те кем дегенде төрт тілде жазады. Бұдан олардың орыстілді елдерден бөлек, басқа да әлемнен қолдаушылар іздейтіні байқалады.

Украинадағы ресейшіл ақпарат агенттігі Украина мен Еуропа Одағының (ЕО) серіктестік туралы келісімшартқа қол қойғанын (Брюссельде – ред.) ағылшын тілінде көңілсіз баяндады. Хабардан орыс тіліне тән акцент қатты байқалып тұрды. Әлгі жаңалықтан соң тілші елеусіз оқиғаны баян еткендей болып, «Еске сала кетейік, Палестина әкімшілігі ЕО-мен 1997 жылы серіктестік келісіміне қол қойған болатын» дейді.

Бұл - «Оңтүстік майдан» (South Front) аталатын Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер құрған ақпарат агенттігінің жаңалығы.

«ОҢТҮСТІК МАЙДАН»

«Украина армиясы бейбіт тұрғындарды жаппай қырып жатыр» деген дәлелсіз деректен басталған видео сюжеттер сепаратистік топтарға деген шетелдіктер ықыласын оятуды көздейтіндей.

2013 жылы желтоқсан айынан бастап Киевте ЕО-мен интеграцияны қолдайтындар шеруі – «Еуромайданды» жақтайтындар пікірлерін әлеуметтік желілерде ағылшын тілінде жариялап отырды. @ EuromaidnaPR Twitter аккаунтына 34 мың 500 адам тіркелген. Facebook-те де ағылшын тілді бірнеше парақшалар ашылып, оларды ондаған мың қолдаушы оқып отыр.

Ресейшіл күштер ақпараттық қолдау жұмыстарын ағылшын тілді RT агенттігіне тапсырды. Ресейдің бұл мемлекеттік арнасы Russia Today деген атпен танымал. Енді олар әлеуметтік желілерді де пайдаланып, жақтас көбейтуге кіріскен тәрізді.

Маусым айынан бастап Twitter-дегі #savedonbasspeople хэштегі танымал бола бастады, ол жерге ондаған мың адам пікір жазған. Пікірлердің көбі шығыс Украинадағы бүлікке үкімет әскерін айыптайтын плакаттар көтерген балалардың суретімен шығады.

Ресейшіл қарулы күштер сәуір айынан бастап Донецк пен Луганск облыстарындағы билік ғимараттарын басып алуға кірісті. Содан бері әскерилер, бейбіт тұрғындар мен бүлікшілерді қосқанда 400-ден астам адам (БҰҰ дерегі – ред.) қаза тапты.

Хабарларын ағылшын тілінде тарататын «Оңтүстік майданның» Facebook парақшасына 11 мың 500-ден астам абонент тіркелген. Ондағы «жаңалықтар» қатаң іріктеумен беріледі, көбінесе «Lifenews» сияқты дереккөздерден алынады.

Ал Lifenews агенттігін көп жұрт Ресей қауіпсіздік қызметімен байланыстырады. Бұл арна Украина мен Батысқа қарсы идеяларды таратады. Олардың «Украина армиясы мектептер мен фабрикаларға, үйлерге, кәрі адамдарға, балаларға шабуыл жасайды» деген мағынадағы төмендегі суретін қолданушылар бірінен бірі алып, 283 рет жариялаған.

«Оңтүстік майдан» Ресей мен Украинадан тыс аймақта сепаратистерді қолдаушылар мен еріктілерді көбейту үшін де қолданылады.

«МӘСКЕУДІҢ СӨЗІНЕ ИЛАНДЫМ»

Қазір бұл парақша поляк, венгер және неміс тілі сияқты кем дегенде үш тілге аударылып отыр. Жақында әлеуметтік желіде «Оңтүстік майданның» орыс тіліндегі деректерді словак, чех, француз, испан, итальян, литва және норвег тіліне аударатын мамандар іздеген хабарландыруы жарияланды.

Әзірге бұл топты кімдердің басқаратыны, қаржыландыратыны белгісіз. Әкімшісі Азаттық тілшісінің Facebook және Twitter арқылы жіберген сұрақтарына жауап бермеді. Парақшаға түсініктеме жазатындар негізінен Еуропада қоныстанған адамдар сияқты және ЕО-ға үзілді-кесілді қарсы екендері білінеді.

Мәскеу ЕО-ны жақтырмайтын және әсіреоңшыл партияларды өзіне тартуға тырысты. Франциялық «Ұлттық майдан» мен Венгриялық «Йоббик» (Jobbik) сияқты партиялар Ресейдің Украинадағы әрекетін қолдайды.

Facebook-тегі бір парақшада Сербия, Словения, Италия, Германия мен Венгрияның антисемиттік көзқарастағы тұрғындары Ресейді қолдайтындарын жазып, ЕО-ға деген жеккөрініштерін білдірген.

«Мен Еуропада тұрамын, бірақ Еуропаны жек көремін» деп жазады «Ресей мен сепаратистік «Новороссия» республикасын сүйетінін» мәлімдеген Николо Ловрич. Ол «Украина президенті Петр Порошенкоға сенбеуге» шақырып, оны «Израиль мен АҚШ тағайындаған сионист» деп сипаттайды.

Бірақ Азаттық тілшісімен хабарласқан Франция тұрғыны (бұрын ресейшіл материалдарды француз тіліне аударған екен – ред.) Мәскеудің «Украина билігі фашистерге сүйенеді» деген уәжіне сенетінін айтты. Аты-жөнін жариялауды қаламаған 29 жастағы мұғалім «Украинаның батысында зұлымдық көп, шығыстағы жігіттер жақсы. Батыс баспасөзі жариялаған деректерден гөрі, олардың пікірі (ресейшілдерді айтады – ред.) дұрыс» дейді.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG