Accessibility links

Украина соғысы құрбандарын еріктілер іздейді


Украинаның шығысындағы қарулы қақтығыста қаза тапқан адамдарды жерлеу сәті. Запорожье, 1 қазан 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы қарулы қақтығыста қаза тапқан адамдарды жерлеу сәті. Запорожье, 1 қазан 2014 жыл.

Елдің шығысындағы соғыста опат болғандарды табуды жалғыз еріктілер ұйымы ғана мойнына алған. Олар сепаратистермен соғыста қаза тапқан 150-ден астам сарбазды жерледі.

Украинаның ұрыста қаза болғандарды іздеу тобының жетекшісі Ярослав Жилкинге «Соғыста опат болған азаматтарын тауып, танып, жерлейтін ел неге баса көңіл бөледі?» деген сауал қойсаңыз, 2006 жылы Ауғанстанда жоғалған америкалық екі солдат туралы әңгімені еске алады. Сол кезде оларды іздеуге 8 мыңнан астам солдат пен медициналық сарапшылар тобы қатысқан екен дейді Жилкин.

«ЕРІКТІЛЕР ӨЗ ҚАРЖЫЛАРЫН ЖҰМСАЙДЫ»

Ал Украинада Донбаста қаза тапқан жауынгерлерді тауып, жерлеу міндетін «Черный тюльпан» («Қара қызғалдақ») ұйымының 30 адамнан құралған еріктілері өз мойнына алды.

«Черный тюльпан» (Ауғанстандағы соғыста қаза болған советтік жауынгерлердің сүйегін тиеген жүк ұшағы аттас) тобы қыркүйектің 3-інен бастап жұмысқа кірісті. Осы уақыт ішінде олар елдің шығысындағы Луганск пен Донецк облыстарында ресейшіл сепаратистермен соғыста қаза тапқан 150-ден астам солдаттың мәйітін тауып, жерледі.

– Біз ондаған аймақты аралап, 30-дан астам моладағы сүйектерді шығардық. Олардың ішінде 11 молаға солдаттар жаппай жерленген, – дейді «Ұлттық есте қалдыру одағы» атты үкіметтік емес ұйымға жетекшілік ететін Ярослав Жилкин.

Белгісіз сарбазды жерлеу. Днепропетровск, 18 қазан 2014 жыл.

Белгісіз сарбазды жерлеу. Днепропетровск, 18 қазан 2014 жыл.

«Ұлттық есте қалдыру одағы» «Черный тюльпан» миссиясын басқарып, хабарсыз кеткен жауынгерлердің отбасына көмектесіп, бір дерегін табуға тырысады. Миссия құрамына кіргендердің бәрі еріктілер екенін айтқан Ярослав Жилкин: «Әскери техникада өртеніп кеткен экипаж мүшелерінің сүйектерін де жинадық» деп мұңаяды.

Соғысқа қатыспаса да, бұл еріктілердің қызметі ауыр әрі қатерлі, өйткені соғыс алаңында жарылмаған миналар мен снарядтар жиі кездеседі. Кейде солдаттардың мәйіттерінен де атылмай қалған гранаттар табылады. Ол жарылғыштар қол тигенде іске қосылуы мүмкін.

Өлген адаммен соғысуға болмайды.

Ярослав Жилкиннің айтуынша, «Черный тюльпан» өз жауынгерлерін тауып беруді өтінген сепаратистердің де бетін қайтармайды. «Еріктілер көмектен бас тартпайды. Өлген адаммен соғысуға болмайды» дейді ол.

Қауіпті міндетті атқарудан бөлек топтың шығыны да аз емес. Топ террористерге қарсы операция жүріп жатқан аумақтағы әр сапары үшін шамамен 40 мың гривен (3000 доллар) жұмсайды, оның көбін еріктілер өз қалталарынан шығарады.

Миссияның қомақты шығынын еріктілер өздері көтеріп отырғанын Украина ұлттық әскери-тарихи мұражайы директорының орынбасары Ярослав Тынченко да растайды. «Черный тюльпан» тобына мүше Тынченко «жанармай мен тасымалға қаражатты өзіміз табамыз» дейді.

Рефрижератор сияқты басқа қажетті дүниелерді қайырымдылық ұйымдары береді. Топ үкіметтен тікелей қаржылай көмек алмайды. Олар қазып алған, тапқан сүйектердің бәрін Украинаның қарулы күштер басқармасына табыстайды, сол жерде марқұмдардың аты-жөндері анықталып, дұрыстап жерлеу үшін отбасына қайтарылуға тиіс.

АТАУСЫЗ КЕТКЕН ҚҰРБАНДАР

Украинада соңғы аптада жауынгерлерді жаппай жерлеген молалар табылды. Ондағы адамдардың кім екенін әлі анық емес. Сондай орынның біріне, қазанның 17-сі күні Днепропетровск сыртынан табылған ұраға белгісіз 21 солдатты көме салғаны белгілі болды. Елдің мәйітханалары толы болғандықтан, әскери шенеуніктер көптеген белгісіз солдаттарды кім екенін анықталмай-ақ жерлеуге мәжбүр болған.

Украинада қаза тапқан белгісіз сарбаздарды жерлеп жатыр. Днепропетровск.

Украинада қаза тапқан белгісіз сарбаздарды жерлеп жатыр. Днепропетровск.

«Черный тюльпан» мүшелерінің айтуынша, террористерге қарсы операция жауынгерлерінің киімдерінде аты-жөндері жазылған белгі болмауы жұмысқа көп кедергі келтіріп отыр. Еріктілер тобы мен Украинаның негізгі әскери күшін құрайтын ұлттық гвардия әскері соғысқа аттанар алдында өздері туралы дерек жазылған белгі алмайды.

«Черный тюльпан» қызметкерлері жоғары лауазымды шенеуніктерге сол жайында ескертіп, солдаттарды жетонмен қамтамасыз ету керегін айтқан. Қорғаныс министрлігінің өкілі Алексей Ноздрачев бұндай жетон алу үшін 3 миллион гривен (232 мың доллар) бөлгендерін хабарлады.

Бірақ Ярослав Жилкин өзгерістің жақын арада бола қоятынына сенбейді. Ол Донецк және Луганск облыстарындағы жүздеген жауынгердің сүйегі әлі жерленбей жатқанын айтады.

Соңғы алты айда Украинада 3600-ден астам жауынгер мен бейбіт тұрғын қаза тапты.

Богдана Костюктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG