Accessibility links

Украинада «ережесіз» референдум қалай өтті?


Дауыс беріп жатқан әйелді қару ұстаған екі сепаратист бақылап тұр. Украина, Донецк, 11 мамыр 2014 жыл.

Дауыс беріп жатқан әйелді қару ұстаған екі сепаратист бақылап тұр. Украина, Донецк, 11 мамыр 2014 жыл.

Шығыс Украинаның екі аймағында өткен референдумдарда процессуалдық тәртіп көп бұзылған. Алаяқтық туралы да деректер бар. Ал сепаратистер «референдум дұрыс өтті» дейді.

Бұл референдумдарға қатысты әзірге жауаптан гөрі сауал көп.

БЕЛГІЛІ ЖАЙТТАР

- Референдум өткен екі аймақтағы билік өкілдері «тұрғындардың басым бөлігі өзін-өзі басқару құқығын қолдады» дейді. Донецк облысы тұрғындарының 89 пайызы, Луганск облысы тұрғындарының 96 пайызға жуығы «иә» деп жауап берген.

- Киев пен АҚШ және басқа да Батыс елдері референдумды заңсыз деп есептейді.

- Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Мәскеу адамдардың еркін білдіру құқығын құрметтейтінін айтып», Киев, Донецк және Луганск арасында «өркениетті келіссөздер» жүргізуге шақырды.

- Дауыс беру кезінде күш көрсетілді. Донецкінің батысындағы Красноармейск қаласында кем дегенде бір адамның қаза тапқаны белгілі болды.

БЕЛГІСІЗ ЖАЙТТАР

- Шын мәнінде қанша адам дауыс бергені белгісіз. Сепаратистер екі аймақта да дауыс беруге тұрғындардың 70 пайыздан астамы қатысты дейді. Донецк пен Луганскіде Украина халқының 15 пайызы тұрады. Бұл екі аймақтың тұрғындары - шамамен 7 миллион адам.

Бірақ екі облыстағы референдумға нақты қанша сайлаушы қатысқаны айтылмады. Сайлау комиссияларының дауыс беруге адам аз келгеніне қарамастан, жүздеген мың бюллетеньді қалай жылдам толтырып алғаны түсініксіз. Украинаның уақытша президенті Александр Турчинов Луганск тұрғындарының 24 пайызы, Донецк халқының 32 пайызы ғана дауыс беруге келді дейді. Бірақ ол да референдумға қатысқан азаматтардың нақты санын атамады.

КҮМӘН ТУДЫРАТЫН ЖАЙТТАР

- Бұл шараның оп-оңай өте қалғаны күдік тудырады. Референдумға дайындыққа бір айдан аз уақыт кетті. Сепаратистердің айтуынша, шараны өткізуге «1 мың 700 АҚШ долларына жуық ақша жұмсалған».

- Сайлаушылар туралы ақпарат та күмәнді. Сепаратистер мен ресейшіл журналистер сайлау бөлімшелерінің алдында ұзын-сонар кезек болды десе, басқа журналистер тұрғындардың аз келгенін айтады. Екі облыста да кейбір сайлау бөлімшелері күні бойы бос тұрған. Кейбір аудандарда сепаратистер дауыс беру процесін дұрыс ұйымдастыра алмаған. Мәселен 500 мың адам тұратын Мариуополь қаласында ұйымдастырушылар тек сегіз сайлау бөлімшесін ашқан. Дауыс берушілер кезекке тұрып, ақыры урналарды көшеге шығарып қойған. Оларды ешкім бақыламаған.

- Сайлаушыға қысым жасалды. Барлық ірі сайлау бөлімшелерінде шлем киген, автомат асынған ер адамдар жүрді. Кейбір сайлау бөлімшелерінде дауыс беруге арналған жеке кабина болмағандықтан, сайлаушының жауабын басқа адамдар көріп тұрды. «Жоқ» деп жауап берген бір адам тілшіге сұхбат берген кезде жеке қауіпсіздігі үшін алаңдап, «иә» деген жауапты белгіледім» деді.

- Сайлау тәртібін бұзу. Украина заңы бойынша, сайлау бөлімшесінде кем дегенде тоғыз адам отыруы тиіс. Көптеген сайлау учаскелерінде небәрі үш қызметкер отырды, олар бұрын сайлау кезінде жұмыс істеп көрмегендерін, тәжірибелері жоқ екенін мойындады. Кейбір бөлімшелерде сайлаушылар тізімі де болмады, соның бәрі бір адамның бірнеше рет дауыс беруі сияқты алаяқтық әрекеттерге жол ашты. Мысалы, бірнеше бюллетень мен төлқұжат ұстап келген бір адам бүкіл отбасының атынан дауыс беруге «хақылы» екенін айтты.

- «Қолдан жасалған» дауыстар. Референдум алдында украиналық әскерилер Донецк қаласының сыртынан қарулы адамдарды көлігімен ұстап алды. Олар қару-жарақ пен 100 мыңның шамасында «иә» деп жауап берілген бюллетеньдерді әкеле жатқан.

Кейбір журналистер сепаратистердің «жоқ» деп жауап берілген бюллетеньдерді жойып жібергенін айтады. Луганск сепаратистерінің өкілі Василий Никитин «Украина ұлттық гвардиясы мүшелері 15 мың бюллетеньді ұрлап кетті, сондықтан, біз оларды көбірек басып шығаруға мәжбүр болдық» деп мәлімдеді.

- Референдум алдында жүргізілген сауалнама нәтижесі де күмәнді күшейте түседі. Мамырдың 8-і күні Pew Research Center зерттеу орталығы жариялаған дерекке сәйкес, шығыс Украина тұрғындарының 70 пайызы елдің біртұтас қалпын сақтағанын, 18 пайызы бөлінгенін қалайды. Орыс тілді халықтың 58 пайызы бірлікті сақтау керек десе, 27 пайызы өзін-өзі басқару құқығын қолдайды.

- Украина қауіпсіздік қызметі өткен аптада ресейлік әсіреұлтшыл Александр Баркашов пен Донбасс сепаратистерінің жетекшісі Дмитрий Бойцовтың телефон әңгімесін жариялады. Онда Бойцов «әскери көмексіз аймақта референдум өткізу мүмкін емес екенін» айтады. Баркашов «Қандай сан жазсаң да өзің білесің. 99 пайыз деп жаз! Шын мәнінде елді аралап, қағаз жинап жүрмексіңдер ме?» дейді.

РЕФЕРЕНДУМҒА НЕГЕ СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ?

- Бейтарап куәгерлер аз. Халықаралық, тіпті ресейлік бақылаушылар болмады. Журналистердің біразы сепаратистердің оларды аңдып, сайлау бөлімшесінен аулаққа апарып ұрып-соққанын айтады. Сайлау учаскелері ішінде суретке түсіруге тыйым салынған.

ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЙЫЛҒАН САУАЛ

- Не үшін дауыс бердіңіз? Бюллетеньде «Өзін-өзі басқару актісін қолдайсыз ба?» деген сұрақ қойылған. Азаттыққа жауап берген сайлаушылар осы сөйлемді әртүрлі түсінетіндерін байқатты. Біреулер оны Ресеймен бірігу деп ұғады, бір адамдар Украина құрамында қаламыз десе, басқалары Қырым сияқты аннексияның алдында тұрмыз дейді. Енді біреулер «Украинадан да, Ресейден де бөлек, тәуелсіз ел болуға дауыс бердім» деп санайды.

- Ары қарай не болмақ? Өзін-өзі сайлап алған сепаратистік билік өкілдері де мақсаттары әрқилы екенін білдірді. Олардың бірі Украинаның «унитарлық» бөлігі боламыз десе, енді бірі «федералдық» бөлігі болатындарын айтады. Кейбірі тіпті «Украина әскерін шетелдік тәртіп бұзушылар ретінде қуып шығамыз» немесе «тағы бір референдум өткізіп, Ресейге қосылу мәселесін талқылаймыз» дейді. Кейбір сепаратистер Донецк пен Луганск облысының украинашыл аудандарын «аннексия жасамақ» деп Киевті айыптады.

- Одан кейін не болады? Бұл аймақтарда «тоқтатылған шиеленіс» (frozen conflict) кезеңі орнауы, украиналық және сепаратистік құрылымдар тынышталуы мүмкін, не болмаса Мәскеу тұрақсыздықты қоздырып, Ресей әскері «бітімгерлік жасауға келдік» деген желеумен шекараны кесіп өтеді.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG