Accessibility links

Украинадағы ұрыстардың «бірде бар да, бірде жоқ» деректері


Әуе шабуылынан қорғануға арналған «Бук» зениттік кешені. Мәскеудегі парад, 9 мамыр 2013 жыл.

Әуе шабуылынан қорғануға арналған «Бук» зениттік кешені. Мәскеудегі парад, 9 мамыр 2013 жыл.

Украина дағдарысы туралы осы елдің өзінен тікелей хабар алу қиындап барады. Оның үстіне, интернетке шыққан ақпараттар жоғалып кетіп жатыр.

Шілденің 23-і күні кешке Ресейдің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне Вадим Григорьев атты орыс солдатының «түні бойы украиндарды қырып шыққаны» туралы жазбасы жарияланды. Ол мақтанып, тіпті артиллериялық қаруы мен снарядтарының суретін де іліп қойыпты. Арада бірер сағат өткен соң әлгі жазба ғайып болды.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖАҢА «МАШЫҒЫ»

Журналистер енді сол жазбаның тек скриншотын жариялауға мәжбүр. Интернетке шыққан ақпараттардың жоғалып кетуі жиілегені сонша, қазір тілшілер интернетке шыққан ақпаратты сол сәтте скриншот (суретін түсіріп алу – ред.) арқылы экраннан көшіріп алуға машықтанған.

Украина дағдарысы төңірегінде «анау айтты», «мынау айтты» деген жалған ақпарат тарату науқаны қызып тұр. Оны біреулер басқарып отыруы да мүмкін. Ақпарат бір шығып, бір жоғалып, артынан тонын айналдырып қайта шығатын қазіргідей интернет заманында оқырман шатасып жатыр.

WIKIPEDIA МАҚАЛАСЫН ЖАЛМА-ЖАН ТҮЗЕТУ

Жоғалып кетіп жатқан тек жеке адамдардың әлеуметтік желідегі жазбалары емес.

Ресейшіл блогшылар мен Кремльдің бір органы саналатын RT сайты BBC-дің Орыс қызметінің Malaysia Airlines ұшағы апатқа ұшыраған аймақтан берілген репортажын сайтынан алып тастағанын хабарлады. RT «ол репортаж Лондондағы басшылардың цензурасына іліккен» деген болжам айтқан. Кейіннен BBC бұл туралы арнайы мәлімдеп, ол хабар арнаның «ақпарат беру стандарттарына сай келмейтіндіктен алынғанын» айтты.

Британ ақпарат құралы «Материалды ВВС-дің хабар тарату стандарттарына сәйкестендіріп жатырмыз. Репортаж қайта жарық көргенде оқырманға ескертеміз» деп мәлімдеді.

YouTube желісінде сақталған ВВС-дің сол репортажында жергілікті тұрғындар «Малайзия ұшағы құлар алдында қасында әскери ұшақтың болғанын» айтады. Ал Украина үкіметі «ол маңда ешқандай әскери ұшақ болған жоқ» дейді.

Шілденің 21-і күні Ресей қорғаныс министрлігі «Украина әскерінің Су-25 ұшағы жолаушылар лайнерін қуып жетіп, атып құлатты» деген мәлімдеме жасады. Ал Вашингтондағы Украина елшілігі ақпаратына қарасақ, дәл сол сәтте әлдекім Wikipedia ашық энциклопедиясындағы Су-25 ұшағы туралы жазбаны «редакциялап», оның ең жоғары ұшу биіктігін 7 мың метрден 10 мың метрге дереу өзгерте қойған.

Артынша әскери мамандар «Су-25 ұшағының әуедегі емес, жердегі нысандарды атуға лайықталып жасалғанын» айтып, бұл болжамды жоққа шығара бастады. Ресей думасының депутаты Дмитрий Гудков Twitter-дегі парақшасында «танымал ұшқыш Сергей Нефедровтың «министрліктің версиясы ақылға қонымсыз» деген пікір айтқанын» хабарлады.

Wikipedia онлайн энциклопедиясындағы материалдарды «түзетудің» жиілеп кеткені сондай, жақында Twitter-де Ресей мен Украина үкіметтеріне тиесілі компьютерлерде «редакцияланып» жатқан мақалаларды бақылап отыратын арнайы аккаунт ашылды.

ҰШАҚТЫ КІМ АТТЫ?

Интернеттен көп өшірілген ақпараттың бірі - Украинаның шығысындағы сепаратистер қолында «Бук» зениттік зымыран кешенінің болған-болмағанына қатысты жазбалар. Мамандардың көбі жолаушылар ұшағының осы құралмен атып түсірілгенін айтады.

Апат болардан бірнеше күн бұрын бүлікшілер «Бук» зымыранын қолға түсіргендерін, «енді оның Донецк мен Луганск аспанын күзететінін» жазып мақтанған еді.

Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» «баспасөз қызметінің» бұл туралы Twitter-дегі жазбасы қазір тек скриншот күйінде сақталған.

Ресей қауіпсіздік қызметімен байланысы бар деген LifeNews телеарнасы шілденің 17-сі күні «бүлікшілер Украинаның Ан-26 әскери ұшағын зымыранмен атып құлатты» деген ақпарат таратып, артынша оны интернеттен алып тастады. Бірнеше сағат өткен соң осы телеарна «құлаған жолаушылар ұшағы екен, оны Украина әскери ұшағы атып құлатты» деген дәлелі жоқ басқа хабар берді.

LifeNews-тің сол репортажының YouTube сайтында сақталған нұсқасының соңына жазылған пікірлерге қарасақ, бұл видеоның рас-өтірігі жайында түрлі пікірдің бар екенін байқаймыз.

Игорь Гиркин (Стрелков) кабинетінде отыр.

Игорь Гиркин (Стрелков) кабинетінде отыр.

«Донецк халық республикасының» «қорғаныс министрі» Игорь Гиркин (Стрелков – ред.) «ВКонтакте» желісіндегі парақшасында шілденің 17-сі күні «Торез маңында Ан-26 ұшағын құлаттық», «Зымырандарды қолға түсірдік» деген жазбалар қалдырған. Кейін осы жазбалар мен өртеніп жатқан ұшақтың видеосын интернеттен алып тастады.

Украинадағы оқиғаларды жіті бақылап отырған, Ресейдің «Жаңа Ресей» институты қаржыландыратын The Interpreter Magazine веб-сайты шілденің 16-сы күні Дмитрий Тлустангелов есімді азаматтың «ВКонтактеде» Гуково ауылының маңында Ресей жақтан атылған «Град» зымырандарының жарылып жатқан видеосын жариялағанын хабарлады.

The Interpreter Magazine «Сол күні кешке қарай Тлустангеловтың парақшасы тұтас жойылып кеткенін» жазды.

ГЕНОЦИД БОЛДЫ МА?

Ресейдің RT сайты да осы әдісті пайдаланып келеді. Шілденің 13-і күні осы сайтқа «Ақиқатты іздеу» деген хабар шығып, арты дауға ұласты. Онда «Украина әскері елдің шығысында қан-жоса геноцид ұйымдастырып жатыр» деген ақпарат берілді.

Скриншоты ғана сақталған ақпаратқа қарасақ, «Сауровка ауылында украин солдаттары адам сенгісіз жауыздыққа барған» -мыс. Онда «Олар еркектердің дене мүшелерін тірідей кескілеп жатыр. Алдымен қолдарын, сосын аяқтарын, ең соңынан басын кеседі. Әйелдерді тек зорлайды» деп жазылған.

Арада екі күн өткен соң RT ол хабардың видеосын «дәлелденбеген ақпарат болғандықтан» интернеттен алып тастағанын айтып, Twitter арқылы оқырмандардан кешірім сұрады.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG