Accessibility links

Ұлтшыл жастар билікпен ымыраға келмейді


Украинадағы жастардың ұлтшыл ұйымдары өкілдері шеруде жүр. Киев, 30 қараша 2013 жыл.

Украинадағы жастардың ұлтшыл ұйымдары өкілдері шеруде жүр. Киев, 30 қараша 2013 жыл.

Киевте полиция мен Еуроинтеграция жақтаушылары қақтығысы жалғасып жатыр. Жастардың «Правый сектор» тобы «Билікпен соңына дейін күресеміз» дейді. Азаттық «Олар кім?» деген сауалға жауап іздеді.

Украина билігі шерушілерге күш көрсете бастады. 22 қаңтарда бірнеше шеруші қаза тапқан.

«ЯНУКОВИЧ ЕЛДЕН КЕТСІН»

Көптеген тұрғындар шеруге қатысып жатқан оңшыл жастар тобын «шеруді радикалдандырды» деп айыптайды. Жастардың «Правый сектор» аталатын тобы кейінгі уақытта өздеріне ерекше назар аудартып отыр.

Украинадағы ұлтшыл ұйымдар өкілдерінен құрылған «Правый сектор» белсенділері 19 қаңтардан бері полиция мен шерушілер арасында болған қақтығыстың ортасында жүр.

Украина арнайы жасағы жанып кеткен автобустарының жанында суретке түсіп тұр. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.

Украина арнайы жасағы жанып кеткен автобустарының жанында суретке түсіп тұр. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.

«Правый сектор» үйлестірушісі Андрей Тарасенко «полиция азаматтарға күш көрсетуін тоқтатпаса, азамат соғысы басталатынын» ескертеді.

- Егер олар шерушілерге шабуыл жасап, қуып таратпақ болса, қанды қырғын болады. Украинада партизан соғысы басталады, - деді ол Азаттық тілшісіне.

«Правый сектор» наразылық акциясының бастапқы күндерінде, Украина президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен серіктестік шартына қол қоюдан бас тартқан соң (2013 жылдың қарашасы – ред.) құрылған. Тарасенконың айтуынша, оңшылдардың мақсаты «қазіргі билікті кетіріп, Украинада ұлттық мемлекет құру».

Топ мүшелері Януковичтің отставкасын талап етіп, «24 сағат ішінде отбасын алып, елден кетсін» деп мәлімдеді. Елдегі оппозиция жетекшілері сияқты емес, олар билікпен келіссөз жүргізуге үзілді-кесілді қарсы.

«БИЛІК ОЛАРДЫ ТОҚТАТА АЛМАЙДЫ»

«Правый сектор» «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы өздерін қолдайтындарды күреске шақырып, «тас атқыш құрал, құрыш шар, бензин, шөлмек, шынжыр мен пиротехникалар жинауға көмектесіңіздер» деп сұрады.

- Билік халыққа қарсы барлық амалды қолданып отыр, ал адамдар неге өздерін шоқпармен қорғамауы керек, - дейді «Правый сектордың» мүшесі Игорь Мазор Азаттыққа.

Көптеген украиндықтар әу бастағы бейбіт шерудің көшедегі қақтығысқа ұласып бара жатқанына алаңдайды. Екі айға созылған шеру еш нәтиже бермеді. Тарасенконың айтуынша, «украиндықтардың көбі «Правый сектордың» радикалды әдістерін қолдауға әзір».

Шерушілер полицияға от лақтырып жатыр. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.

Шерушілер полицияға от лақтырып жатыр. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.

- Янукович отставкаға кетуі керек. Оны кетіру үшін аянбайтын адамдар көп. Мен тек «Правый сектордың» мүшелерін ғана емес, жалпы Украина тұрғындарын айтып тұрмын, - дейді ол.

Украинаның үш негізгі оппозициялық партиясы Янукович пен ішкі істер министрі Виталий Захарченконы «адам өліміне айыпты» деп мәлімдеді. Ал премьер-министр Николай Азаров радикалды шерушілерді айыптап, оларды «терроршылар, қылмыскерлер» деп атады.

Азаров биліктің Украинадағы бұқаралық шеруге тыйым салатын жаңа заң бойынша әрекет етуі мүмкін екенін ескертті. Бірақ саяси сарапшылар «Правый сектор» мүшелерін көшеден қуудың соңы зорлық-зомбылықты күшейтіп жібереді» дейді.

- Олардың көздерінен ешқандай үрей көрмедім. «Беркут» оларды қуып тарата алмайды, - дейді сарапшы Тарас Березовец.

Клэр Бигг пен Александр Лащенконың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG