Accessibility links

Шегінерге жол жоқ


АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта). Киев, 22 сәуір 2014 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байден (сол жақта). Киев, 22 сәуір 2014 жыл.

АҚШ вице-президентінің Мәскеуді жазғыруы Шығыс Еуропада НАТО жаттығуларын өткізу туралы Пентагон мәлімдемелерімен тұспа-тұс келді.

АҚШ вице-президенті Джо Байденнің сейсенбі күні Киевтегі қатаң мәлімдемелерін, Пентагонның жүздеген әскери қызметшісін біріккен жаттығу және Польша мен Балтық елдерінің армияларын әскери дайындықтан өткізу үшін жіберу туралы сөзін Америка сарапшылары «Ресейге жасалған аса қатаң ескерту» деп бағалады. Жуырда Мәскеуге ықпал етудің қосымша шаралары енгізілуі мүмкін.

Джо Байден Киевте сөйлеген сөзінде АҚШ Украинаны Ресеймен тартысында сөзсіз қолдайтынын, Вашингтон Қырымды аннекциялауды мойындамайтынын ашық мәлімдеді.

– Біз, АҚШ, біртұтас Украинаны қорғауда сіздермен біргеміз. Ресейдің Қырымдағы акцияларын мойындамаймыз. Мен мұны бүкіл жауапкершілікпен мәлімдеймін, – деген АҚШ вице-президенті Ресейден Женевада берген уәдесін орындауды талап етті. – Соңғы күндері Ресейдің ресми тұлғаларының сөздерін көп естідік. Бірақ сөзден іске көшетін уақыт жетті. Алған міндеттемелерін орындай бастайтын кез келді.
Бірлескен әскери жаттығу өткізу үшін дүйсенбі күні тағы 450 сарбаз Латвия, Литва және Эстонияға келеді.


Бұл жолы вице-президенттің ескертуін Пентагон толықтырды. Пентагон өкілінің Вашингтондағы мәлімдемесіне сәйкес, Польшада өтетін біріккен жаттығуларға қатысу үшін Италиядағы әскери базадан Польшаға 150 америкалық десантшы жіберіледі. Бірлескен әскери жаттығу өткізу үшін дүйсенбі күні тағы 450 сарбаз Латвия, Литва және Эстонияға келеді. Бір айға созылуы тиіс жаттығулар мұнымен аяқталмайды. Пентагон өкілінің түсіндіруінше, АҚШ НАТО-дағы одақтастарының территориясына шағын әскери бөлімшелерін жыл аяғына дейін белгілі бір формада орналастыруды жоспарлайды. Биыл жазда Украина территориясында да осындай бірлескен жаттығулар өтуі мүмкін. Бұл жоспарлардың жалпы сұлбасы туралы өткен аптада АҚШ қорғаныс министрі Чак Хэйгель хабарлап, Вашингтон НАТО-дағы одақтық міндеттемелеріне адал екенін мәлімдеген.

Бірақ АҚШ вице-президенті Байденнің Киевке сапары аясында америкалық десантшыларды Польшаға жіберу туралы хабардың салмағы арта түсті. Мысалы, The Washington Post газеті Джо Байденнің сапарына «АҚШ Украинаның шатқаяқтап тұрған үкіметін қолдау мақсатында көмегін ұсынып, Шығыс Еуропаға әскер жібермек» деген мақаласын арнады. Газеттің жазуынша, Байден мен Пентагонның мәлімдемелері «Украинаның әлсіз жаңа үкіметін АҚШ-тың табанды түрде қолдайтынын көрсетеді».
Бұрынғы сенатор және президенттіктен бұрынғы үміткер Боб Доул де - Украинаны табандылықпен қолдауды жақтайтындардың қатарында.


Бірақ мұндай деңгейдегі қолдауға Америка депутаттарының көбінің көңілі толмайды. Олар Ақ үйден Шығыс Еуропаға бұдан да көбірек әскер жіберуді және Украинаға қару-жарақпен көмектесуді талап етеді. Көптен бері көрінбей кеткен, 90 жастағы бұрынғы сенатор және президенттіктен бұрынғы үміткер Боб Доул де аяқ астынан Украинаны табандылықпен қолдауды жақтайтындардың қатарына қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің айтуынша, Владимир Путин «Барак Обаманың шамасын байқап көріп, ол күшті көшбасшы емес деген қорытындыға келген». Боб Доул украиндарға әуелі біраз қару-жарақ беруді ұсынады.

Пентагонның бұрынғы жоғары шенді қызметкері, Виргиниядағы Лексингтон институтының вице-президенті Дэниэл Гурэ Азаттық радиосымен сұхбатында Ресейден төнген қауіп-қатердің бетін қайтаруға арналған санкциялар мен басқа шаралар жуырда сөзсіз күшейеді деген болжам айтады.

– Меніңше, қазіргі жағдайда Обама әкімшілігінде таңдау еркі қалмады. Президент Обама батыл іс-қимылдан осы кезге дейін барынша тартынса да, қандай сезімде болса да, Обама әкімшілігі енді артқа шегіне алмайды. Конгреске аралық сайлау өтер алдында президент үшін Украина дағдарысы үлкен ішкі саяси проблемаға айналды. Халықаралық проблемаларға, тіпті Сириядағы соғыс сияқты үлкен проблеманың өзіне Америка халқының онша назар аудармай келуі президентке осы уақытқа дейін көмектесті. Ал Украинадағы жағдай басқа. Бұл жерде Еуропадағы одақтастарымыздың мүддесіне, Еуропадағы қауіпсіздікке, АҚШ-тың өзінің аса маңызды мүдделеріне қауіп төніп тұр әрі америкалықтар Украинадағы жағдайды қалт жібермей бақылап отыр. Меніңше, президенттің жеке басы не ойлап, не сезінсе де, Ресейді кері шегіндіру үшін ол енді нағыз табандылық танытуға мәжбүр болады.

– Ақ үй де ескертуден әрі аспай отырған тұста экономикалық санкцияларды көбейтуден басқа тағы қандай шаралар қолданылуы мүмкін?

– АҚШ-тың қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы, қорғаныс министрі тек бірнеше жылдан кейін орнатуды жоспарлаған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыруды тездетуді ұсынды. Біз Балтық елдерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін күшейте аламыз. Ал Украинаға қару-жарақпен көмектесуіміз әбден мүмкін. Бұл өте маңызды оқиға болады.

Дэниэл Гурэнің пайымдауынша, дағдарыс ушықса, АҚШ бұдан ары жағдайдың аңысын аңдып, күте алмайды. «Өйткені Солтүстік Атланта одағы күйреп, Еуропа Ресейден төнетін қауіп-қатерге қорғансыз қалады. Еуропа да, біз де бұған жол бермейміз» дейді ол.

(Материалдың авторы - Азаттық тілшісі Юрий Жигалкин).
XS
SM
MD
LG