Accessibility links

Антисемитизм Ресейден гөрі Украинада басым


Еврейлердің дәстүрлі Жаңа жыл мейрамына келген жасөспірім. Украина, Умань, 4 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Еврейлердің дәстүрлі Жаңа жыл мейрамына келген жасөспірім. Украина, Умань, 4 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Кремль «Еуромайдан» шерушілерін, Киевтегі жаңа үкіметті «антисемит» деп айыптады. АҚШ-тағы ұйымның сауалнамасына қарағанда, еврейлерді жақтырмайтындар Ресейден гөрі Украинада көп.

Кикілжің басталғалы Ресей мен Украина бір-біріне «антисемит» айыбын тағып, оны дәлелдеуге тырысып келеді. Ал Украинадағы еврей қауымдастығының басшылары «мұның бәрі – әсірелеу» деп, тараптарды пәтуаға шақырумен әуре.

Украинаның бас раввині Яков Дов Блайх Ресейді «антисемитизм мәселесін әдейі қоздырып, арандатып отыр» деп айыптады. Кейін Донецкідегі синагогалардың бірінен табылған «еврейлер тіркеу жарнасын төлесін, төлемесе елден кетсін» деген арандатушы буклетті де ресейшілдер таратты деген болжамдар айтылған.

Ресей де есесін жіберіп жатқан жоқ. Мемлекеттік телеарна жүргізушісі эфирде «Холокостқа еврейлердің өздері түрткі болған» деген пікір айтты.

11 СТЕРЕОТИП

АҚШ-та орналасқан Anti-Defamation League (ADL, «Жала жабуға қарсы лига») коммерциялық емес ұйымы әлемдегі еврейлерге деген көзқарасты сауалнама жүргізу арқылы зерттеді. Зерттеу қорытындысына қарағанда, «еврейлерді жек көру сезімі Ресейден гөрі Украинада басым».

Сауалнамаға әлемнің 102 елінен 53 мың 100 адам қатысқан. Зерттеу тәсілі бойынша, көп ұпай жинаған елдерде антисемитизм соғұрлым күшті деген сөз.

ADL-дің Global 100 Index аталатын бұл арнайы кестесінде еврейлер туралы 11
Украинаның бас раввині Яков Дов Блайх. Нью-Йорк, 3 наурыз 2014 жыл.
Украинаның бас раввині Яков Дов Блайх. Нью-Йорк, 3 наурыз 2014 жыл.
стереотипке қатысты респонденттер пікірі берілген. 11 сұрақтан тұратын индексті бұл ұйым АҚШ-тағы антисемитизмді өлшейтін құрал ретінде соңғы 50 жыл бойы қолданып келеді.

Бұл сұрақтар «еврейлердің билігі, ақшасы және мінез-құлқына қатысты бұрыннан қалыптасқан стереотиптер негізінде» құрастырылған. Зерттеудің нәтижесі бойынша, Украинада сауалнамаға қатысқандардың 38 пайызының, ал ресейліктердің 30 пайызының антисемиттік көзқарасы байқалған.

Шығыс Еуропада «Еврейлер әлемдік бизнеске үстемдік етіп отыр деген» көзқарасты қолдайтындар көп болып шықты. Украинада да респонденттердің 56 пайызы, ал Ресейде 49 пайызы осы пікірді құптаған.

Қазақстандағы антисемитизм (32 пайыз) Украинадағыдан төмен, Ресейдегіден жоғары. Еврейлерге «қырын қарау» жағынан қазақстандықтардан әзербайжандар асып түскен (37 пайыз).

ПОЛЬША МЕН ГРЕКИЯ АЛҒА ШЫҚТЫ

Украинаның антисемиттік «деңгейі» - 38 пайыз. Бұл Шығыс Еуропадағы орташа көрсеткіштен (34 пайыз) көп. Польша 45 пайызбен «Шығыс Еуропадағы ең антисемитшіл ел» деп танылды.

Зерттеу нәтижелерін салыстырып қарағанда, Батыс Еуропадағы ең антисемитшіл ел - Грекия (69 пайыз), еврейлерге ең жақсы қарайтын ел Швеция (4 пайыз) болып шыққан.

Ал еврейлерді аса жақтырмайтын аймақ - Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка екен. Мұнда халықтың 74 пайызы антисемиттік көзқарастарды қолдайды.

Зерттеу қорытындысына қарағанда, Иран өзі орналасқан аймақта антисемитизмге ең аз «шалдыққан» ел – 56 пайыз.

(Люк Олнаттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG