Accessibility links

Қырымдағы қорқыныш пен сенімсіздік


Заир Акадыровты (ортадағы қара киімді, көзілдірікті адам) арнайы жасақ ұстап әкетіп барады.

Заир Акадыровты (ортадағы қара киімді, көзілдірікті адам) арнайы жасақ ұстап әкетіп барады.

Қырымдық блогер Заир Акадыров Ресей аннексиялаған түбектегі сөз еркіндігі мен «26 ақпан ісі» жайлы әңгімелейді.

Қырым татарлары халқының Меджлисі төрағасының орынбасары Ахтем Чийгоздың Қырымда қамауда отырғанына жуырда бір жыл толды. Өзге белсенділермен бірге оған құқық қорғаушылардың көбі және Қырым татарлары қауымы өкілдері саяси астары бар деп санайтын «26 ақпан ісі» бойынша айып тағылған.

2014 жылдың 26 ақпанында Қырым парламенті алдында Ресейдің Қырымды бөліп алуға қарсы адамдар мен жақтайтындардың үлкен жиыны өткен.

Аннексияға қарсы Қырым татарлары, Меджлис өкілдері мен украинашыл белсенділерге ресейшіл белсенділер қарсы шыққан.

Тергеу болжамынша, жиын кезіндегі кептелісте екі адам қаза тауып, 79 адам жараланған. Жергілікті құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздік туралы іс қозғады. Меджлис төрағасының орынбасары Ахтем Чийгозды «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен тұтқындап, белсенділер Мұстафа Дегерменджи, Әли Асанов, Эскендер Кантемиров, Талят Юнусов және Эскендер Эмирвалиевті «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыптаған. Кейін Ахтем Чийгозды ресейлік адвокат Николай Полозов қорғауына алған. Жуырда ол «Крым.Реалии» порталына «клиентімді адам төзгісіз жағдайда ұстап отыр әрі тергеу абақтысында оның өміріне қастандық жасауға әрекет жасалды» деп мәлімдеген.

Заир Акадыров блогында «26 ақпан ісіне» қатысты сот отырыстары жайлы жиі жазады. Қаңтардың ортасында оны полиция Қырым жоғарғы соты ғимараты жанынан себебін түсіндірместен ұстап әкеткен. Заир Акадыровтың айтуынша, арнайы жасақ қызметкерлері оны автомобильге сүйреп кіргізіп, «қарсыласатын болсаң, кісендеп, жертөлеге апарып жабамыз» деп қорқытқан. Акадыров көліктен әрең шыққан, бірақ оны полиция бөлімшесіне апарып, бір сағаттай тергеген соң ғана босатқан.

Заир Акадыров 15 қаңтарда өзін ұстаған полицейлердің үстінен тергеу комитеті мен прокуратураға шағымданған. Ол Азаттықтың Орыс қызметіне «26 ақпан ісі» мен Қырымдағы сөз еркіндігі жайлы сұхбат берді.

– Қалай ойлайсыз, полиция сізді әр оныншы адамды тексеру жөнінде берілген әлдебір нұсқау бойынша ұстады ма, әлде бұл сіздің әлдебір қоғамдық қызметіңізге байланысты ма?

– Меніңше, олар іріктеп жұмыс істеген сияқты. Оның үстіне учаскеде менімен сөйлескен капитан маған «Сіз 2015 жылдың 18 мамырында тіркелген істер базасында барсыз. Сіздің Қырым татарлары туын іліп алған автомобильдер шеруіне қатысқан кезде ұстапты» деді. Мен оған автошеруге қатыспағанымды, ОМОН қызметкерлері автошеруге қатысқан 50 шақты адамды ұстап, бөлімшеге апарғанын естіп, жағдайды бақылау үшін барғанымды айттым. Мен мұның бәрін түсіріп, видео мен фотосуреттерді блогыма жариялағанмын. Олар мені сол кезден бері бақылап жүрген тәрізді, сот отырыстарынан да көрген, бірақ ешқандай кінә тақпаған. Ал бұл жолы мені біраз сілкілеп алуды ұйғарған сияқты. Бірақ бұл жайдан жай емес деп ойлаймын. Менің аты-жөнім әлдебір тізімдерінде бар шығар.

– «26 ақпан ісі» жайлы хабарлар федералдық деңгейде мүлде аз екенін байқаймын. Ақпарат құралдарында бұл жергілікті оқиға сияқты сипат беретін сияқты. Ал Қырым БАҚ-тары бұл оқиға жайлы қандай хабар таратады?

– 2014 жылдың 26 ақпанындағы оқиғалар іс жүзінде Украинаның территориясында болған, ол кезде Қырым Ресейдің бір бөлігі емес, яғни Украинаның қарамағында болатын. Ресей құқық қорғау жүйесі мұны неліктен енді тексеріп жатқаны түсініксіз. Әлгі оқиғалар кезінде Ресей азаматтары зардап шекті деген уәж айтылады. Бірақ түбек аннексиясына дейін олар Ресей азаматтары емес еді ғой деп қарсы уәж айтуға болады. Оның үстіне, тергеу органдары жаппай тәртіпсіздіктерді Ахтем Чийгоз ұйымдастырды деп санайды. Бірақ жиын кезінде Чийгоз керісінше халықты сабырға шақырып, арынын басуға тырысқанын ақпарат құралдарында жарияланған видео мен фотосуреттер көрсетеді. Сондықтан олар процесс жайлы ашық жарияламауға тырысады. Менің білуімше, олар «айыпталушылар мен олардың туыстарынан қорыққан жәбірленушілер камера алдына шыққысы келмейді» деп сылтауратады.

–​ Қазір Қырымда қандай азды-көпті тәуелсіз жергілікті ақпарат көздері бар?

– Қазір Украинаның «Интер» телеарнасында ғана Ресей сыртқы істер министрлігі арқылы ресми аккредитация бар. Ол мұнда шетел арнасы деп саналады. Ал жалпы алғанда, аннексияға дейін мұнда жұмыс істеген БАҚ-тардың көбі кейінгі бір жарым жыл ішінде кетіп қалды. Қырымда жергілікті оқиғалар жайлы хабар таратуда белгілі бір қиындықтар бар. Мысалы, әлдебір тақарыптар бойынша журналистік тексеру жүргізу мүмкін емес, өйткені ақпараттық ресурстар жабық. Оның үстіне, тиісті құрылымдар «мұнда қандай негізде жұмыс істеп жүрсің, ақпаратты не үшін жинайсың, кімсің» деген сұрайды. Егер федералдық БАҚ журналисі болмасаң, тиісті органдар «Тыңшы емес пе екен?» деп күдіктенуі мүмкін. Сондықтан қазір Қырымда сөз еркіндігіне қатысты ахуал мүшкіл. Қырым татарларының АТР телеарнасын бір жыл бұрын жауып тастағанын өзіңіз де білетін шығарсыз. Балама ретінде билікшіл «Миллет» деген арна ашылған, бірақ онда Қырым татарлары көп емес.

–​ «26 ақпан ісіне» Қырым татарларынан өзгелер әлдебір пікір білдіріп, назар аударды ма?

Қырым татарларынан өзгелердің әлдебір баға беріп, қолдаған немесе айыптаған мәлімдемелерін байқамадым.

– Жоқ деуге болады. Жұрттың көбі қазір мұндай іс барын ұмыта бастады. Мен, мысалы, Қырым татарларынан өзгелердің әлдебір баға беріп, қолдаған немесе айыптаған мәлімдемелерін байқамадым. Жұрт көбінесе түсінбейді. Айталық, кейбір адамдармен әңгімелесе қалсаң, олар да бұл процестің мақсат-мәні неде екенін түсінбейді, неліктен Қырым татарларын, яғни бір митингке қатысушыларды ғана соттайды, неліктен жәбірленушілердің ішінде Қырым татарлары өкілдері жоқ, қарсы жиынға қатысқан «Орыс бірлігі» ұйымы өкілдері ғана бар деп қайран қалады.

2014 жылдың 26 ақпанында жарияланған идеяларды Қырым татарларының көбі қолдаған. Ал қазір бәрі үрейленіп, бұғып отыр. Шетелдік БАҚ журналистері келсе, кбі құқық қорғау органдары тарапынан қысымға ұшыраудан қорқып, олармен кездесуден бас тартады.

–​ Ұсталғандар тізімі әзірше толыққан жоқ па?

– Жоқ, қазір тергеу абақтысында үш айыпталушы отыр, үшеуі еркіндікте жүр, қателеспесем, екі немесе үш адамға сот қаулысы шығып қойды. Оларды үш жарым жылға шартты жазамен соттады. Бірақ қазір Қырымнан тысқары жерде жүрген бір немесе екі күдікті адам бар. Қазір абақтыда отырғандарға сот үкімі шыққаннан кейін оларға да айып тағылуы мүмкін. Меніңше, бұл істе қысым күшті. Өйткені әлгі жиынға 10 мыңнан көп адам қатысты ғой. Қазір фотосуреттерді, видеоархивті көтеріп, жиында кімдер болғанын еш қиындықсыз анықтауға болады. Егер адам әлдебір күдікке іліксе немесе сенімсіз, ұнамсыз жан деп танылса, оның беделіне бұл істің кесірі тиюі мүмкін. Әлгі оқиғадан кейін екі жыл өтсе де, адамдарды бұл іспен бопсалауы немесе қысым көрсетуі мүмкін.

Азаттық тілшісі Светлана Павлованың материалы орыс тілінен ықшамдалып аударылды.

XS
SM
MD
LG