Accessibility links

Киев Русі мерекесі Путин мерекесіне айнала ма?


Киев Русінің христиандықты қабылдағанына 1025 жыл толу мерейтойына арналған діни құлшылық. Мәскеу, 24 шілде 2013 жыл.
Киев Русінің христиандықты қабылдағанына 1025 жыл толу мерейтойына арналған діни құлшылық. Мәскеу, 24 шілде 2013 жыл.

Шілденің 27-сі әлемдегі православ дінбасылары Киевте жиналып Ресей, Украина мен Беларуське негіз болған ортағасырлық Киев Русінің христиандықты қабылдауының 1025 жылдығын атап өтпек.

Кейбір украиналықтар діни шаралар Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы одақтастарына ықпалын арттыру әрекеттерінің көлеңкесінде қалып қоя ма деп қобалжиды.

БАСТЫ КЕЙІПКЕРЛЕР – ПУТИН ПЕН ПАТРИАРХ КИРИЛЛ

Украина астанасы мыңдаған адамның басын қосып, аймақтың діни тарихындағы айтулы күнді атап өтуге қам жасап жатыр. Алайда діни мейрамнан басқа көңіл қобалжытар жайттар бар.

Жиын мақсаты – Ресей, Беларусь және Украина республикаларына негіз болған ортағасырлық мемлекет – Киев Русінің ресми түрде христиандықты қабылдауының 1025 жылдық мерейтойы.

Алайда кейбіреулер бұл жиынға Ресей президенті Владимир Путин мен осы елдің ықпалды дінбасы – патриарх Кирилдің келетініне алаңдап отыр. Себебі Мәскеу осы шараны пайдаланып көршілерге тізе батыра ма деген қауіп бар.
Мәскеуде өткен Киев Русінің христиандықты қабылдағанына 1025 жыл толу оқиғасын еске алу концерті. Алдыңы қатарда тұрған - Партиарх Кирилл. Мәскеу, 25 шілде 2013 жыл
Мәскеуде өткен Киев Русінің христиандықты қабылдағанына 1025 жыл толу оқиғасын еске алу концерті. Алдыңы қатарда тұрған - Партиарх Кирилл. Мәскеу, 25 шілде 2013 жыл

Украинаның Діни бостандық қауымдастығының басшысы Виктор Еленский:

- Ресей салтанатты жиынды өз сценарийімен өткізгелі жатыр, барлық шаралардың бел ортасында басты кейіпкер ретінде президент Путин пен патриарх Кирилл отырады, ал Украина президенті мен оның орынбасарларына екінші рөлдер берілген, - дейді.

Путин Украина астанасына шілденің 27-сі күні арнайы жасақталған пойызбен келеді деп жоспарланған. Осы пойызда 15 ұлттық шығыс православ шіркеуінің жоғары дінбасылары болады.

Осы пойызбен Грекияның Патры соборынан уақытша алынған Андрей Первозванныйдың кресті жеткізіледі.

«ЯНУКОВИЧТІ РАЙЫНАН ҚАЙТАРУ»

Арнайы құлшылық рәсіміне қатысып, Киевтің Печерский монастырын аралап көрумен қоса Владимир Путин Украина президенті Виктор Януковичпен екіжақты кездесу өткізібек.

Жақында Янукович биылғы қарашада Вильнюсте өтетін саммитте Еуропа Одағымен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қоюды жоспарлап отыр деген ақпарат тарады. Украинаның Еуропа Одағының құрамына өтуіне жол ашатын бұл уағдаластық Мәскеуді қатты қобалжытты.
Украиналық саясаттанушы Олег Медведев
Украиналық саясаттанушы Олег Медведев

Саяси сарапшы Олег Медведевтің айтуынша, Путин осы демалыста Януковичті райынан қайтаруға бар күшін салып көрмек. Мұндай көзқарастар текетіресі жылдар бойы жалғасуы мүмкін дейді сарапшы.

- Украина ЕО-мен бұл келісімге қол қойған күннің өзінде Ресейдің Украинаны өз жағына қайтарудан үміті үзілмейді. Бұдан кейін ұзақ та ауыр процесс басталады, яғни Еуропа Одағының әрбір мүшесінің парламенті бұл келісімді ратификациялауы керек. Осы аптадағы кездесу – Ресейдің соңғы үміті деп айта алмаймын. Алайда ресейлік қонақтар православ шіркеуін ұлықтау мерекесін Ресей империясын ұлықтау шарасына айналдырып жіберетіні анық, - деді Медведев.

«ПУТИННІҢ СИҚЫРЫ МҰНДА ЖҮРМЕЙДІ»

Осы мерейтой қарсаңында Ресей президенті православ шіркеуіне жақын адам болып шыға келді. Жақында көрсетілген деректі фильмде Путиннің советтік Ленинградта жасырын түрде шоқындырылғаны айтылады.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдарының көмегімен ол «Ұлы Русьтің» христиан дінін қабылдағанын еске салды, ал Киев Русінің астанасы болған, 988 жылы Ұлы Владимир «патшалық христиан дініне өтті» деп жариялаған Киев атауын елеусіз қалдырды.

Ресей президенті мен орыс патриархының суреттерін әжуалап, жалаңаш наразылық өткізген украиналық Femen («Фемен») феминистік тобын бұл жолы Путинге жолата қоймас.
Путинге қарсы акцияға шыққан Femen ұйымының мүшесін полиция ұстап тұр. Киев, 18 шілде 2013 жыл
Путинге қарсы акцияға шыққан Femen ұйымының мүшесін полиция ұстап тұр. Киев, 18 шілде 2013 жыл

Жақында топтың бас ұйымдастырушыларының бірі Виктор Святскийді белгісіз біреулер ауыр соққыға жыққан. Femen тобы бұл қылмыстың артында «ежелгі дұшпандары» Путин мен патриарх Кирилді келемеждейтін жаңа қойылымдар қойғызбауды көздеген қауіпсіздік күштері тұруы мүмкін деп санайды.

Осы кездесуде Путин Кремль зор үміт артатын жоба – Қазақстан, Ресей, Беларусьтың басын қосатын Кеден Одағының артықшылықтары жайлы Януковичтің құлағына құя кетуі де мүмкін. Ресей бұл одаққа Қырғызстан мен Украинаны да қосып алудан үмітті.
Путин Украинаның шекарасын кесіп өте салысымен "сиқыры" күшін жояды.

Путин егер Украина Еуропа Одағымен еркін сауда-саттық туралы келісімге қол қойса, онда Киевтің Кеден Одағындағы бақылаушы мәртебесінен айырылатыны туралы айтып сес көрсеткен. Бірақ сарапшы Виктор Небоженконың айтуынша, Мәскеу Киев Русінің мерекесі кезінде ел ішінде өзі қолданып жүрген «сиқырды» пайдалана алмайды.

- Ресейде барлығы Путиннің ығына жығылып тұрады. Ол тырнамен көкте де ұшады, суға да сүңгиді, сыни пікір айтқан блогшыны түрмеге қамап, ертесінде қайта шығарып ала алады. Бір адамды олигарх етіп, екінші бірін қайыршы жасайды. Бірақ ол Украинаның шекарасын кесіп өте салысымен "сиқыры" күшін жояды. Ресей президенті сапарының діни және геосаяси астарына қарамастан, оның жағдайды өз қалауына қарай пайдалану мүмкіндігі тым аз, - дейді Небоженко.

Материалды ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG