Accessibility links

Ресейлік БАҚ қиялындағы «Одессадағы фашизм»


«Оңшыл сектор» ұйымының фашизм мен антисемитизмді айыптаған мәлімдемесінен үзінді.

«Оңшыл сектор» ұйымының фашизм мен антисемитизмді айыптаған мәлімдемесінен үзінді.

«Оңшыл сектор» Одессадағы еврейлерді ұрып-соқты». Донбаста соғысып жатқан украиналықтарды антисемит етіп көрсету үшін ресейлік БАҚ осындай ақпарат таратты.

«Оңшыл сектор» Одессадағы еврейлерді ұрып кетті», «Оңшыл сектордың» барлық шабуылы көбіне еврейлерге қарсы» деген сипаттағы мәтіндер ресейлік баспасөзде жиі кездеседі. Солайша олар Донбаста соғысып жатқан украиналықтардың антисемитизмге жақын екенін дәлелдемек. Енді еврейлердің өздері «Оңшыл секторды» қорғауға кірісті.

Осы аптада ресейлік БАҚ-қа «Оңшыл сектор» Одессады еврейлерге қарсы соғыс ашты» деген ақпарат шықты. Ресейлік «Известия» газеті мен LifeNews және «Звезда» телеарналары осындай мәлімдеме таратты.

Олар Михаил Майман деген біреудің пікірін жариялады. Оның айтуынша, кейінгі айда «Оңшыл сектор» жауынгерлері 20 этникалық еврейді аяусыз ұрып-соққан-мыс. Майман «негізінен Одессадағы еврей диаспорасының өкілдері жапа шеккенін» әңгімелейді.

«ОҢШЫЛ СЕКТОР» САПЫНДА ЕВРЕЙЛЕР ДЕ БАР»

«Хабад Одесса» атты еврейлер қауымдастығының ресми өкілі Берл Капулкин ресейлік БАҚ-тың бұл ақпаратын жоққа шығарды. Ол «Ондай ештеңе болған емес. Одессадағы еврейлер қауымының жетекшілері арасында Михаил Майман деген адам жоқ. Тіпті мұнда ондай адамның тұратынына күмәніміз бар. Соңғы жылда Одессадағы еврейлерді біреу ұрып-соқты дегенді естімедік. Соңғы бес жылда ондай жағдай болған емес. Өткен жылы да ондай ештеңе болмады. Оның үстіне, кеше бізге «Оңшыл сектордан» хабарласып, «Біз кімді ұрыппыз? Өзіміз де таң қалдық?» деп сұрады» дейді.

Капулкин ресейлік "Информационная служба мир-24" арнасына берген сұхбатында «Оңшыл сектор» мүшелері арасында еврейлер де бар, сондықтан ұйымға айып тағу қисынсыз екенін» айтқан.

Еврейлерді ұрып-соғу туралы жаңалықтың жалған екені туралы дерек Одессадағы еврей қауымдастығының ресми сайтында да жарияланды. «Оңшыл сектор» ұйымы да өзінің «ВКонтакте» желісіндегі мәлімдемесінде мұндай ақпараттардың өтірік екенін хабарлады. Олар «Ресейлік БАҚ тағы да «Оңшыл секторға» қарсы жаппай ақпараттық шабуыл бастады» дейді.

Ұйым мәлімдемесінде: «Оңшыл сектор» Одессадағы еврейлерге қарсы соғыс жариялады» деген дақпырт ақпараттық эфир арқылы да, сайттар арқылы да тарап жатыр. Шын мәнінде, қаладағы «Оңшыл сектор» ұйымы өкілдері мен этникалық азшылықтар арасында ешқашан қақтығыс болған емес. Ақпараттық арандатуға еріп кетпеңіздер, ресейлік және ресейшіл БАҚ таратқан кез келген мәліметке мән бермеңіздер» дейді.

«Одессада еврейлерді ұрып-соқты» деген ақпараттың өтірік екенін одессалық ақын Борис Херонский де Facebook парақшасына жазды.

Еуразия еврей конгресінің төрағасы Иосиф Зисельс «ресейлік баспасөздің жалған жаңалықтары насихаттың жаман үлгісіне айналды» дейді. Оның айтуынша, «Украинада антисемитизм күшейді деген дақпырт 2004 жылы-ақ пайда болған».

Зисельстің айтуынша, «Еуропа тұрғындары «фашизм» деген сөзден зәресі ұшады. Сондықтан, мұндай манипуляция ондағы жұртқа қатты әсер етеді. Біреуді «фашист» десе бітті, одан қорқа бастайды. Яғни Еуропа тұрғындары «ол жақта бір сұмдық болып жатыр, шара қабылдау керек» деп ойлай бастайды. Сондықтан, Украина мен оны қолдайтын адамдарды ұлтшыл болсын-болмасын «фашист» атау әдетке айналды. Майданда болғандардың бәрін ресейлік БАҚ «фашист» деп сипаттайды».

Йосиф Зисельс Азаттық радиосына берген сұхбатында «Владимир Путинді қолдайтын ресейліктердің мұндай насихатқа көзсіз иланатынын» айтты.

(Азаттық мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG