Accessibility links

Украинадағы бітім бұзылды


Украинаның Луганск облысындағы ресейшіл сепаратистер майдан шебінен танкілерді әкетіп барады. 2015 жылдың қазаны.

Украинаның Луганск облысындағы ресейшіл сепаратистер майдан шебінен танкілерді әкетіп барады. 2015 жылдың қазаны.

Украинаның шығысындағы бітім шарты қайта бұзылып, бұл ел енді ашық соғыстың алдында тұр.

Қыркүйекте жаңа бітім шарты жарияланғалы сепаратистердің бас қаласы - Донецк маңайында жағдай шиеленісіп тұр, шағын қарудан оқ атылғаны туралы күн сайын хабарланатын болды.

Соңғы аптада ахуал тіпті нашарлады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) мәліметіне қарағанда, бітім режимі күшіне енген алғашқы айда екі тарап та кішігірім атыстардың болғанын хабарлап отырған. Ал қазір өзін-өзі «Донецк халық республикасы» (ДХР) деп жариялаған аймақ өкілдері Украина жағы «шабуылды үдеткенін», олардың тіпті «ауыр қару түрлерін қолданып» жатқанын хабарлады. Украина жағы да ресейшіл сепаратистердің «тамыз айындағы кескілескен ұрыс кезіндегідей қауырт шабуылдарға көшкенін» мәлімдеді.

Қарашаның 9-ы күні Украина әскерилері ресейшіл жасақтардың «52 рет шабуыл жасағанын» хабарлады. Оның ертеңінде «шабуыл саны бұдан да көп болған». Қарашаның 11-і күні түскі сағат 12-ге дейінгі мәлімет бойынша, «кейінгі тәулік ішінде бір украин солдаты мерт болып, бесеуі жараланған». Мұны Украина қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы хабарлады.

Қазір тек Донецк түбінде ғана ұрыс жүріп жатқан жоқ. Өткен аптаның ішінде майдан шебіндегі негізгі елдімекендерге, соның ішінде сепаратистердің бақылауындағы Горловка селосына, Луганск аймағының Счастье қаласына және Азов теңізі жағалауындағы Широкино селосына шабуыл жасалған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Донбасқа көмек

Қарашаның 11-і күні таңертең Украина қорғаныс министрлігі Луганскінің шығысында Ресей шекарасынан бастап Мариуполь қаласының түбіне дейін, яғни бүкіл майдан шебінде атыс жүріп жатқанын хабарлады.

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҚАРУЛАР ҚОЛДАНЫЛЫП ЖАТЫР

Қарашаның 10-ы күні Украина әскерінің бас штабы «Ресейдің бұл аймаққа танк жіберіп жатқанын» мәлімдеді. «20 танк Донецкінің орталығына жеткізілсе, төрт танк қаланың батысына, майдан алаңына жақын маңайға апарылған». Сол күні Широкино селосында соғысып жатқан жаяу әскер сарбаздары телеарна журналистеріне «мұнда танкілердің келгенін және ресейшіл сепаратистердің жойқын шабуыл бастағанын» айтты.

Украина жағы сепаратистер Луганск аймағындағы Попасная қаласын шабуылдағанда Минск келісімі бойынша пайдалануға тыйым салынған «120 миллиметрлік минометтерді қолданғанын» хабарлады. Бұған қоса, Украина әскерилері «BMP-2 жаяу әскер көліктерінің және SPG-9 қаруларының қолданылғанын» мәлімдеді.

«ГРАД» АТҚАН КІМ?

Қарашаның 10-ы күні ресейшіл жасақтар Новозвановка селосының маңында Украина әскері шебін екі рет бұзып өтпек болған. Киевтің мәліметі бойынша, сол соғыста «сепаратистердің бірнешеуі жараланған, арасында қаза тапқандар да бар».

Жазда кескілескен майдан алаңы болған Старогнатовка селосының маңында да атыс болғаны хабарланды. Шағын қару мен граната шабуылы кезінде Украинаның бір солдаты жарақат алған.

Донецк ауыл шаруашылығы өндірісі институтының Пески қаласындағы (Донецк облысы) ғимаратының қазіргі қалпы. ()

Донецк ауыл шаруашылығы өндірісі институтының Пески қаласындағы (Донецк облысы) ғимаратының қазіргі қалпы. ()

Сепаратистер жағы Украина армиясының Донецк маңын «Град» зымырандарымен атқылағанын» бірнеше мәрте хабарлады. Әдетте осы қарумен атқылаған соң кескілескен соғыс басталады. Тамыз айында Донецк облысының оңтүстігінде болған ұрыс кезінде ресейшіл жасақтар осы «Градты» қолданған.

Арада бірнеше күн өткенде ЕҚЫҰ-ның арнайы бақылау миссиясы сепаратистердің бақылауындағы Старомихайловка селосында және Донецк қаласының Куйбышев ауданында «Град» зымыранының қолданылғанын ресми түрде растады. Бақылау миссиясының дерегіне қарағанда, «зымырандар солтүстік-батыстан, яки Украина әскері бақылауындағы аймақтан» атылған.

ДХР баспасөз хатшысы Украина әскерінің Старомихайловка селосын «Град» зымырандарымен «үш дүркін атқылағанын» айтты. Кейбір болжамдар бойынша, бұл гранаталарды жылжымалы «Град-П» құрылғыларынан, болмаса бір кісілік ату құралынан Ресейдің немесе сепаратистердің диверсанттары атқан болуы да ықтимал.

ҚОЛ ҚОЙҒАН БЕТТЕ БҰЗЫЛҒАН КЕЛІСІМ

Мұнан бөлек ресейшіл сепаратистер Украина әскерінің биыл ақпан айында Ресей солдаттары басып алған Дебальцево қаласындағы майдан шебін қарашаның 10-ы күні «бұзып кіруге әрекет жасағанын» айтты. Киев бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ал қарашаның 9-ы күні Украинаның «Новости Донбаса» сайты демалыс күндері украин сарбаздарының «Зайцево селосындағы біраз жерлерді қайтарып алғанын» хабарлады. Мұны Украина әскерінің өкілі растаған. Ресей ақпарат құралдары да осы аймақты «белгісіз қарулы топтың бақылауға алғанын» хабарлады.

Кімнің бастайтыны белгісіз, бірақ Донецкіде күн сайын атыс болып жатқанын жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы хабарлап отыр.

Әскери техника үстінде отырған Украина сарбазы. (Көрнекі сурет)

Әскери техника үстінде отырған Украина сарбазы. (Көрнекі сурет)

2014 жылдың қыркүйек айында, атысты тоқтату туралы Минск келісіміне қол қойыла салысымен Ресей солдаттары мен олардың жақтастары оны бұзған еді. Содан бері «бітім» деген сөздің қадірі кеткен.

Ресей тамыз айында аймаққа заңсыз басып кіргеннен соң Франция, Германия, Украина және Ресей бітім шартына қол қойған. Бұл шарт аймақта тұрақты бейбітшілікті қалыптастырудың алғашқы қадамы болар деген үміт басым еді.

Алайда содан бері соғыс тоқтаған емес. Ресей жаңадан қару жіберуді доғарған жоқ. Көп ұзамай Ресей мен оның жақтастары шабуылдаушы құралдарды пайдаланып, ресейшіл жасақтардың бақылауында тұрған ең ірі әрі маңызды қала – Донецк маңындағы жаңа аймақтарды басып алды.

Ақпанда Минскіде тағы шартқа қол қойылғаннан бірнеше күннен кейін Ресей әскері стратегиялық тұрғыдан маңызды қала - Дебальцевоға басып кірді. Сөйтіп екінші бітім шарты да бұзылды. Одан кейінгі айларда Ресей әскері майдан шебінің дәл іргесінен шабуылдаушы базаларын салды әрі олардың танкілері мен ауыр қару түрлері Минск шарты бойынша тыйым салынған аймақта әрлі-берлі жүрді.

«РЕСЕЙ ӘСКЕРИ КӨМЕГІН ҰЛҒАЙТТЫ»

Ал қыркүйектегі бітімнің барысы алдыңғылардан өзгеше - көбіне шашыраңқы, кішігірім атыстар болды. Мәскеу мен ресейшіл сепаратистер Донбасс аймағындағы жағдайды қалпына келтіру жолында ынтымақтаса бастады.

Олар неге бұлайша тынши қалды? Кейбір сарапшылардың айуынша, Ресей президенті Владимир Путин Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына қатысар алдында «бейбітшілік сүйгіш» адам болып көрінгісі келген. Кейін Ресей әскері Сирияның солтүстігіндегі АҚШ-тың қолдауына сүйенетін жасақтарды бомбалай бастағанда сарапшылар «Мәскеу енді Украинаны тастап, Сирияға ойысты» деген болжам жасады.

Ресейшіл сепаратистер әскери техникаларын Донецк қаласынан шығарып, осы облыстағы Зелене селоасына әкетіп барады. 28 қазан 2015 жыл.

Ресейшіл сепаратистер әскери техникаларын Донецк қаласынан шығарып, осы облыстағы Зелене селоасына әкетіп барады. 28 қазан 2015 жыл.

Ал ЕҚЫҰ «бітім шартына қарамастан, Ресей сепаратистерге әскери көмегін ұлғайтқан үстіне ұлғайтып жатыр» деп ескертумен болды. ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Ламберто Занньер тіпті «олардың [сепаратистердің] неге аяқ астынан ымырашыл бола қалғанын Ресейден сұраңдар» деп құлаққағыс етті.

Екі жақтың да «бітім шартын бұзды» деп бірін-бірі айыптап, алғы шепке ұмтылуы онсыз да қадірі кеткен Минск келісімінің болашағын одан сайын бұлыңғыр етіп жіберді. Ал үнемі жаңа шабуылдарды бастап отырған заңсыз жасақтар өз әрекеттерін ақтау үшін түрлі оқиғаларды ойлап табуға көшті.

ҮШ ШАРТТЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫ ОРЫНДАЛҒАН ЖОҚ

Жағдайдың не себептен қайта ушыққаны жайлы әртүрлі долбар жасауға болады. Соңғы екі апта ішінде Украина жағы бітім шартының бұрынғыдан да көп бұзылғанын хабарлады. Украин әскерінің атынан «Град» зымырынының қолданылуы жағдайды қатты ушықтыратыны анық. Ресейшіл сепаратистер украин әскерін «агрессор» деп айыптап отыр. Соғыс кезінде кімнің рас, кімнің өтірік айтып отырғанын ажырату қиын. Ұзақ мерзімді бақылаушылардың айтуынша, қос тарап та қыркүйекте бітім шартына қол қойылғалы қантөгісті азайтуға тырысқан.

Басты мәселе - бітім шарты әрдайым тұрақты бейбітшілік орнату процесінің алғашқы қадамы саналады. Украина мен Ресей арасындағы уағдаластықтың бәрі осыдан 14 ай бұрын қол қойылған бірінші Минск шартынан бастау алады. Онда Украина заңдары бойынша жергілікті сайлау өткізу, саяси тұтқындарды босату, шекараны бақылау міндетін Украинаға қайтару сияқты негізгі үш шарт бар. Әзірге бұл үш шарттың ешқайсысы орындалған жоқ. Украина жерінде Ресей әскері жүргенде оның шекарасын украиндар күзетеді дегенді елестету де мүмкін емес. Минск келісімінің шарттары жүзеге аспайынша Шығыс Еуропаның бір қиырында жүріп жатқан соғысты тоқтатудың да ауылы алыс болмақ.

Джеймс Миллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG