Accessibility links

Өз еліне өкпелеген орыстар Украинаны паналайды


Ресей мен Украина паспорттары

Ресей мен Украина паспорттары

Саяси репрессия мен бизнес климаттың бұзылуынан қашып, Украинаны паналап жатқан ресейліктер көбейіп келеді. Азаттық Украинаға көшкен Ресей азаматтарынан көшу себебін сұраған еді.

Владимир Малышев, Украинадан саяси баспана сұраған азаматтық белсенді, 44 жаста.

"Баспананы басқа бір елден сұрауға да болар еді, бірақ саяси себептермен Украинаны таңдадым. Саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да алғашқы бір-екі жыл өте қиын болатынын сеземін. Бірақ ол қиыншылықтарды осы елмен бірге көтеруге әзірмін. Сонда ғана менің бұл елде тұруға моральдық құқығым болады. Осында жұмысқа тұруды жоспарлап, «Майданды» баяндайтын фильмнің сценариін жазып жатырмын.

Елдің шығысында болып жатқан оқиғалар мені қатты толғандырады. Қазіргі ең басты міндет – соғысты тоқтату. Осы мақсатта Порошенко бастаған шараларға көңілім толады. Майданға қатысқан адам ретінде білемін - егер Порошенко реформаларды жүзеге асырмаса, онда оған халық өзі кіріседі. Мен тілдескен билік өкілдері 2004 жылғыдай жайбарақат жүр. Бәлендей өзгерістер бола қоятынына сенбейді. Бірақ олар қателеседі. Шығыстағы мәселе шешіле салысымен, билік өкілдеріне де жауап беретін кезек келеді".

Алексей Иванов, 42 жастағы бизнесмен, «Родина» ұлтшыл партиясының Екатеринбург филиалының бұрынғы басшысы.

"Өркениетті ұлтшылдық ең алдымен ұлттық өнім өндірушілерді – шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауы керек. Үстемесі төмен несие беруге, кәсіпкерлікке лайықты жағдай жасауға ұмтылса керек-ті. Бірақ қазір «Родина» партиясы мұндай идеяларды тыңдағысы да келмейді. Олар ғарышты зерттеу, Антарктикада жер астындағы қалалар салу сияқты ақылға сыймайтын қияли жобалар туралы әңгіме қозғай береді. Ресейде құдды бір содан басқа шаруа қалмағандай.

Алексей Иванов

Алексей Иванов

Өкінішке қарай, Қырымдағы оқиғалар Ресей ұлтшылдығының империалистік сипатын айқын көрсетті. Дәл қазіргі жағдайда мен өзімді Ресей ұлтшылымын деуге аузым бармайды. Қазіргі ұлтшылдар Путиннің әрбір әрекетін көздерін жұмып, еліре қолдап отыр.

Өзімді революциялық пиғылдағы адамдар қатарына жатқызбаймын, эволюцияны қолдаймын. Меніңше, Ресей бір орында, тоқырап тұр. Киевтен ниеттес, ежеттес адамдар таптым. Енді бұрынғыдан батылырақ еңбек еткім келеді. Ал Ресейдегі заңды-заңсыз қадағалаушылар сіздің бизнесіңізді дамытпау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Қазір Интернет технологиясы саласында жұмыс істеп жүрмін. «ВКонтакте» жобасының авторы Павел Дуровтың елден кетуі ненің аңғартты? Бұл оқиға Ресейдің бизнесіңді белгілі бір дәрежеге дейін дамытқан соң, ішкі ісіңе араласып не ресми адамдарды әріптес етіп қасыңа қосақтап қоятын озбыр саясатын көрсетті. Бұл маған ұнамайды.

Меніңше, Ресей мен Украинаға ортақ бір мін бар. Ол – Совет заманынан мұра болып қалған бюрократия. Біз бюрократияны қоғамнан сығымдап шығаруымыз керек. Сонда ғана Украина осы бір кеселден айығады.

Бәлкім Порошенко Саакашвили сияқты романтик әрі радикал саясаткер емес шығар, бірақ ол халықтың талап-тілегін түсінетін тәрізді. Меніңше, украиналықтар оны осы өзгерістерді жасауға көндіреді. Оның басқа жолы жоқ. Олай болмаса, ол бірнеше айдың ішінде-ақ саяси банкрот болып, жаңа бір «Майдан» басталады.

Украина – Ресей қоғамына жол көрсетуші. Егер Украинада барлығы жақсы болса, онда бұл Ресей азаматтарына да ой салады.

Иван Симочкин, 45 жастағы азаматтық белсенді. Украинадан саяси баспана сұраған.

"Ұлтым – орыс. Украинаның оңтүстігінде, орыстілді қала – Херсонда туып-өстім. 17 жасымда Мәскеуге көштім, сонда 30 жылдай тұрдым. Бұл – саналы өмірімнің біраз бөлігі. Мәскеуде үйлендім, екі қызымды нағыз мәскеулік етіп тәрбиеледім. Екі ел арасында шекара сызылса да, менің екі отаным болды, олар – Ресей мен Украина. Менің Ресей-Украина деген егіз отанымды ешкім ешқашан ажырата алмайды дейтінмін. Бүгін соның куәсі болып отырмын.

Иван Симочкин

Иван Симочкин

1941 жылғы маусым айындағы нацистердің әрекеті сияқты Ресей ақпан айында Украинаға басып кірді. Содан бастап Ресей мен үшін «өлді». Херсон төрт ай бойы майдан өтінде қалды. Мұнда балалық шағым өткен, шешем әлі осында тұрады. 100 километр жерде ғана оккупацияға ұшыраған Қырымның шекарасы жатыр. Аймақта Ресей әскері бықып жүр.

Төрт ай бойы таң атса болды компьютерге жүгіріп, басқыншылар танк кіргізбеді ме екен, туған қаламды бомбалап тастамады ма екен деп үреймен өмір сүрсең, барлық құндылықтарың електен қайта өтеді екен.

Украинадағы отандастарымды күн сайын өлтіріп, адамдарды кепілдікке алып, азаптап отырған, отанымның жерін басып алып, тонап жатқан елмен ешқандай байланысым болмағанын қалаймын. Ресейден жерідім. Халқының басым бөлігі агрессияны қолдап-қоштап отырған ұлттың бір бөлшегі болып қалғым келмейді. Қаным орыс болғанмен, бұдан былай Ресей азаматы бола алмаймын. Мен енді Украинаның орысымын. Мүмкіндігінше тездетіп Ресей азаматтығынан бас тартып, Мәскеуден кетіп, туған қалам – Херсонға біржола көшсем деймін.

Андрей Кузнецов, 31 жаста, Санкт-Петербургтегі Ұлттық Демократиялық Альянстың тең төрағасы, #Orange әлеуметтік желісінің негізін қалаушы. 16 маусым күні Украинадан саяси баспана сұрады.

"Өмірімді әп-сәтте өзгертіп жіберуге дайын емеспін, бірақ Украина қоғамы біздікімен бірдей десе болады. Мұнда тіл мәселесі жоқ, сондықтан, бұл қоғамның тең мүшесі болып кету қиын емес. Ұзақ уақыт бейімделудің қажеті жоқ. Борисполь әуежайына келген бетте Украинадан саяси баспана сұрап, өтініш жаздым. Осында 12 сағат бойы қаңтарылып отырдым, қауіпсіздік қызметкерлері не істейтіндерін білмей дал болды. Ақыр соңында олар мені турист ретінде елге кіргізіп, саяси баспана сұраудың жолдарын көрсететін БҰҰ сайтына сілтеме берді.

Киевте жүрген екі аптада бұл қалаға бауыр басып қалдым. Мұнда Ресейдегідей шектеулер жоқ, мұнда өмір сүру ыңғайлы, ешкім мені «Ресей азаматысың» деп көзге шұқымайды. Мұнда Ресейдегіге қарағанда өзіңді адам ретінде танытуға мүмкіндік әлдеқайда көп. Сөзімді шектемей, ФБР сұрақтың астына алады деп қорықпай, блогымды емін-еркін жүргізе аламын. Ресейден кеткендегі мақсатым да – өсу және даму болатын".

Олег Шро, 38 жаста, физика-математика ғылымдарының кандидаты

"Брянск мемлекеттік университетінің Новозыбков қаласындағы филиалында жұмыс істеп жүргенімде директордың міндетін атқарушымен арамызда кикілжің болды. Сөйтіп, Украинаға көшемін деп бірақ кестім. Себебі мұнда басқа елге қарағанда жүрген ортаңа сіңісу, бейімделу әлдеқайда оңай. Қазір босқын мәртебесін алуға әрекеттеніп жатырмын. Бұл процесс жарты жылға созылуы мүмкін екен. Бұл – ең күрделі кезең, өмірімде ешқашан мұндай қиындықты бастан өткізбеппін.

Олег Шро

Олег Шро

Әскери қақтығыстар болып жатқан Украина қазір өте ауыр кезеңді бастан кешіп отыр. Дегенмен, бұл елдің болашағы зор. Ол өз күшін пайдалана ма, жоқ па – нақ айту ерте. Бұл жерде Батыс елдерімен арадағы қарым-қатынас үлкен рөл ойнамақ.

Мұнда халықтың ресейліктерге деген ашу-ызасы артып келеді. Осы кезге дейін украиналықтар Ресеймен жақсы болып келген, бірақ қазір олар психологиялық тұрғыдан Ресейді жек көре бастады. Бұлары орынды, дегенмен, өкінішке қарай, бұл кейбір отбасылардың тағдырына әсер етіп жатыр. Кейбір адамдар Ресейдегі позициясы сәйкеспейтін туыстарымен араласудан бас тартқан.

Алексей Барановский, 31 жастағы журналист

«Коммерсант-Украина» басылымында жұмыс істеп жатқанмын. Бұл газет жабылған соң Ресейге қайтқым келмей қалды. Мұнда әлдеқайда қызық. Елде аса маңызды әлеуметтік трансформация жүріп жатыр, азамат ретінде де, жүрналист ретінде де мен үшін осыны бақылау өте қызықты.

Мұнда журналист болып жұмыс істеу өте оңай, себебі бұл елде ақпарат нарығында бәсеке көп. Жалақы Ресейдегіден аз болғанымен, сөз бостандығы көбірек және әркім өз көзқарасына сай келетін ақпарат құралын тауып, сонда жұмыс істей алады.

Киевте Ресейден келген оппозициялық журналистер мен Ресейден көшіп кеткен әлеуметтік белсенділер бір қауым ел болып қалды. Бұл большевиктер билігінен қашқан ресейліктерге қол ұшын беретін ұйымдар жаппай Берлин мен Парижге және басқа да Еуропа қалаларына ағылған 1920-30 жылдарды еске түсіреді.

Бұл үрдіс жалғаса беретін шығар. Жақын арада Ресей оппозициясының нағыз орталығы Мәскеуден Киевке ауысады.

(Дмитрий Волчектің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG