Accessibility links

Украинадағы Ресей солдаттары


Киев бірнеше айдан бері ресейлік солдаттардың Украинаға кіріп, соғысып жатқанын айтып келеді, cоңғы күндері оның бұлтартпайтын дәлелдері де пайда болды.

Украинада ресейлік солдаттар қолға түсіп жатыр, олардың ішінде қаза тапқандары да бар болуы мүмкін.

«ШЕКАРАДАН БАЙҚАУСЫЗДА ӨТТІ»

«Бұның бәрі кездейсоқтық». «Ресейлік десанттардың бір тобы Украинаға қалай өтіп кетті?» деген сауалға Мәскеу осылай ресми жауап қайтарды. Волга өзенінің солтүстік жағасында орналасқан Кострома қаласының әскери бөлімшесінде борышын өтеп жүрген солдаттарды Украина әскерилері тұтқынға түсірген.

Олардың тергеу кезінде айтқандарының біраз бөлігі интернетте жарияланды. Өз әрекетін мойындауға мәжбүр болған ресейлік солдаттар «жетекшілерінің шындықты жасырғанын, оқу-жаттығу шарасына апарамыз деп алып шыққанын» айтады.

Бұл бейне көрініс бірнеше ай бойы «Мәскеу ресейшіл сепаратистерді әскери техника және жауынгерлермен жабдықтап келді» деген тұжырымның растығын дәлелдейді. Ресей оны осы уақытқа дейін мойындамай келген.

Украина билігі қолға түсірген 10 десантшының бейне көрінісін жариялап отыр. Киевтің айтуынша, олардың бәрі ресейлік азаматтар.

Осы кезге дейін Украина жанама дәлелдерге сүйеніп келген еді. Бірақ Киев сепаратистерге тойтарыс бере бастаған соң Мәскеу де көмекті күшейтіп, тамыздың ортасынан бері оның белгілері анық байқалып қалып жүр.

Тамыздың 14-і күні ұлыбританиялық екі газеттің журналистері Ресей шекарасынан Украинаға кірген жүк керуенін көргенін хабарлады. Мәскеу тілшілердің мәлімдемесін «жалған» деп шықты. Келесі күні Украина президенті Петр Порошенко украин әскері ресейлік жүк керуенін «жойды» деп мәлімдеді. Мәскеу бұны да дәлелсіз, тексерілмеген, «қияли әрекет» деп атады. Ресейлік БАҚ дерегі бойынша, тамыздың 25-і күні Псков қаласында екі десантшы құпия түрде жерленген.

Енді Украина билігі қолға түсірген 10 десантшының бейне көрінісін жариялап отыр. Киевтің айтуынша, олардың бәрі ресейлік азаматтар.

Украина шенеуніктері төрт десантшыны тергеп, олардың сөздерін тамыздың 26-сы күні жариялады. Жеке-жеке түсініктеме берген жас жігіттердің беттері аздап іскендей көрінеді. Олардың жауабы тұтқынға алған тарапты қуантпай қоймайды.

ПСКОВТАҒЫ ҚҰПИЯ ЖЕРЛЕУ

Украинада ресейлік әскерилердің бар екенін алғаш рет мойындаған Мәскеу тұтқындардың расымен де өз жауынгерлері екенін растады, бірақ "олар Украинаға кездейсоқ кіріп кеткен" деп ақталды. «Олар шекараны арнайы белгі қойылмаған, жарақтандырылмаған жерден байқаусызда кесіп өткен және Украинаның қарулы күштеріне қарсылық көрсетпеген» деді РИА-Новости агенттігіне Ресей қорғаныс министрлігінің бір өкілі.

Киев солдаттарды тұтқындаған Амвросиевка маңындағы шекараны жерсерігінен қарағанда көп бөлігі қоршалғаны байқалады, бірақ аздаған тар саңылаулар да бар.

Псков маңындағы ресейлік әскери көліктер. Көрнекі сурет

Псков маңындағы ресейлік әскери көліктер. Көрнекі сурет

Ресейліктер түсініктеме берерден бір күн бұрын Псков қаласында (Украиананың сепаратистер бақылап отырған шығыс шекарасынан 1600 шақырым қашықтықта орналасқан) жасырын жерлеу өтті. Тәуелсіз Slon.ru сайты мен жергілікті «Псковская губерния» сайтының жазуынша, отбасылары Леонид Кичаткин мен Александр Осиповты жерлеген.

Православ кресі қойылған екі орыс жігітінің суреті бар моланың арақашықтығы 10 метрдей ғана – екі бейітке де шеңбергүл қойылыпты. Құлпытастағы жазуда Осиповтың 20 тамыз, ал Кичаткиннің 19 тамыз күні дүниеден өткені жазылған.

Олардың қалай, неден опат болғаны туралы дерек жоқ. «Интер» телеарнасының журналисі 21 тамыз күні өзінің Facebook парақшасына суреттер салыпты, ондағы құжаттар мен қару-жарақтарды Луганскідегі соғыстан соң қолға түскен дүниелер деп таныстырады. Журналист материалдардың Псков дивизиясының десантшыларына тиесілі екенін дәлелдеп, олар Украинадағы соғыста қаза тапқан деп жазады.

НОВОАЗОВСКІДЕГІ СОҒЫС

Суреттердің арасында Псков десантшылар дивизиясында қызмет еткен Илья Максимовтың жүргізуші куәлігі бар. Ресейдің оңтүстігіндегі Саратов қаласынан журналистерге сұхбат берген оның анасы Любовь Максимова 17 тамыздан бері ұлымен байланыстың үзілгенін айтады. Ол анасына Украинаның шығыс шекарасына жақын қала – Ростовта әскери операцияға қатысатынын айтқан.

Любовь Максимова, Саратов тұрғыны

Любовь Максимова, Саратов тұрғыны

ЕО бітімгерлік жасап, 26 тамыз күні Минскіде Ресей президенті Владимир Путин мен Порошенконы кездестірді. Олар сәуірден бері 2000 адамның ажалына себепкер болған қарулы қақтығысты тоқтату жолдарын талқылауға тырысты.

Бірақ Киев десантшылардың мәселесін шеше алмай отырғанда, сепаратистер басып алған украиналық Новоазовск қаласында жаңа соғыс басталды. Азов теңізінің бойында орналасқан, Ресейден нәбері 12 шақырым қашықтықта жатқан қала Украинаның Мариуполь қаласына, одан әрі наурызда Ресейдің қармағына өткен Қырымға апаратын жолдың бойында тұр.

Киев өз жағындағы шекарадан қаланы атқылады деп Ресейді айыптады, Украинаның Азов батальонының командирі 25 тамыз күні Facebook парақшасына 50 броньдалған техникадан құралған тізбек Украина аумағына кіріп, Мариупольге өтпек болды деп жазды.

Нақтыланбаған дерек бойынша, Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз-хатшысы Андрей Лысенко ресейліктердің шабуылдау кезінде тікұшақ қолдана бастағанын, төрт шекарашысының оққа ұшқанын хабарлады.

Лысенко Мәскеудің десантшылар туралы мәлімдемесіне сенбейді. «Бұл қателік емес, әдейі істелген әрекет. Ресейдің әскери басшылығы өз істері жайлы ойлануға тиіс» дейді ол.

Глен Кейтстің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG